Жыл сайын орта және жоғарғы білім ордаларының орта есеппен 70 мыңнан астам түлегі жұмыспен қамтылмайды, екі қолға бір күрек тапқандардың 40,1%-ы мамандығы­мен жұмыс істемейді, ал жоғары білімі бар жұмыссыз жастардың 23%-ы біліктілігі төмен жұмысқа ор­наласады.
«Курстан» «курсқа» секіріп...
770
оқылды

Еңбек ресустарын дамыту орталығы «Қазақстанның еңбек нарығы: жаңа реалия жағдайындағы даму» деп аталатын зерттеуінде осындай деректер келтіріп, оның бірнеше себебін атайды. Мәселен, жылда шамамен 225 мың адам кәсіптік білім алып, еңбек нарығына араласады екен, алайда олар лайықты еңбекақы, өнімді жұмыспен қамтамасыз етілмейді. «Көбіне білімнің төмен сапасына байланысты олардың жұмысқа орналасу келешегі бұлыңғыр» делінген зерттеуде. Тағы бір мысал. Елімізде азаматтарға ресми білім беруді ұсынатын оқу орындарының саны көп: 774 колледж (57% мемлекеттік) және 129 ЖОО. Олардың көптігіне байланысты оқу орындары қазіргі заманғы өндірістің қажеттілігіне қарай материал­дық-техникалық базаны жаңарту үшін жеткілікті қаржыландыру ала алмайды. Бұ­дан басқа, өңір шегінде оқу орындарында кадрлар даярлау бір мамандықтар бойынша жүзеге асырылады. Мысалы, Алматы об­лы­сындағы колледждердің 26%-ы «Дәне­кер­леу ісі» мамандығы бойынша білім бе­реді. Осы орайда, бүгінгі жұмысшы жастардың арасындағы жиі кездесетін құбылыс – академиялық білім алудан гөрі қысқамерзімді курс оқып, лайықты жалақыға жұмыс істеу ілгерідегі мәселеге «жақсы» параллель бола алады.

28 жастағы Назым Жайлаубек Алматы техникалық университетінде жоғары білім алған, мамандығы – технолог. Университет бітірген соң, өз саласында жұмыс таба алмай, фастфуд дәмханасында сатушы болып істеуге мәжбүр болған. 

«Университетте азық-түлік өндірісінің технологы мамандығына 4 жыл ақылы бөлімде оқыдым. Бұл салаға қызығып, өзім таңдап түскен едім. Бірақ оқу бітірген соң жұмыс таба алмадым. Сүт өнімдерін дайындайтын бірнеше фабриканың есігін тоздырдым. Алдымен ақысы төленбейтін тәжірибеден өтесіз дейді де, 3-4 айлап жұ­мысқа алмай жүріп алатын. ЖОО бітірген соң 2 жылға жуық жұмыссыз жүрдім, стажировканың соңы көрінбейтін еді. Ата-анам Алматыда тұрады, жол пұлы, ішіп-жегеніме солардан ақша алатын едім. Басшылыққа уәжіңді айтып, жұмыс сұрай барсаң, университетте сендерге ештеңе үйретпеген, толыққанды маман болу үшін әлі де тәжірибе жинақтап жүре тұру керек деген сыңайда жауап айтатын еді. Сөйтіп, әке-шешеме масыл болудан ұялып, кезіккен жұмысқа келісе кеттім. Әне-міне дегенде қызмет көрсету саласында жүргеніме 4 жылдан асты: сатушы, кассир, әкімші болдым. Қазір кадр бөлімінде тә­жірибе жинақтап жүрмін. HR-менеджердің міндеттерін үйрететін 2 айлық қысқа­мерзімді курс оқып алдым. Жарты жылдан кейін біліктілікті арттыратын бір айлық тағы бір курс оқимын, сонымен дайын маманмын. Жеке компанияда қызмет етемін, жалақым 480 мың теңге», – дейді Назым. 

Жастардың еңбек нарығындағы үрдістер, сұранысқа ие мамандықтар ту­ралы жеткілікті ақпараты болмағандықтан, көзқарасы көбіне бейресми мәліметтер мен туыс-достарының негізсіз пікіріне сүйенуден басқа амалы жоқ. Еңбек ресус­тарын дамыту орталығының зерттеуіне сүйенсек, мамандық таңдауда әрбір төртінші жасөспірімге ата-анасы ықпал етеді екен (23,7%), тағы 6,4%-ы оқу гранты­ның болуына, 4%-ы достарының ұсынысына сүйенеді. Яғни, жұмыс істейтін және оқитын жастардың үштен бірінен астамы мамандығын өзі таңдамайды.

Тағы бір тұздық. GorodRabot.kz бос жұ­мыс орнын іздеу жүйесі жүргізген сауал­намаға сәйкес, еліміздегі ата-аналардың көпшілігі балаларының жеке бизнес ашқанын, қаржылай тәуелсіз болғанын немесе IT, медицина, мемлекеттік қызмет, білім беру және қаржы саласында жұмыс істегенін қалайды. Өйткені бұл салаларда жалақы жоғары деп ойлайды. Осыған байланысты білім беру жүйесінде гу­манитарлық бағытты таңдауда басымдық бар. Техникалық мамандықтар бойынша гранттар саны жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, жастар əәлі де басқа салаларды таңдайды және тіпті ақы­лы оқуға дайын. 2020 жылы ЖОО түлектері­нің 72%-ы және колледж түлектерінің 50%-ы гуманитарлық және əәлеуметтік ғылымдар, медицина, білім беру, өнер, эко­номика және қызмет саласындағы ма­ман­дықтар бойынша оқу бітірді. Нәтиже­сін­де, түлектер өз қалауынсыз мамандық таңдап, ол салада жұмыс істей алмайды. Әрі өз əәлеуетін толық іске асыра алмай, білім ордасында үйренген дағдысы мен білімі уақыт өте ескіреді және  еңбек нарығында бəсекеге қабілетсіз болып қалады.

Шымкент тұрғыны Дәурен Қажы­кен­нің де дипломы бар, алайда өз маман­дығымен жұмыс істемейді. 

«2016 жылы Алматыдағы Satbayev уни­вер­ситетіне оқуға түстім. Онда инженерлік желілер мен жүйелер мамандығын мең­геруім керек еді, 3-курстан кейін оқудан шығып кеттім. Өйткені бұл саланы таңдағым келмеген еді, әкем табандап тұрып алды. Кейін Шымкентке қайтсаң да, жұмыс табуың оңай болады деген уәж айтты. Оның үстіне мемлекеттік грант иегері едім. Хош деп тәуекел еттім. Десе де, бұл мамандыққа мүлдем қызығушылығым оянған жоқ. Үш жылымды бос өткізіп, ақыры оқуды тастадым. Қазір графикалық дизайнмен айналысамын. Бұл саланы тез меңгеріп алдым, Алматыда дизайнды үйрететін курс көп, 220 мың теңгеге соның бірін – 6 айлық курс оқып алдым. Қазір Шымкентте тұрамын, фриланста жұмыс істеймін. Еліміздің бірнеше қаласынан тапсырыс аламын, орта есеппен айлық табысым 500-600 мың теңге. Болашақта осы салада дамығым келеді. Алайда ол үшін университетке түсу қажет емес, тіл үйреніп алсаң тіпті шетелдік қысқамерзімді курс­тарды оқи аласың. Қазір ЖОО қабырға­сында ғылыммен айналысамын демесең, бір мамандықты меңгеру үшін төрт жыл жүріп, зая уақыт кетірмеуге болады. Оның үстіне қазіргі уақытта автоматтандыру мен цифрландырудың нәтижесінде көптеген мамандық жойылып барады. Болашақта төрт жыл академиялық білім алып, ол бойынша жұмысшы бола алмай қалуың да ықтимал», – дейді Дулат. 

Мұндай мысалдар көп. Бүгінде мұғалім, дәрігер, инженер, тіпті әкімдік, құқық қор­ғау саласындағы жұмысын мобило­графия, графикалық дизайнер, СММ-маман, яки сұлулық салонында мастер болуға алмас­тырған талай жас бар. Себеп ортақ – оқу бітірген соң жұмыс таба алмау, өз қалауы­мен мамандық таңдамаған, жалақы аз және тағы басқа. 

«Еңбек нарығының басты өлшемшарт­тарының бірі – халықты өнімді еңбекпен қамтамасыз ету. Ол дегеніміз əәрбір адам­ның əәлеуетін барынша тиімді пайдалану үшін оларға жағдай жасау. Қызметкеріне жағдай жасайтын жұмыс берушілер бар, ол үшін жұмысшының білімі, қарым-қабілеті, мамандығы еңбек нарығының сұранысын қанағанттандыруы керек. Өкінішке қарай, академиялық білім беретін мекемелер нарықты заматында зерттеп, уақытында қажетті мамандар даярлай алып отырған жоқ. Оның үстіне, егер сіздің алған біліміңіз жұмыс орнында талап етілсе, өз қабілетіңізді 100% жүзеге асыра аласыз. сәйкесінше лайықты жалақы да талап етесіз. Ал егер жұмыс барысын 100% мең­гер­меген болсаңыз, онда кез келген жала­қыға келісуге тура келеді. Сондықтан кез келген еңбекке қабілетті жас өзі толық білетін мамандықты қысқа­мерзімді курс­тан болса да оқып алуды құп көреді әрі бұл қа­лыпты құбылыс», – дейді әлеумет­танушы Ақнұр Таласбаева. 

Қысқамерзімді курстар көп жастың нәпақа табуына көмектесіп жатқан да шы­ғар, бірақ академиялық білімге қызығу­шылықтың төмендегені қауіпті емес пе? Жоғары білім беру мен жұмыс бе­ру­дің арасындағы алшақтықты азайту­дың жолы қайсы? Орта және жоғары оқу орнын бітір­ген жастардың барлығы бірдей қысқа­мерзімді курс оқып, лайықты жұмыс тауып жатыр ма? Өкінішке қарай, әзірге бұл сауалдардың басы ашық қалды, өйткені, та­тымды жауап беретін статистика да, зерттеу де жоқ. 

Айдана НҰРМҰХАН