Нанотехнология, өрке­ниетті елдерден үлгі алу, ғы­лымды дамыту деп әдемі әңгіме айтып жүргенімізде, еліміздің бір түкпірінде бір ғана оқушы оқитын мектептің мәселесі дау болып жатыр.
Жалғыз оқушысы бар мектеп жабылғалы тұр
885
оқылды

Атырау облысының Қызыл­қоға ауданына қарасты Кен­бай ауылындағы мектеп тү­бе­гейлі жабылуы мүмкін. Бар-жоғы төрт жылдық бас­тауыш мектепте қазір бір ғана бала бар. Шағын топ пен даярлық сыныбында бар-жоғы 4 бала ғана. Сол себеп­ті, жергілікті билік мектепті жапқан тиімді деп отыр. 

Оған ауыл көндігер емес. «Мек­теп жабылса, ауылымыз бір­жола құриды» дейді ауыл тұр­ғын­дары. 

«Бұл мектеп – ауылымыздағы жалғыз өркениет ошағы. Сон­дық­тан біз мектептің жабылуына қар­сымыз. Шағын топқа болса да, мек­теп қызмет етуі тиіс. Екін­ші тала­бымыз – ауылға газ тар­тылуы ке­рек. Мұнайлы мекен Аты­рау өл­ке­сінде тұрсақ та, 21-ғасырда от жа­ғып жүргеніміз жарамайды», – дейді Кенбай ауы­лының тұр­ғыны Еділ Темір­болатов.

Кенбай ауылындағы Тасым Жанұзақов атындағы мектеп осыдан 37 жыл бұрын салынған. Тұрпаты мектептен гөрі сарайға көбірек ұқсайтын оқу ғимара­тында кітапхана, спорт зал, акт залы, асхана сияқты мектепте болуы тиіс ең маңызды кабинеттер жоқ. Өркениет белгісінен ком­пьютер мен интернет қана бар. Оның өзі істен шығып қалса, ма­манды сонау Сағыз ауылынан шақыртады. 

Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайрус Әнжанованың айтуынша, бұған дейін төртінші сыныпты бітірген балалар сол Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр, Сағыз ауылда­рын­дағы мектептерге орналас­тырылып келген. 

«Ол мектептерге алыс ауылдан келген балаларға арналған ин­тернат бар. Кенбай ауылында 1989 жылы жұмысын бастаған Тасым Жанұзақов атындағы бастауыш мектебінде қазіргі таң­да білім алушылардың жалпы саны 4-еу. Оның ішінде шағын орталықта – 3 бала, мектепалды даярлық сыныбында – 1 бала бар. Мектепте 12 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде алтауы педа­гогтер де, қалғаны – техникалық қызметкерлер», – дейді Қызыл­қоға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайрус Әнжанова. 

Атырау облыстық білім беру басқармасының пайымынша, бұл мектепті ұстап тұру – бюджетке шығын.

«Бұл жерде мәселе қаржыға тіреліп тұр. Бір бала үшін қызмет­керлердің бәрін ұстап тұру қиынға соғып отыр. Сол себепті қысқарту жасауды ойластырып отырмыз. Бөлім басшыларымен тағы да сөйлесеміз. Халықтың пікірін ес­кереміз», – деді Атырау облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.

Ауыл халқы үшін өркениетпен байланыстырушы жалғыз орын­ның қызметін атқарып отырған мектептің тағдыры қалай шеші­лері белгісіз. Дегенмен, Қызылқо­ға аудандық әкімдігінен Кенбай ауылына газ тартылу жоспарла­нып отырғанын анықтадық. 

«Қызылқоға ауданы бойынша 6 ауылдық елді мекенге газ тар­тылады. Ол ауылдардың ішінде Кенбай елді мекені де бар», – деді Қызылқоға ауданы әкімінің орын­басары Жарас Есенғалиев. 

Жүзге жуық адам тұратын ауылда негізгі күнкөріс көзі – қол­дағы азын-шоғын мал. Шал­ғайда орналасқандықтан, бұл ауылға сырттан кісі келе бермейді. Тіпті, кезінде әлемді дүрліктірген пан­демия уақытында да бұл ауылда коронавирус ауруы тір­келмеген екен. Соның нәтиже­сінде Кенбай ауылындағы мектеп пандемия кезінде штаттық ре­жимде жұмыс істеген Атырау об­лысындағы са­наулы мектеп­тердің бірі болды.

Аядай ауылға сая болып отыр­ған Кенбай ауылындағы Тасым Жанұзақов атындағы бастауыш мектептің тарихы әріде жатыр. Ол мектептің негізін Қы­зылқоға өңірі, Атырау облысына есімі жақсы таныс майдангер – ұстаз Тасым Жанұзақов қалаған. Екін­ші дүниежүзілік соғыс жылда­рында Украина, Беларусь май­дандарына қатысып, фашистерді Берлинге дейін тықсыра қуып, жеңіс туын Берлинге тіккен жау­жү­рек жауынгерлердің бірі, зең­бірек командирі, артиллерия аға сержанты болған Тасым Жан­ұзақов ІІІ дәрежелі Даңқ орде­німен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» және басқа да ме­даль­дармен наградталған.

 Бейбіт заманда Атырау об­лысының Қызылқоға ауданын­дағы Кенбай кентінде бастауыш мектеп ашқан. Сол кездегі «Ақ­шелек», «Алғабас», «Жаңаталап» ұжымшарларының балаларын бір орталыққа шоғырландырып, 40 орындық интернаттың да жұмы­сын ұйымдастырған. «Қазақ жас­тары білім алып, көзі ашық болуы тиіс» деген идеямен кезінде ауыл малшыларының балаларын оқы­тып-тоқытқан майдангер-ұстаз, Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері Тасым Жан­ұзақов атындағы бастауыш мек­тептің бүгінгідей қиын жағ­дайда тұрғаны алаңдатады. 

«Біз бұл ауылдан көшпейміз. Малмен ғана күнелтіп отырған бізге мектеп керек. Өсіп келе жат­қан балаларымызды тентіре­тіп басқа ауылға жібергіміз кел­мейді» деген ауыл тұрғындарының өті­ніші билік тарапынан тиімді шешім қабылдануына ықпал етеді деп сенеміз. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА