Тәуелсіз еліміздің мұнай-газ са­ласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардақты азаматтың бірі – Анатолы Орынғалиұлы Тегісбаев деп нық сеніммен айта аламыз.
Абырой биігіндегі ардақты азамат
633
оқылды

Ол 1975 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженері» мамандығы бойынша бі­тірген. Содан бергі саналы ғұмырын мұ­най-газ саласына арнап келе жатқан Анатолы Орынғалиұлының өнегелі өмірі келешек мұнайшы жастар үшін үлгі бо­ларлықтай. Кешегі «Маңғышлақмұнай» өн­дірістік бірлестігіне қарасты «Маң­ғышлақ газ өндіру басқармасында» МГӨБ газ өндіру және тасымалдау бөлімшесінің шебері болып еңбек жолын бастаған Анатолы Тегісбаев еңбек ете жүріп, әбден төселді. Газ өндіру және комплексті дайын­дау қондырғысы операторы, ауысым бас­тығы, газ конденсат өндіру цехының аға инженері, цех бастығы, «орталық инже­нерлік-технологиялық қызметі» басшысы­ның орынбасары, МГӨБ өндірістік бө­лімінің басшысы сынды өндірістің барлық сатыларынан табысты өтіп, жоғары бас­шы­лықтың сенімінен шыға білді. Мұнымен қоса, мол тәжірибе жинақтап үлгерді. 1987 жылы МГӨБ бастығының бірінші орын­басары–бас инженері болып бекітілді. Бас-аяғы 12 жылдың ішінде өңірдегі ең ірі мұнай-газ өндірісімен айналысатын ал­пауыт мекеме басшысының біріне айналу – айтуға ғана оңай шаруа болатын. Осынау биік нәтижеде Анатолы Орынғалиұлының мол теориялық білімін өндірісте тиімді қолдана білгендігімен қатар, жауапкершілік жүгін сескенбей көтере білетін батылды­ғымен де іштей қабысып жатқан болатын. Бұдан бөлек, Анатолы Тегісбаевтың мың­даған адам еңбек ететін ұжыммен тез арада тіл табысып, қатардағы жұмысшының мұң-мұқтажын шынайы сезінетін адами қасиеті де көрінеді. Табысты еңбегінің нә­ти­жесінде ол 1990 жылы МГӨБ бастығы болып тағайындалды. Көп уақытты қажет ететін өндірістік жауапты жұмыспен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсенді түрде қатынасты. Комсомол ұйымының хатшы­сы, кәсіподақ ұйымының төрағасы сынды қоғамдық қызметтерді атқара жүріп, еңбек адамының шынайы болмысына үңілді. Өзінің қызметтік міндетін адал атқару мақ­сатында ұжым мүшелерінің ауызбірші­лігін арттыру үшін қандай жұмыстарды дереу қолға алып, мерекелерді жоғары дең­гейде атап өту үшін ұжым мүшелерінің отбасын қатыстырған жөн деген сынды сан-салалы міндеттерді оң шешу үшін алғашында комсомол ұйымының хатшысы, кейіннен кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде уақытпен санаспай, шапқылап жү­ретін. Ол тірнектеп жиналатын абырой мен беделге тек жоғары лауазымды басшы ретінде ғана емес, қарапайым жұмысшы­ның шынайы жанашыры ретінде қол жет­кізді. Анатолы Тегісбаевтың аты аталса, күні бүгінге дейін кешегі қол астында жұ­мыс жасаған азамат­тардың тұра қалып аман­дасатынының сыры осында жатса керек-ті. 

Анатолы Тегісбаевтың тікелей басшы­лығымен Маңғышлақ газоконденсат ке­норындарындағы табиғи газдар мен газ кон­денсаттарын өндіру, тасымалдау бағыт­тары бойынша ғылыми-техникалық жаңа­шылдық әрдайым ескеріліп, же­тістіктері өндіріске дер шағында енгізілді. Оның қатынасуымен Жетібай кен орнынан Қазақ газ өңдеу зауытына дейінгі маңызды магистральді газ құбыры уақытында пай­далануға берілді. Нәтижесінде, зауыт ши­кізатпен толықтай қамтамасыз етілді, со­ны­­мен қатар қоршаған ортаны зиян кел­тіру ісі тыйылып, экономикаға зор пайда келтірілді. Бұрын Жетібай кен орнында мұнаймен бірге өндірілетін ілеспе газ бар­лық қондырғыларда далада лаулап жанып тұратын.

Отын және энергетика министрлігінің шешімімен 1992–1998 жылдары А.Тегіс­баев «Қарашығанақгазпром» АҚ бас инженері, бірінші вице-президент және президенті қызметтерін абыроймен ат­қарды. Әлемдік масштабтағы ірі кен орны саналатын Қарашығанақтағы өткізген осынау кезең Анатолы Орынғалиұлының өмір жолынан ерекше орын алады. Кеңес Одағы тарап, ел бюджетінде қажетті қара­жаттың болмауы сынды қолбайлаулар Қарашығанақ кен орнындағы ырғақты жұмысқа кері әсерін тигізді. Күкірт қыш­қы­лының молдығы мен жоғары пласт қы­сымының әсерінен газ өндіру жұмысы тіптен қиындады. Оның үстіне, аталған кен орында ондаған жыл жұмыс жасаған мамандардың Кеңес Одағының ыды­рауына байланысты тарихи Отандарына кетуі де – күрделі мәселелердің біріне айналды. Апаттық жағдайлардың алдын алу үшін көршілес Ресейдің «Орен­бурггазпром» мекемесінен бірлесе білікті мамандарды қалдырып, Маңғыстау, Атырау мұнай өңір­лерінен тәжрибелі мамандар шақырылып, өзара түсіністікте жұмыс ұйымдастырылды. Өндірісте ондаған жыл тәжірибесі бар Ана­толы Орынғалиұлының әріден ойлай­тын кәнігі дипломатиялық қасиеті мен ресейлік, отандық білікті мамандарды ор­тақ іске тиімді жұмылдыруының арқа­сында кен орнында шикізатты өндіру, дайындау, тасу жұмыстары қалыпты деңгейге көтерілді. 1995–1997 жылдары Қарашығанақ кен орнындағы Өнімді бөлу туралы келісімге қол қойылған соң А.Тегіс­баев «Аджип», «Бритиш Газ» сынды шетелдік ком­па­ниялармен бірлесе құрған «Қара­шы­ға­нақты бірлесе басқару» мекемесіне де басшылық жасады. Сан алуан өндірістік, экологиялық және кен орны қоныс тепкен Бөрлі ауданының әлеуметтік мәселелерін оң шешу ісінде Анатолы Орынғалиұлының сіңірген еңбегі ерекше. 1998 жылы Өнімді бөлісу туралы келісімге қол қойылған соң А.Тегісбаевтың тікелей ықпалымен және де «Қазақойл» мұнайгаз компаниясының сол кездегі бас­шылары Б.Қуандықов, Ұ.Қарабалиндердің қолдауымен, сол кездегі Премьер-Министр Н.Бал­ғым­баевтың бекітуімен кен орнындағы отандық «Ақсайгазсервис» тұңғыш мем­лекеттік сервистік компания шаңырақ көтерді. Жаңадан ашылған мекемеде шетелдік инвесторлар келіп, жұмысын бастағанша 1 000-нан астам отандық мамандар жұмыспен қамтамасыз етілді. 1998–2001 жылдары А.Тегісбаев «Ақ­сайгазсервис», «КазБурГаз» секілді меке­мелердің жұмысына басшылық жасап, шетелдік компанияларға сервистік қызмет көрсетуді бастады. Бір атап өтерлігі, «Ақ­сайгазсервис», «КазБурГаз» сынды бүгін­дері төрт аяғынан нық тұрған сервистік компания басшылары өздерінің бастауын­да А.Тегісбаев сынды ірі тұлғаның тұрғанын біле ме екен? 

2001–2004 жылдары Анатолы Орын­ғалиұлы «АВЕ» корпорациясы АҚ вице-президенті, «КазТрансГаз» ЖАҚ бас ди­ректорының Амангелді жобасы бойынша және «ДМД Сервис» ЖШС бас директоры лауазымдарын абыроймен атқарды. 2004 жылы ол «КазТрансГаз» АҚ бас директо­рының газ жобалары бойынша орынбаса­ры лауазымына бекітілді. Бұл кезең Ана­толы Орынғалиұлының есімі еліміздің оңтүстік өңірін газбен тұрақты түрде қам­тамасыз етіп отырған Амангелді жобасы­ның тиімді түрде іске қосылуымен тығыз байланысты. Жамбыл облысы тұрғында­рын сапалы, арзан газбен қамтамасыз ет­кен кен орны іске қосылған соң, көршілес Өзбекстаннан оңтүстік өңірді газбен қам­­тамасыз ету туралы келіссөздерді бас­тауға тиімді аргументтің пайда бол­ған­дығын атап өтуге тиістіміз. Бүгіндері А.Тегісбаев­тың тікелей басшылық жа­сауымен бұр­ғылау, өндіру жұмыстарына жаңа техно­логия мен техниканы енгізудің әсерінен табиғи газды өндіру мен та­сымалдаудың тәуліктік дебиті 1 миллион кубометрге дейін жеткізілді. Газ кон­денсатын қайта өңдеу мен факельді газды өңдеу, кен ор­нындағы экологиялық жағ­дайды жақсарту жұмыстары оң шешілді. Амангелді кен орны тобына кіретін Аман­гелді, Айрақты, Анабай кен орындарын барлау мен игеру жұмыстарына да сіңірген еңбегі ересен. 

2012 жылы Қарашығанақ жобасының 10 пайыздық үлесін игеруші «Қазмұнайгаз Қарашығанақ» компаниясының аяқтан тұруына да Анатолы Орынғалиұлының сіңірген еңбегі қомақты. А.Тегісбаевтың аталған компанияға басшылық жасаған кезеңінде мекеме 48,3 млн тонна мұнай мен 80,27 млрд м3 газ өндірген. Ел қа­зы­насына 13,16 млрд долардан астам қара­жат құйылған. 

Анатолы Тегісбаев 2018–2021 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ омбудсмені лауа­зымын атқарды. Ондаған жыл өндірістің өзегінде еңбек етіп, қарапайым жұмысшы­ның мұң-мұқтажын жетік білетін Анатолы Орынғалиұлы омбудсмен қызметі кезінде еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-тұр­мыстық шаруалардың оң шешімін табуға тікелей атсалысты. Бірталай даулы шаруа­лардың алдын алуының нәтижесінде Ұлттық компанияның оң имиджі өсе түсті. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ корпоративтік этика кодексінің қабылдануының басы-қасында тағы да А.Тегісбаевтың тұруы – әбден заңдылық. 

«Мұнайгаз кешені ардагерлері» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің құрылтай­шыларының бірі әрі бас директоры А.Те­гіс­баевтың бұл саладағы атқарған қызметі де қомақты. Қазақ мұнайының 120 жыл­дығы мен қара шаңырақ «Ембімұнайгаз» компаниясының 100 жылдығы сынды мерейтойлық шаралардың жоғары дең­гейде өтуіне – А.Тегісбаев басшылық жасап отырған бірлестік көп еңбек сіңірді. Мұнайлы өңірлердің барлығында бірлес­тіктің филиалдары құрылып, рухани-мәдени шаралар өткізіп, жас мұнайшы­лардың шынайы адамгершілік болмысын шыңдау жолында қыруар жұмыстар атқарып келеді. Ардагер-мұнайшылардың мерейтойларын өткізу, олар жөнінде танымдық қуаты мол еңбектер шығару сынды қаптаған жұмыстардың бәріне үлгеру оңай шаруа емес. 

 «Еңбек еткен жеріңде оң нәтиже көр­сетіп, жақсы атыңды қалдыру – азаматқа сын. Шешілмейтін мәселелер болмайды, оны шеше алмайтын басшылар болады» деген ұстанымды басшылыққа алған Анатолы Орынғалиұлы бүгінде Энергетика министрлігінің ірі мұнайгаз жобалары бойынша жұмыс тобының мүшесі, «Qazaqgaz» ҰК» АҚ Эксперттік Кеңесінің төрағасы әрі Директорлар Кеңесінің мүшесі ретінде аталған сала жұмысының жандануына бір кісідей үлес қосуда. 

Мемлекет тарапынан еңбегі жоғары деңгейдегі марапаттармен атап өтілді. «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» Мемлекеттік және ведомстволық бірнеше медальдардың иегері. Ең бастысы – ол өзі жан-тәнімен қалаған әрі сол саланың ондаған жыл отымен кіріп, күлімен шығып келе жатқан абыройлы азамат. Осындай дәрежелерге жету отбасының, соның ішінде аяулы жары, өзімен бірге Қазақ политехникалық институтын бітіріп, ондаған жыл мұнайшы болып еңбек еткен Аяу Аманқұлқызының қолдауының арқасы екенін де білеміз. Балалары да әке жолын қуып, жоғарғы білім иеленіп, бүгіндері шетелдік мұнайгаз компанияларында үлгілі қызмет етуде.

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ