Қайырымдылық – қазақтың қа­нымен біте қайнасқан қасиет. «Қа­йы­рым қылсаң, қайырын көресің» дейді бабадан балаға жеткен өсиет.
Жүрегі жомарт жан
1,696
оқылды

Сонау тар жол, тайғақ кешу нәубетті кезеңі­нің өзінде қазақ халқы өзгені өзекке теппеді, бө­тенді бауырына басып, барымен бөлісті. Міне, осы кеңдігіміз кейінгі ұрпаққа ұран болып жетіп, бүгінде мұқтаж жандарға аялы ала­қанның жылуын сездіріп жүрген жан­дар аз емес. Соның бірі – «Гаухартас» және «Інжу-Маржан» мейрамхана­ларының иесі, кәсіпкер, Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауым­дастығының төрайымы Меруерт Лештаева. Жомарт жан бір өзі осы таңға дейін он үш отбасыны баспа­намен қамтыған.

Меруерт Каттабайқызы – жас­тайынан тағдырдың тауқыметін көріп өскен жан. Әкеден үш жасында айы­рылып, өмірдің соқпағына ертеден бой үйретеді. Туған топырағының дара тұл­ғасы Бауыржан Момышұлының өр қасиеті бойына дарыса керек, Меруерт өжет те, қайсар қыз болып өседі. Жесір ана жоқтан бар жасағанымен, кейіп­керіміз жұпыны ғұмыр кешкен. Бір күні тіпті Меруерттің анасы жүрек ауруына шалдығып, бірінші топтың мүгедегі болып қалады. Өзі де бала кезінен ауру­шаң болып, дәрі-дәрмектің күшімен жүрген Меруертке бұл ауыр соққы бол­ғаны анық. Содан бала жүрек болашақта дәрігер боламын деп армандаған екен. Алайда үйдің бар ауырт­палығы мойнына түсіп, Меруерт еңбекке ерте араласады. Қатарластары сияқты жоғары оқу ор­нына түсе алмай, дүкенде сатушы болып, мейрамханада салат әзір­леп, ақша табады. Осылайша, мейрамхана­ның асханасынан әкімшілік қызметшісі деңгейіне дейін жеткен Меруертке бір күні «неге өзім бір кафені жалға алып, осы кәсіппен айналыспаймын» деген ой келеді. Алғашқыда Шымкент қаласынан кәсібін бастағанымен, жұмысын жүргізе алмай, тығырыққа тіреледі. Алайда алған бетінен қайтпайтын өр мінезінің ар­қасында «Гау­хартас» және «Інжу-Маржан» мейрамхана­ларын ашып, бизнесін дөңгелетіп әкетеді. 

Меруерт – «оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» деген қағидатты ұстана­тын кәсіпкер. Алайда өмірдің талай соқ­пағын көріп, тағдыр жазуына жығылмаған жанның жомарт жүрегі мен қайырым­дылығы жайлы айтпай кетуге болмайды. Ол бүгінгі күнге дейін қолас­тында адал еңбек етіп келе жатқан 13 қызметкеріне баспана кілтін табыстаған. Одан бөлек, тұрмысы төмен отбасы­лардың балаларына қуаныш сыйлап, тойларын мейрамхана­сында тегін өткізіп берген. 

– Бірде өзін Светлана деп таныс­тырған әйел хабарласты. Лана есімді кіш­кентай қызына туа сала «сал ауруы» деген диагноз қойылыпты. 12 жыл бойы баланы емдетіп табандарынан тозыпты. Дегенмен қуа­ныш­тысы, Лана сол аты жаман аурудан айыққан. Қызына әке-шешесі: «Сен өз аяғыңмен жүрсең, біз саған той жасап береміз», – деп уәде берген екен. Бала ар­маны тәтті ғой, кішкентай Лана ли­музин көлігін мініп көруді армандапты. Ал ата-анасында той жасайтындай, қымбат кө­лікті жалдай­тындай мүмкіндігі қалмаған. Менің «Гауһартас» мейрам­ханам­ның ішіне кө­лікпен кіруге болады. Лананың арманын орындап, лимузин көлігімен той төріне әкеліп, әрі сол тойды өзім тегін жасап бердім. 

 Дәл осы қыздың тағдырын қай­талаған Ұлана деген кішкентай қыз апа­сына: «Мен аяғымнан тұрсам, той жа­саң­даршы» деген өтінішін айтқан екен. Әжесі маған келіп өтінген соң туған-туыстарын шақырып, оған да тегін той жасап бердім. Әңгіменің реті келіп тұр­ғанда айта кетейін, мүмкіндігі шектеулі 13 баланы асырап-баққан Зулпия деген келіншек бар еді. Бір күні оның көлігі өртеніп кетіпті деп естідім. Содан дереу ол кісіге хабарласып, салоннан өздері қалаған көлігін сатып алып бердім. Қол астымда жұмыс істеп жатқан аналары­мыз­ға да әр мерекеде алтыннан алқа тағып тұрамын. Алла амандығын берсе, желтоқсан айында біздің «Гауһартас» мей­рам­ханасының жұмысын бастағаны­на 10 жыл толады. Осыған орай, 5 жұ­мыс­шыма тағы 5 баспана сыйлаймын деп жоспарлап отырмын, – дейді Меруерт. 

Иә, барыңмен бөлісіп, айналаңдағы адамдарға қуаныш сыйлау – үлкен сауапты іс. Меруерт Каттабайқызы коронавирус індеті жайлаған кезде де қиын жағдайға тап болған жандарға алғашқылардың бірі болып қол ұшын созды. 

– Алғашында өзім үш қой сойдырып сорпа, қуырдақ әзірлеп, ауруханаларда адам өміріне араша түсіп жатқан дәрі­герлер мен тұрғын үйлерінен кесел шы­ғып, үй қамағына алынған адамдарға та­рат­тым. Кейін Іскер әйелдер қауымдас­тығы болып бұл жұмысты жалғастырдық. Әрі қарай бұл іс қоғамнан қолдау тапты. «Көп түкірсе – көл» дегендей, осылайша бір жарым ай көлемінде 100-ден аса қойдың етін тараттық. 

 Жасыратыны жоқ, сол кезде көп кә­сіпкердің қатарында мен де қатты қиындық көрдім. Тойлар тоқтап қалды. Ал қолымда жұмыс істейтін қызметші­лердің бәрінің бала-шағасы бар. Жал­дамалы патерде тұратындары да аз емес. Сондай қиын күн­дерде астымдағы қым­бат көлігімді сатып жіберіп, жұмысшы­ларымның айлығын уақытылы төлеп отырдым. Қара басыңды ғана ойласаң, алысқа бармайтының бел­гілі. Сондықтан мен қолдан келгенше ең бірінші қолас­тым­дағы қызметкерлердің жағдайын жасауға тырысамын, – дейді Меруерт. 

 Меруерт Каттабайқызы жас кә­сіпкер­лерге де білгенін үйретуге асық. Ол «Еңбек ете берген емес, есеп білген адам бай бола­ды» деген өмірлік қағида­тын өзгелерге әрдайым айтып отырады. 

– Сіз маған «кәсіпкерлік деген не?» деп сұрақ қойсаңыз, мен еш ойланбастан «ақша табу» деп жауап берер едім. Мә­селен, сіз 10 миллион теңгені 10 күнде шашып жіберуіңіз мүмкін. Сондай-ақ 50 мың тең­гемен-ақ елге мәлім бай ата­нуыңыз ғажап емес. Расында, кәсіпке келген адамның жалғыз мақсаты – ақша табу. Ал ақша табу үшін есеп білгеніңіз жөн. Негізі, пайдалана білген адамға мемлекетімізде мүмкіндіктер мол. Егер үйде жатып бос ұрандамай еңбек етсеңіз, екі қолға бір күрек табылады. «За­маның қалай болса, бөркіңді солай қисайт» дегендей, бүгінде кәсіптен бағы жанып, отбасын асырап отырған аналар аз емес. Елімізде еңбек етем деген адамға қа­шанда есік ашық. Тек, «нар тәуекелге» бел буып, мүмкіндікті мүлт жібермей пайдалану керек, – дейді кәсіпкер. 

 Иә, сөз жоқ, Меруерт Каттабай­қы­зының еңбегі мен елге жасаған жақсы­лығы көпке үлгі. Әулиеата өңірінен осындай іскер әрі қамқор әйелдердің шығып жатқаны қуантады. Кейіпкері­міздің жүріп өткен өмір жолы мен ақыл-кеңесі жастарға жігер беріп, бағдаршам болады деген үміттеміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы