Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелерге пікір білдірді
Экономикасы шикізатқа тәуелді елді толыққанды дамыту өте қиын – Ерлан Саиров
847
оқылды
 
"Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте Қазақстан Халқына жолдауымен бөлісті.
Мемлекет басшысы еліміздің халқының көкейінде жүрген, азаматтар көптеген кездесулерде жиі айтып жүрген мәселелердің түйінін тарқатты.
 
Сол мәселелердің бірқатарымен бөліскенді жөн көріп отырмын.
 
1. Қазақстанның экономикасы "голландиялық ауруға", шикізатқа тәуелділікке ұшыраған.
Бұл проблемадан құтылмай, еліміздің экономикасын толыққанды дамыту өте қиын.
Сондықтан, Президент Тоқаев өнеркәсіптің төртінші, бесінші бөлінісіне өтіп, елімізде өнеркәсіп өндірісін жаңа заманға сәйкес дамыту үшін нақты ұсыныстар, тапсырмалар берді. Ол үшін мемлекеттік реттеу және осы салаға салықтық, басқа да жеңілдіктер қарастырылған.
АЭС бойынша бүкілхалықтық референдум өтеді. Бұл оңды шешім. Халық үшін түйіткілді мәселелер бойынша халықтың шешімі қажет!
 
2. Қазақстанда су мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді. Су мәселесі, жалпы планетарлық мәселе, біздің еліміздің халқы бұл проблемаға қазірдің өзінде тап болып отыр.
Бұл мәселені шешудің көптеген жолдары айтылды.
Ең негізгісі, су мәселесімен кешенді түрде айналысатын Су шаруашылығы және ирригация министрлігі құрылады. Бұл өте дұрыс шешім.
 
3. Қазақстанда салынбай, сақалды құрылысқа айналған көптеген жол тараптары бар. Республикалық маңызы бар Қалбатау-Майқапшағай трассасы, Атырау облысындағы Атырау-Астрахань, басқа да жолдарының құрылысы ондаған жылдарға созылып кетті.
 
Жалпы, еліміздегі республикалық, облыстық деңгейдегі жолдардың жөнжелуі, эксплуатациялануы қанағаттанарлық емес. осы мәселелерді кешенді шешу үшін Көлік министрлігі құрылады.
 
Ең басты жаңалық, Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 2024 жылдан бастап, 85-мың теңгеге жетеді.
Бұл шара халқымыздың 1,8 млн азаматтарының өмір сүру дәрежесіне тікелей, нақты жақсы әсер етеді!
Бұл мәселені біздің көтергенімізге бірнеше жыл болды. Өйткені, Қазақстанның төменгі жалақы деңгейі Африка елдерінің дәрежесімен тең болатын. Енді, төменгі жалақы деңгейі Ресейден артық болады. Бұл өте қомақы нәтиже!
 
Бұл мәселе еліміздегі орташа жалақының тағы өсіп, халқымыздың өмір стандарттарының жоғарылайтындығының айғағы!", – деді Саиров.