Бүгін «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру барысы туралы партия активімен кеңес өткізді.
Ерлан Қошанов Президент Жолдауын іске асыру үшін AMANAT ресурстарын жұмылдыруды тапсырды
1,134
оқылды

Жиынды ашқан партия Төрағасы Жолдау Мемлекет басшысының елімізде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан ауқымды әрі маңызды реформаларының жалғасы екенін және оны тарихи деп атауға болатынын атап өтті.   

«Жолдауда экономикалық дамуымыздың таяу жылдардағы эволюциясы айқындалды. Өте ауқымды, нақты әрі кешенді іс-шаралар жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Жолдауда жұртшылықты алаңдатып, толғантып отырған басқа да өзекті мәселелер толыққанды қамтылды. Сондықтан партиямыз үшін Жолдау стратегиялық маңызды құжат болып табылады. Ендігі кезекте, біздің алдымызда Мемлекет басшысының жаңа экономикалық саясатына қолдау көрсетіп, оның сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсаты тұр. «AMANAT» партиясы осы мақсатты жүзеге асырудың алғы шебінде болуы тиіс деп санаймын», – деді партия Төрағасы.

Ерлан Қошанов партиялықтарды Жолдауды жүзеге асыру үшін бүкіл қоғамның күш-жігерін жұмылдыруға шақырды. Ол Жолдауда Мемлекет басшысы су мен газ тапшылығы, инфрақұрылымның тозуы, отандық кәсіпорындарға қолдаудың жеткіліксіздігі, өндірісті дамыту үшін ұзақ мерзімді қаржылай қолдаудың болмауы, агроөнеркәсіп секторының проблемалары сияқты еліміздегі бірқатар өзекті мәселені қамтығанын баса айтты.

 «Осы мәселелердің барлығы да жұртшылық тарапынан бірнеше рет көтерілді. Біз партияның барлық деңгейдегі депутаттары арқылы да, партиялық жобаларымыз арқылы да белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Айталық, өткен жылы «Жер аманаты» жобасы аясында 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, шаруаларға қайта бөлінді. «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылып, оның аясында өз ісін ашу үшін 2,5% жеңілдікпен несие беріліп жатыр. Президент аталған жобаның қажет екенін атап өтіп, жеке қосалқы шаруашылықтар кооперациясын ынталандыруды тапсырды», – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, партия Төрағасы Мемлекет басшысының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын қолдағанын ерекше атап өтті. Енді «AMANAT» осы жобаны Үкіметпен бірге бүкіл ел аумағында кеңейтіп, сапалы іске асырумен айналысады.

Ерлан Қошанов партияға қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру, сондай-ақ жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталған жаңа реттеуші құралдарды құру жөніндегі ұсыныстарды дайындауға атсалысуды тапсырды.

«Өнеркәсіптік саясат, сауда, кәсіпкерлік саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Бүгінгі таңда салық және бюджет заңнамасы партия алаңдарында қызу талқыланып жатыр. Ғылым мен инновация, цифрландыру және ақпараттық технологияларды дамыту саласында қосымша реттеуші құралдарды әзірлеу қажет. Президенттің бастамаларын заңнамалық қолдау – біздің фракцияның Мәжілістегі міндеті», – деді партия Төрағасы.

Іс-шара барысында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаттары Екатерина Смышляева мен Мақсат Толықбаев, «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова мен Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров сөз сөйледі.

Жиын соңында Ерлан Қошанов партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының алдына бірқатар нақты міндет қойды. Атап айтқанда, Жолдаудың негізгі бағыттары орталық және облыстық деңгейлердегі «TALQYLAU» және «Bir Tolqynda» диалог алаңдары аясында талқыланады. Партия Кеңестері өз ұсыныстарын дайындауы қажет. Сондай-ақ, ол Жолдауда жүктелген міндеттердің орындалуына барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциясы мүшелерінің бір кісідей жұмылып, қатысуын тапсырды.