Жақында Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін» деді.
Тұрмыстық зорлық тым тереңдеп кетті – Нартай Сәрсенғалиев
1,105
оқылды

Шындығында да, соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болмаудың салдарынан жуан жұдырықтан жәбір көргендерден соғылатын қоңырау мен суицид фактілері де жиілеген. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 10 адамның екеуі ғана құқық қорғау органдарына жүгінеді. Қылмыстың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, Алайда арызданушылардың ісі аяқсыз қалатыны тағы бар. Зорлық-зомбылықты алдын алу жұмысы неге тиімді нәтижесін бермей келеді? Сауалымызды Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевке де қойып көрдік. 

– Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық туралы нақты тапсырма жыл­да беріледі.  Бірақ осы уақытқа дейін елдегі зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балалардың саны артпаса, азаймаған. Қалай ойлайсыз,  мәселе құқық қорғау жұ­мысының әлсіздігі ме, әлде заң­дағы жауапкершіліктің жоқты­ғынан ба?

– Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық қоғамдағы ең сорақы, ең сұмдық дүниеге айналды. Әуелде әр тұстан бір шығатын шуды естіген ел жағасын ұстайтын, ал қазір балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстарды көріп-білгенде айтарға сөз қал­майды. Өкініштісі, жыл тұрмақ ай өткен сайын аталған қылмыстың саны көбейіп барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге бейжай қара­майтынын әуел бастан аңғартты. Биылғы Жолдауында да «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәме­летке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы ке­рек», – деді. Бұл тек мәселені көр­сетіп, соған қатысты шара қол­даныңдар деген сырғытпа сөз емес. Нақты тапсырма. Президент «жазаны күшейтуді талап етемін», – деді. Құқық қорғау орын­дары енді дереу қызметке кірісу керек, қажет болса, тиісті заңды Мәжіліс қабырғасында қарас­тыруы шарт. Мәжілістің VIII ша­қы­рылымында Әлеуметтік-мәде­ни даму коми­те­тінің мүшесімін. Сол комитеттің аясында «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзімсіздік мәде­ниетін қалып­тастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы» деген тақырыпта кеңейтілген оты­рыс өткіздім. Оған депутаттар, құқық қорғау саласының өкілдері, осы тақырыпты зерттеп жүрген ма­мандар қатысты. Отырыста бұ­­рын айтылмаған, БАҚ бетте­рінде басылмаған сұмдықтарды көріп-білдік. Тиісінше, мәселенің қоғам талқылап жатқан деңгейден де тым тереңдеп кеткенін аңғар­дық. Тиісті ұсыныстарды минис­тр­­ліктерге, құзырлы орындарға жі­бердім. Енді солардың орын­далуын қатаң қадағалаймын. Ра­сында, бұған дейінде құзырлы орындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату туралы талай тапсырма берілді. Бірақ бұл дерттің әлі де толық жойылмауы құқық қорғау органдарының жұмысында қателік көп екенін аңғартады. Өйткені Президент бұл мәселені бірінші рет айтып тұрған жоқ. Жолдаудағы нақты тапсырма соңғы нүкте деп біле­мін. Сол себепті бұқара мен билік бірге қызмет етіп проблемаға қарсы заңды қатайтып, тұрмыс­тық зорлық-зомбылық жасау ешкімнің өңі түгілі түсіне кір­мейтіндей  қылуы керек. 

– Екі жыл бұрын «Отбасылық зорлық-зомбылық» заң жобасының соңы үлкен дауға айналып, соңы сиырқұйымшақтанып кеткен еді. Осы заң жобасымен таныссыз ба? Өзіңіз де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек екенін айтқан едіңіз. Нақты қандай алдын алу шарасы қажет деп санайсыз?

– Иә, 2 жыл бұрынғы шу есімде. Ол кезде мен де ақпарат майданында өздеріңізбен үзеңгі қағыстырып жүрдім. Сол кезде заңды егжей-тегжейлі түсінбеген топтардың елдің арасында дүрбе­лең салғанын білеміз. Бірақ бұл жерде жауапкершіліктің бір жағы құзырлы орындарда. Өйткені кез келген өзгерісті жасарда қоғаммен ақылдасып, сарапшылармен кеңесіп жүзеге асырса ел де құ­лақ­танып отырар еді. Сондықтан ақпараттандыру тұрғысында жіберілген қателік енді қайта­ланбайды деп сенемін. 

– Қазір отбасылық қорлықтан кейін өз-өзіне қол салатын қыз-келіншектер артып отыр. Осындай жағдайда кінәлілерді жауапқа тартқызу тағы қиын. Одан бөлек, күйеуінен жәбір көрген, соққыдан көз жұмған марқұмға жасалатын сот сараптамаларына да күмән көбейіп отыр. Бұл орайда заң шы­ғарушы орган өкілі ретінде заңға қандай өзгеріс енгізу керек деп ой­лайсыз?

– Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­қа қарсы ұсыныстарды нақ­ты­лап, қол қойып, мөрмен бекітіп құзырлы орындарға жібер­гені­мізді айттым. Оқу жылының ая­ғында елімізде кәмелетке толма­ғандарға қарсы әлімжеттіктің, зорлық-зомбылықтың көбей­генін білеміз. Соған қатысты 20 сәуірде депутаттық сауал жол­да­ған едім. Сол жерде нақты ұсы­ныстарды айттым. Өкінішке қарай, Үкімет үйренген жолынан айнымай сырғытпа жауап берді. Жауаптарына «ұсыныстардың қабылдануын талап етеміз» деп ең төменгі баға қойып қайтардым. Үкімет ескертуді ұқты, енді бірігіп қызмет етеміз. Бұл мәселенің өте өзекті екенін Президенттің биыл­ғы Жолдаудағы «Білім беру меке­ме­леріндегі психологиялық қол­дау қызметін институционал­ды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу ке­рек» деген сөзінен аңғаруға бо­лады. Депутаттың сауалына сыр­ғытпа жауап берген Үкімет енді ұйқысынан оянар деген үміттеміз.

– Полицейлердің арасында арызды тіркемейтіндері бар. Тірке­се де нақты қылмысты негізге ал­май­ды. Мәселен, «тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тір­кел­ген істердің 50 пайыздан ас­тамын­да полиция қызметкерлері өздері заңсыз әрекеттер жасайды» дегенді айтады адвокаттар. Әйелін қасақана өлтірген күдіктіге жеңіл жаза беретін судьяларға қандай жауапкершілік қарастырылғаны дұрыс?

– Бұл да өте өзекті мәселе. Құқық қорғау саласындағы кей қызметкерлердің тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа тап болған жан­дардың шағымына атүсті қарағаны туралы арыз көп. Бұл – сорақылық. Заңды қатайтқанда тек қылмыскер ғана емес, арызды қабылдамай немқұрайдылық та­нытқан құзырлы орын өкілі де қа­таң жазаға тартылатындай нор­ма енгізу қажет. Жауғашты­дағы азаматшалардың арызы бар еке­нін,  депутат ретінде менімен кез­дескілері келетінін журналист әріптестерім айтты. Жұмыс кес­тесінде мүмкіндік  болған сәтте жаныма заңгерлерді алып жаза­сын өтеп жатқан азамат­шалармен кездесу жоспарымда бар. 

Меніңше, әлімжеттік факті­лерін біле тұра жасырып қалған қызметтегі азаматтарды да жазаға тару қажет. Оған қоса, балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп жариялаған адамдарды да, айыпты оқушы­лардың ата-аналары да тиісті жауапкершілікке тартылуы тиіс. 

Сұхбаттасқан 

Жадыра МҮСІЛІМ