Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның эко­­­­­­­­­­­номикалық бағдары» атты Қазақстан халқына ар­­наған Жолдауында қам­тылған өзекті мәселенің бі­­рі – еліміздегі су шаруа­шылығын дамыту.
Су саласындағы дағдарыс – оны басқарудағы олқылықпен байланысты
684
оқылды

Прези­денттің пайымынша, атал­ған олқылықтың орнын тол­­­­­тыру үшін өте батыл жә­­­не шұғыл шаралар қа­былдануы қажет.

Ең бастысы, мемлекет үшін аса маңызды осы салада өз алдына жеке Су ресурстары және ирри­гация министрлігін құру – 30 жыл­дан астам уақыттан кейін ғана қолға алынғаны қуантады. Су тап­шылығы жылдан жылға артып отыр­ған қазіргі таңда көптеген елдер су ресурстарын басқару сая­сатын өзгертіп, осы саладағы мем­лекеттік бақылауды күшейтуде. Оларда су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бірыңғай вертикалы ретінде мамандандырылған мекеме дербес жұмыс істейді.  

Осыған орай, Мемлекет бас­шысы жылдар бойы қордаланған және әлі күнге дейін өз шешімін таппай отырған проблемалар мен кемшіліктерді қадап айтты.

Шынында да, халық санының өсуі мен ел экономикасының қар­қынды дамуын ескерсек, 2040 жыл­ға қарай су тапшылығы жылына 12-15   км3  жетуі мүмкін. Бұған бір­неше фактор ықпал етеді. Бірін­шіден, климаттың өзгеруі, ол мұз­дықтардың азаюына әкеп отыр. Өз кезегінде бұл өзендердің су қорына әсер етті, яғни жыл сайын олардың ағыны төмендеп бара жатқаны байқалады. Тағы бір маңызды фактор – судың 48%-ын көршілес мемлекеттерден: Қытай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей­ден алып отырмыз. Бұл – транс­­­­­­­­­­­­­­­­шекаралық өзендер арқылы сумен қамтамасыз ету көбінесе көрші­лерімізбен келісімшарттық қарым-қатынастарға байланысты деген сөз. Шешімін таппаған ауқымды мәселелер осында жатыр, бұған жаңа министрлік ерекше назар аударуға тиіс. Жоғарыда айтыл­ған­дай, су – бұл шектеулі ресурс, оның көлемінің азаюы мемлекеттің ұлт­тық қауіпсіздігіне қауіп төн­­діреді. Сондықтан ел Президентінің маңыз­­­дылығы бойынша суды мұ­най, газ, металдармен салыс­­тыр­ғаны кездейсоқтық емес. Қа­зірдің өзінде суармалы жерлер бүкіл егіс алқабының 7%-ын ғана алып жа­тыр (20,6 млн га), өсімдік шаруа­шылығы өнімі құнының 40%-ын құрайды. Сонымен қатар біздің фер­­­мерлер суару гектарының мүм­кіндіктерін толық пайда­­­лан­бай­ты­нын мойындауымыз керек. Егер бар­лық агротехникалық нор­ма­лар мен ережелерді сақтасақ және жоғары сұрыпты тұқымдарды қолданатын болсақ, бұл көрсет­кішті екі есе арттыруға болады. Себебі суармалы жерлерде барлық көкөніс дақылдары, сондай-ақ күріш, мақта, соя, қант қызылшасы және басқа да ауылшаруашылық дақылдары өсіріледі.

Қазіргі қордаланған мәселе су шаруашылығы саласындағы жыл­дар бойғы үздіксіз рефор­ма­ларға байланысты да күрделене түсті. Мысалы, Су ресурстары комитеті бір ведомстводан екінші ведомст­воға 6 рет көшті, бұл су шаруашы­лығын басқару жүйесіне де, су шаруа­­шылығы инфрақұрылымын дамытуға да кері ықпалын тигізді.

Мемлекет басшысының су үнем­деу технологияларын енгізу арқылы оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға кеңейту туралы тапсырмасы өте маңызды болып табылады. Тапсырма өте өзекті, бірақ бұл оңай шаруа емес. Себебі  бүгінде суды үнемдейтін технологиялармен қамтылған суар­малы жерлердің ауданы жалпы суар­малы егістіктің 280 мың гек­тарын ғана құрайды, бұл – 1470 мың гектар немесе 19%.

Ауыл шаруашылығының ға­лым-маманы ретінде бірден ай­тайық, бұл істі тиімді бастау үшін Үкімет Қазақстан аумағында за­манауи суару жүйелеріне қажетті құралдар шығаратын зауыт салу жөнінде шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Әйтпесе, бұл тапсырманы орындау өте қиын болады.

Соңғы жылдары суды үнем­деудің маңызды компоненттерінің бірі –  мелиорациялық желінің жағдайы қатты алаңдаушылық туғызуда. Мамандардың пайымы бойынша, олардың тозуы 60%-дан асты, бұл ретте суармалы алқапқа жеткізетін судың жоғалуы 40%-ды құрап отыр.

Мемлекет басшысының Жол­дауында кемінде 3,5 мың шақырым арнаны жаңғырту және цифрлан­дыру міндеті қойылған, ол үшін қаржы ресурстары ғана емес, соны­мен қатар су шаруашылығы инфра­құрылымының нысандарын жоба­лау мен салуды сапалы орын­дай ала­тын мамандандырылған ұйым­дар да қажет.

Суармалы сумен қамтамасыз етудің маңызды көздерінің бірі – еріген және тасқын суды жинақтау бойынша су қоймаларын салу. Еріген суды жинақтау жөнінде осындай міндет бұрын да қойылған болатын, бірақ ол жүзеге асы­рыл­мады. Жылдар бойы ауылдағы су пайдаланушылар үшін тарифтерді көтеруге «тыйым» салынды. Суды суару қажеттіліктері үшін қолдану барысында оны табиғи ресурс ретінде де, егістікке су беруде де болмашы құнмен есептеліп пайда­ланылды. Бұл оның талан-таражға салынуына, суды үнемді пайда­лануға деген ынтаның жойы­луына әкеп соқты, яғни Президент атап өткендей, судың көлеңкелі нарығы пайда болды. Тариф белгілеудің жаңа тәсілдерін енгізу су пайдалану қызмет­керлерінің жалақысын арт­тыру, сондай-ақ гидротех­­ника­лық құрылыстардың техникалық жай-күйін жақсарту бойынша көптеген мәселелерді шешуге, жос­парлы жұмыстар жасауға мүмкіндік бере­ді. Тарифтік саясат су көзіне қолже­тімділік, оны пайдалану мүмкіндігі деңгейінде құрылуы тиіс. Әрбір өзен бассейні үшін судың нақты құнын анықтау қажет. Онсыз суды үнемді пайдалану мүмкін емес. Бүгінгі күні «Қазақ су шаруашы­лығы» РМК белгілеп берген суар­малы бөліністегі судың бүкіл рес­публикаға бірыңғай тарифі – ақыл­ға қонымсыз. Бұл тәсіл өте қолай­сыз және әлемдік тәжірибеге қай­шы келеді.

Мұндай ысырапшылдыққа жол беру – мемлекетке өте тиімсіз екені белгілі. Өзендер ағынының жар­тысы көрші елдерге байланысты екенін және олардың да өз суар­малы жерлерін қарқынды дамытып отырғанын ескеруіміз қажет.

Бұл жағдай қазіргі кезде кеңінен қолданылатын жерүсті суару әді­сінің орнына суарудың заманауи әдістерін (бүрку, тамшылату, топырақ асты) енгізуді талап етеді.

Сондықтан суармалы егіншілік саласында мемлекеттік қолдау саясатын өзгерту қажет. Мемле­кеттік қолдау тек суды үнемдейтін технологияларды енгізетіндерге ғана көрсетілуі тиіс.

Су үнемдеу технологияларын енгізу және суды оңтайлы тұтынуды экономикалық ынталандыру шара­ларын қолданумен қатар су шаруа­шылығы инфрақұрылымын цифр­ландыру, оның ішінде суды пай­далануды есепке алу, мони­торинг­теу және болжаудың өзектілігі артуда.

Климаттың аридизацияға (құр­ғақшылыққа) ұшырау жағдайында жерасты сулары біздің страте­­­гия­­лық қорымыз болып табылады. Ең алдымен олардың қорлары мен са­­­­па­сын объективті бағалап, жер­ас­­­ты суларының нақты дәлдік ка­р­­­­­тасын жасау қажет. Мұндай іргелі зерттеулер ғалымдар мен гид­ро­геологтердің қатысуымен мем­лекеттің қатаң бақылауымен жүр­гізілуі керек. Өкінішке орай, бұл жұмыс қазір көп жағ­дайда жеке ұйымдарға берілген. Еліміз­дегі мыңнан астам ауыл жергілікті су-мен жабдықтау жүйе­лері есебінен (ұңғымаларды бұрғылау және блок-модульдерді орнату арқылы) са­палы ауыз сумен қамтамасыз еті­леді деп жоспарлап отырмыз, бірақ қазірдің өзінде онда жерасты су­ларының бекітілген қорларының дұрыстығы күмән туғызады.

Тағы бір мәселе, елде өздігінен ағатын иесіз 2 200-ден астам ұң­ғыма бар. Қуаттылығы тәулігіне 50 м3 дейінгі су тартқыштарды салу үшін қазір арнайы су пайдалануға рұқсат алудың қажеті жоқ, яғни мұн­дай ұңғымаларды кез келген адам бұрғылай алады. Осылайша, біз стратегиялық ресурсымыз –  жер­асты тұщы суын біржола жо­ғалтып жатырмыз.

Келесі бір өзекті мәселе – ха­лықты сапалы ауызсумен қамта­масыз ету бойынша маман­дан­дырылған пайдаланушы ұйым­дар жоқ. Қазақстан Республикасы Ден­саулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, еліміздегі 235 орталықтандырылған және 483 жергілікті сумен жабдықтау кө­зі иесіз болып табылады.

Бізде сумен жабдықтау ны­сандарын салуға сұраныс бар, бі­рақ оларды күтіп ұстауға тиісті сұраныс жоқ.

2010 жылы құрылған «Қаз­су­шар» РМК жұмысына көп сын ай­тылуда. Ғалымдар мен мамандар осы құрылымның қызметін талдай отырып, басқарманы («Қазсушар» аппараты 70-тен астам адамнан тұрады) шамадан тыс орта­лық­тандыру облыстық буынның әл­сіреуіне алып келді деген қоры­тын­дыға келді. Сонымен қатар кейбір аудандарда мамандар мүлдем жоқ, бұл гидротехникалық құрылыс­тар­дың қауіпсіздігіне байланысты өзек­ті проблемаларды туындатып отыр.

Су мәселелерін шешу осы сала­ға қажетті кадрларды дайындаудан басталатыны анық. Сондықтан Пре­зидент Үкіметке ғылыми және кадр­лық әлеуетті нығайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Су саласында білікті кадр­лар­дың – гидротехниктер, гидротехни­калық құрылыстардың инженер-құрылысшылары, гидрогеологтер, гидрологтер, гляциологтердің тап­­шылығы байқалады. Атап айтқанда, Су ресурстары комите­тін­дегі қызметкерлердің көп­ші­лігінің осы салада практикалық тәжірибесі жоқ, 38 адамның тек 18-і ғана су шаруашылығының ма­мандары. «Қазсушар» РМК жүйе­сіндегі 7 010 адамның тек жар­ты­сының ғана тиісті бейіндік білімі бар, бос жұмыс орындарының саны 652 бірлікті (немесе қызмет­­керлер штатының 9,3%-ын) құрайды. 8 бассейндік басқармада 182 адам жұмыс істейді, ал мамандардың ай­туы бойынша әлі де 420 қыз­меткер қажет.

Ерекше назар аударатын жайт, жаңа су нысандарын дұрыс жос­парламау және салу – мемле­кеттік қаражаттың тиімсіз пайдала­­ны­луы­на ғана емес, сонымен қатар, су­дың тиімсіз жоғалуына әкеп со­ғады.

Гидротехникалық құрылыстар мен бөгеттердегі апаттар көбінесе сол жердегі қызметкерлердің кәсі­би маман болмауынан туын­­дайды. 

Бүгінде су шаруашылығы үшін кадрлар дайындау Қазақстанның 8 жоғары оқу орнында жүргізіледі. Былтыр еліміз бойынша су ресурс­тары және су пайдалану, гидроло­гия, гидрогеология сияқты маман­дықтарға 334 білім гранты бөлінді, оған тек 217 талапкер қабылданды. Яғни, бөлінген білім беру грант­тарының 35%-ы игерілмей қалды. Егер елде жыл сайын 200-ден астам су маманы ғана дайындалса, онда бұл саланы тиімді басқаруды қалай қамтамасыз етеміз?

Қазіргі жағдайды талдай оты­рып, біз осы мәселені тудырған бір­қатар факторды анықтадық.

Талапкерлердің «беделді» деп саналмайтын осы мамандықтарды таңдауға ынтасы жоқ, себебі олар­дың көпшілігі ауылдық жерлерден келеді, олар аз стипендияға, төмен жалақыға және т.б. қанағат­тан­байды.

Сондықтан біз су саласы үшін кадрларды дайындау жүйесін шұғыл түрде қайта қарауымыз керек.

Ең алдымен, жастардың осы сұ­ранысқа ие мамандықтарды иге­руге деген ынтасын арттыру қа­жет. Ол үшін бакалавриат білім алу­шыларының стипендиясын «Педа­гогикалық білім беру» және «Ден­саулық сақтау» бағыттары бойынша стипендия деңгейіне дейін, яғни  36 660 теңгеден 58 800 теңгеге дейін ұлғайту қажет.

Кадрларға сұранысты анықтау мониторингінің тетіктерін жетілді­руіміз қажет.  Сондай-ақ ауыл мек­теп­терінің түлектеріне ауылдық квота бөлу тетігін жетілдіру, ауыл шаруа­шылығы, оның ішінде су мамандықтары бойынша оның көлемін 35%-дан кем дегенде 50%-ға дейін арттыру қажет.

Мамандарды дайындау мақ­сат­ты мемлекеттік білім беру тап­сы­рысы бойынша, су шаруа­шылығы саласындағы жұмыс берушілердің өтінімдері және ең­бек нарығының сұранысы бойын­ша жүргізілуі тиіс.

Жоғары оқу орны, кәсіпорын және студент арасында  үшжақты шарт жасасу қажет. Бұл ретте,  жұ­мыс берушілер өз кәсіпорын­дары­ның базасында  студенттердің прак­тикасын, тағылымдамасын ұйымдастыруды міндетіне алады. Ал жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін түлектердің сонда жұмысқа орналасуына тапсырыс берушілер кепілдік береді. 

Саладағы осындай қордаланған мәселелердің барлығын жаңадан құрылатын Су және ирригация министрлігі жүйелі шешеді деп сене­міз. Ең бастысы, оның басшы­лығына еліміздегі орын алған жағ­дайды зерделей алатын және су шаруа­шылығын дамытуға әлеуеті жететін тәжірибелі, заманауи кәсі­би кадрлар келсін дейік. 

А.КҮРІШБАЕВ, 

ҰҒА Вице-президенті,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу

университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры