Шымкентте жеке­мен­шік білім беру ұйым­да­рының басшылары нара­зылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, же­кеменшік білім беру ме­кемелеріне мем­ле­кет­­тік оқу орындарына беріл­гендей талап қойы­лады, бірақ жағдай жа­сал­май­ды екен.
Жекеменшіктен жік шықты
1,699
оқылды

Оқу-ағарту министрлігі және Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өткен білім беру са­ла­сының кеңесінде айтылған бұл проб­­­лемалық ахуал  біраз тал­қыға түсті. Шымкент қала­сы­ның кә­сіп­керлік палатасында жинал­ған ке­ңес отырысында жеке мек­теп­тер мен бала­бақшалардың бас­шылары жұмыстың сапалы жүр­гізілуіне ке­дергі келтіретін мә­­­­се­­лелерді атап өтті. 

Балабақшаға турникет қаншалықты керек?

Жеке балабақшалардың бас­шы­лары Білім және ғылым минист­­рі­­нің балабақшалардың кіреберіс есіктеріне турникеттерді міндетті түрде орнату туралы бұй­рығына қатысты сын айтты. Олар есік алдындағы осындай тос­қауыл­дар өрт немесе жер сілкінісі кезінде кедергі болады дейді.

 «Бізде балабақшаларда бейне­бақылау, домофон, шұғыл басқару орталығымен байланыс­тыратын да­­­был түймесі бар. Күзет те бар, ен­ді міне, турникет те қойылды. Тер­­­­рорлық қауіп болса, бұл турни­кеттер балаларды қаншалықты қор­­ғай ала­­­­ды? Статистика көрсет­кендей, елімізде мектепке дейінгі меке­­мелерде террорлық актілер тір­­­­­кел­­ме­­ген. Бізге турникет бала­лардың ұлттық қауіпсіздігі үшін қажет деп түсіндірді. Онда неге қауіп­­­­­­сіздік кәсіпкерлер есебінен іске асып жа­тыр? Бұл турникеттер негізінен ере­­сек адамдарға ар­нал­ған, балалар тур­­­­никеті жоқ. Бала турникеттен өткен сайын басын со­­ғып, шекесін жа­ра жаздайды. Оның үстіне, ата-ана баласын кіре­берісте тастап, кіре­­берістен алып кетеді, олар ішке кір­­мейді. Егер ба­­лабақшаның 12 есігі болса, онда 12 турникет қою керек пе?» – деп на­­­­разылық білдірді ба­ла­бақша бас­­­шы­лары.

Осынау мәселе бойынша Қазақ­­­станның үздіксіз білім беру қауым­дастығының төрайымы Лейла Кү­ле­­нова қауымдастық аты­нан тиісті бұйрықтың күшін жою тура­­­лы хат жолдап, Мәжіліс депу­тат­­тарының көмегімен депутаттық сауал жол­­­дау­ға өтініш жасайтын болып ке­лісті.

Жиында сонымен бірге кәсіп­керлер мемлекеттік мектептерге қарағанда жекеменшік білім орда­ларының құқығы шектеулі екені айтылды. Педагогтер үшін жеңіл­діктер мен көтермелеулерге қа­тыс­ты барлық нормативтік-құ­қық­тық актіде міндетті түрде «мем­ле­кеттік білім беру мекемелерінің пе­да­гогтері үшін» деген сөз бар.

«Мәселен, жекеменшік мектеп педагогтерін тұрғын үймен жеңіл­дікпен қамтамасыз ету жайын ала­йық. «Тұрғын үй қатынастары ту­­­ралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94 Заңында жеке білім беру ұйым­дарының қызметкерлеріне қол­данылмайтын мемлекеттік мек­теп оқытушылары үшін қосымша қол­дау шаралары туралы айтылған. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте және кезектен тыс тұрғын үй беру туралы 118-бапқа сәйкес мемлекеттік білім беру ме­ке­мелерінің педагогтері ғана тұр­ғын үй кезегіне тұра алады (118-бап 14-тармақ)», – деп атап өтті Қазақ­станның үздіксіз білім беру қауым­дастығы Шымкент филиа­лы­ның директоры Диана Қара­манова.

Жеке мектептер жан басына шақ­­­­­қандағы қаржыландыру бойын­­­­­ша да мемлекеттік мектеп­терден қа­лып қойған. Шымкент қаласы бес жылдан бері респуб­ликалық маңы­зы бар қала мәрт­е­бесіне ие бол­ғанымен, жеке және мем­лекеттік мектептерді жан басы­на шақ­қан­дағы қаржыландыру мөл­ше­рінде және бір қала бөлі­нісінде айтар­лықтай айыр­машы­лық бар.

Кадр тапшылығы тағы бар

«Жекеменшік мектептердің бас­тауыш сыныптарын жан басына қаржыландыру бір оқушыға – жы­лына 445 мың теңге.  Ал мем­ле­кет­тік мектептерде – 572 мың теңге. Сонымен қатар мемлекеттік мек­тепте біліктілік санаты үшін осы сомадан артық қосымша ақы ала­ды, ал жеке мектепте мұның бәрі мемлекет төлемдерінде «оты­рады». Сонымен қатар біз оқу­лықтар мен әдістемелік құралдарды мемлекет­тік құралдармен тең шарт­­тарда алғымыз келеді, педа­гогтердің бі­ліктілігін арттыруға жұм­салатын шы­­­ғындарды өтегіміз келеді», –  дейді жеке мектеп бас­шылары.

Жеке білім беру ұйымдарының басшылары білім беру процесін тең емес қаржыландыруға байланысты тең емес жағдайға қойылды деп са­найды. Олар Қазақстандағы үшін­ші мегаполистің жеке мек­теп­тері үшін жан басына шақ­қандағы қаржыландыру мөлшерін ұлғай­туды сұрайды.

«Қазіргі кезде Шымкент қа­ласында 100-ден аса жеке мектеп бар, онда 3 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді. Білім беру саласында қазір қызметкерлерді ынталандыру төмендеген, кадр тапшылығы бай­қалуда. Осыған байланысты жеке­меншік мектептер мемлекеттік мек­­тептермен салыстырғанда не­гізгі бәсекелестік артықшылығын жоғалтады. Білім беру іс-әрекетінің өзі әлеуметтік сипатта болады. Осы­­­ған байланысты бір іспен ай­налысатын адамдардың құқығы бұ­зылады», – деп өз ойын атап өтті Шымкент қаласы кәсіпкерлер па­латасы директорының орынба­сары Мақсат Өткелбаев.

Жоғарыда атап өтілген проб­лемалар  жүйелі сипатқа байла­нысты «Атамекен» Ұлттық пала­тасы проблемаларының тізіміне енгізілгенін, сондай-ақ бұл өзекті жайт Премьер-Министрдің орын­басары Е.К.Жамаубаев пен Отан­дық кәсіпкерлер кеңесінің қарауы­на шығарылғаны жөнінде айтылды. ҰКП Адами капиталды дамыту де­­­­партаментінің директоры Азамат Бейсенбенов, нәтижесінде жеке мектептерде оқитын әлеуметтік осал топтағы балаларды тамақ және оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі ішінара шешілгенін жеткізді. «Енді қалған проб­ле­ма­ларды шешу үшін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу талап етіледі. Ұлттық палата Оқу-ағарту министрлігіне тиісті ұсыныстар енгізді. Мемлекеттік білім беру тап­­сырысы бойынша жұмыс іс­тейтін жекеменшік мектептер оқу­лықтар сатып алу немесе бұл мәсе­лені ата-аналардың иығына жүк­теуге мәжбүр. Бұл балалардың та­мақтануына да қатысты», – деді Азамат Бейсенбенов. 

 Білім саласына қатысты өткен кеңестің отырысына осынау сұрақ­тарға жауапты мемлекеттік ор­ган­дардың өкілдері кәсіпкер­лерді ма­­­­­­залаған сұрақтарға жауап берді. Үкімет, министрлік тарапынан ше­шілетін кейбір жайттар назарға алын­ды.  

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы