Оралда белгілі газ тасымалдау ісінің майталманы Есет Әзірбаевты еске алу шарасы өтті. Есет Әзірбаев QazaqGaz компаниясын құрған оның тұнғыш Президенті болған адам.
Есет Әзірбаевтың өнегесі ұрпаққа үлгі
662
оқылды

Салтанатты жиынға БҚО әкімі аппаратының жетекшісі  Нұрділдә  Ораз, QazaqGaz АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов және сала ардагерлері қатысты. 

Салтанатты жиынға жиналғандар алдымен Есет Әзірбаевтың бюстінің алдына гүл шоқтарын қойып, марқұмды еске алды. Жиынға марқұмның көзін көргендер мен отбасы мүшелері шақы­рылған. 

Есет Әзірбаев Қазақстандағы газ тасымалдау өнеркәсібінің мықты маманы болған. Ол кісінің кәсібилігінің арқасында Қазақстанда газ өндірісі жақсы жолға қойылған деді шарада сөз алғандар. 

Есет Әзірбаевтың ескерткіш бюсті Орал қаласындағы агро-техникалық колледжінің  алдында орналасқан. Агро-техникалық колледжінде Есет Әзірбаев атындағы зертхана бар. Бұл колледж мұнай-газ саласының мамандарын дайын­дайды. Колледждің ең үздік оқитын екі студентіне Есет Әзірбаев атындағы сти­пендия тағайындалған. 

Есет Әзірбаев деген кім?

Есет Рауатұлы Әзірбаев – 1942 жылы 14 қаңтарда Башқұртстанда дүниеге кел­ген. Ол газ саласының еңбек сіңірген қай­раткері. «Қазақгаз» ұлттық компаниясын құрған адам. Оның тұңғыш президенті. ҚР Инженерлік академиясының академигі. Ұзақ жылдар Башқұрстан, Ресей, Ливия секіл­ді мемлекеттерде табысты еңбек ет­кен. Мұнай-газ өнімдерін халық игілігіне пайдалану мақсатында, білімін, тәжі­рибесін, күш-жігерін аямай жұмсап, соңына із қалдырған білікті басшы ретінде танылған тұлға. Көзін көргендер көп сөйлемейтін, сабырлы істің адамы болатын еді деп еске алады. 

«Газ саласын экономиканың драйверіне айналдырған тұлға»

Есет Әзірбаевты еске алу шарасына Алматы мен Астанадан арнайы меймандар келген. Олардың бәрі газ саласының ардагерлері. Құрметті қонақтар мен Есет Әзірбаевтың ұрпақтары Новенький ауылындағы Орал компрессорлық стан­ция­сының ауласына жиналды. Себебі бүгін көптен күткен қуанышты сәт. Сала ардагерлері бірнеше жылдан бері айтып жүрген ұсыныстары қолдау тапқан күн. Дәл осы күні газ саласының білікті менед­жері, ғалым Есет Әзірбаевтың есімі «Орал» компрессорлық станциясына берілді. Себебі ол кісі «Қазақгаз» компаниясының тұңғыш Президенті. Әрі осы станцияда бірнеше жыл жемісті еңбек еткен.

«Орал» компрессорлық станциясы бүкіл Қазақстанды, қала берді Еуропаның кей қалаларын газбен қамтып тұрған станция. Салтанатты жиында сөз алған QazaqGaz АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов былай деді. 

– Біз бүгін Есет Әзірбаевтың еңбегіне, жасаған қызметіне тағзым етуге, құрмет тұтуға арнайы Орал қаласына келіп отырмыз. Ол кісі 1991-1992 жылдары осы «Қазақгаз» компаниясының құрылуына үлкен еңбек сіңірген адам. Сол жылдардағы  жасаған еңбегі үшін біз «Орал» компрессорлық станциясына сол кісінің есімін беріп жатырмыз.  Себебі осы компания кезінде алғашқы газ компаниясы болып құрылды. Өте қиын кезеңдерде осы Есет Әзірбаев үлкен стратегиялық ше­шімдер қабылдап, газ саласын экономика­ның драйверіне айналдырды. Ол кісінің көрегендігі, стратегиялық көзқарасы еліміздің экономикасының алға жыл­жуына үлкен септігін тигізді. 1990 жылдары шашырап жатқан газ қожалықтарын бір компанияға біріктіру де осы Есет Әзірбаевтың идеясы болған. Біздің жас мамандар Есет Әзірбаев атамызға еліктеп, қызметінен үлгі алып өсуі керек, – деді QazaqGaz АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Есет Әзірбаевты еске алу шарасына жиналғандар марқұм туралы естеліктері­мен бөлісті. Есет Рауатұлының қол астында жұмыс істеген шәкірттері, замандастары ол кісінің мықты стратег басшы болғанын айтты. 

– Ол өз ісінің білгірі. Одан бөлек Есет Әзірбаевтың ерекше қасиеті отан­сүйгіш­тігі. Ол кісі қайда жүрсе де еліне қызмет етуді қалайтын. Елге келіп газ-мұнай сала­сындағы ірі компанияны ашуы, жас мамандарды тәрбиелеуі осының айғағы. Оны қанша шет елдер жұмысқа шақырса да ол бармай осы Оралда қалды. Елге қызмет етті. Отанға деген жанкешті еңбегі өте жоғары еді, – деп атап өтті «КАТЭК» ЖШС-ның бас директоры Құндыз Нупов. 

Есет Әзірбаев көзі тірісінде қайырым­дылық шараларымен көп айналысқан адам болған. Әсіресе, жастардың әлеу­меттік мәселесіне жүрдім-бардым қа­рамай­тын, қолдан келген көмекті аямай­тын жылы жүректі басшы болыпты. Ол туралы Есет Әзірбавтың көзін көрген шәкірті Таңбай Наушиев айтып берді. 

– Мен Есет Әзірбаевпен 1970 жылы таныстым. Жап-жас жігіт еді. Мен техникум бітіріп келген жас маманмын. Мені жұмысқа алды. 1991 жылы Есет Әзірбаевтың бастамасымен осы Оралда ұлттық газ компаниясы құрылды. Әрине, оңай болған жоқ. Есет Рауатұлының қайсарлығының арқасында ол завод жұмысы жүріп кетті. Кейін осы облысқа пайдасы келе бастады. Есет Әзірбаевтың жеке басы туралы айтсам, ол кісі сол қылышынан қан тамып тұрған  Кеңес үкіметінің кезінде өмір сүрсе де, өте батыл шешімдер қабылдаған көшбасшы еді. Ол кісі жастарға үлгі-өнеге болудың үлгісін көрсеткен адам. Сол кездің өзінде араб тілін өте жетік білген адам. Әкесі де, шешесі де құранды оқи алатын адамдар еді. Ол кісі үш жыл Ливияда қызмет атқарған адам, арабшасы деген өте жоғары деңгейде еді. Есет Әзірбаев адамдармен қарым қатынастың өте жоғары мәдениетін көрсеткен адам еді. Өте ұстамды, көп сөйлемейтін адам.

Есет Әзірбаевтың шәкірті, «КАТЭК» ЖШС-ның бас директоры  Құндыз Нупов солтүстік өңірлерге газ тарту идеясын 1991 жылы Есет Әзірбаев ұсынды. Ол ұсыныс араға бірнеше жылдар салып жүзеге асты ғой. Қазір газ Астанаға тартылып жатқаны сол идеяның дұрыс болғандығының дәлелі деп атап өтті. 

Ал белгілі ғалымның баласы болса әкесінің көзін көрген барша ардагерлерге алғысын жеткізді. 

– Менің әкемді ұлықтап, өткен өмірін айтып, естеліктермен бөлісіп жатқан баршаңызға алғысымды білдіремін. Әкем қайда жұмыс істесе де ұяттан аттамай еңбек етті. Ол осы Орал қаласынан кеткісі келмейтін. Себебі ата-анасынан алыста­ғысы келмейтін. Ақтауда қызмет етті. Одан кейін Саратов қаласына жұмыс бабымен ауысты. Одан кейін Ливияда қызмет ат­қар­ды. 1991 жылы қайтадан осы Орал қала­сына келіп қызмет етті, – деді халық алдында сөз алған Есет Әзірбаевтың ұлы Рустам Әзербаев. 

Есет Әзірбаевтың тамыры Батыс Қазақстан облысында. Ол өзі Башкерияда туып, өссе де ата-анасы осы Орал топырағының адамдары. Нақтырақ айтсақ, әкесі Жәнібек ауданы, ал анасы Бөкей Орда ауданының тумасы болған. Қанша жырақта жүрсе де елге қызмет етуді көздеп, Оралға орала беруі де сол қан тамыры жібермеген болып тұр деп күліп еске алды марқұмды білетіндер. 

Ал салтанатты жиынға қатысқан БҚО әкімі аппаратының жетекшісі Қазақстан экономикасына қосып отырған газ саласы мамандарының еңбегі зор екендігіне тоқталды. 

– Қазағымның тарихында Есет Әзір­баев секілді бағдаршам болатын, шамшы­рақтай жарқыраған тұлғалары бар еліміздің еңсесі әрқашан биік болары сөзсіз. Біз газ саласына еңбек сіңірген азаматтарымызды дәріптеп, олардың есімдерін ұлықтап жүр­сек ертеңгі ұрпаққа да үлгі. Газ саласына еңбек сіңірген,  өмірлік дүниесімен қан­шама азаматтарға үлгі болған ардагер аға­ларымыз отыр. Сіздерге басымды иіп, алғыс айтамын. Газ саласының біздің елдің әлеуеті үшін, экономикасы үшін үлкен маңызды тетік екенін білесіздер. Қазір әлемнің өзі түрлі қазба байлықтарды іздеп, зәру болып отыр. Біздің даламызда қазба байлық жетеді. Соның ішінде осы газ саласында еңбек сіңіріп, осы мәселе ертеңгі ұрпақ үшін молынан қалсыншы, берекесі болсыншы деп жүрген сіздерге алғыс білдіремін, – деді облыс әкімі аппаратының жетекшісі Нұрділдә  Ораз. 

 

P. S: 

Қазақстан қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде Мұнай-газ кешені қызметкер­лерінің төл мерекесін атап өтеді. Бұл табиғат байлығын тиімді игеріп, ел игілігіне жарату жолында еңбек етіп жүрген геолог пен бұр­ғы­шы­лар, мұнай өңдеуші мен құбыршылар, құрылысшы мен игерушілер – түрлі маман­дық иелерінің кәсіби мерекесі.Дәл осы кәсіби мерекеге санаулы күн қалғанда бел­гілі газ саласының маманы, мықты менеджер Есет Әзірбаевтың есімі Орал компрессорлық станциясына берілуі де өзгеше салтанатты мәнге ие болғандай.