«Креативті индустрияны дамыту керек». Бұл – «Текемет» қолөнер шеберханасының құрылтайшы­ларының бірі Тоқжан Бабиеваның сөзі.
Текті өнерді дәріптеген «Текемет»
881
оқылды

Жарнама индустриясынан қолөнер өнеркәсібіне ауысқан қос құрбы қазір Орал қаласында этностильдегі картиналар жасай­тын шеберхана иесі атанып отыр. Этно­­стильде шеберхана ашу идея­сы сонау жылдары Италияға сапа­ры барысында пайда болыпты. 

Кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында креативті индустрияны дамыту қажеттігіне тоқталды. Соның ішінде медиа, дизайн, кино сияқты ірі индустриялар бар. 

– Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, ди­зайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия.

Қазіргі заманда азаматтардың шығар­ма­шылық әлеуетіне және зияткерлік капи­талына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті эко­номика­ны дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті эко­номика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес, – деді Президент. 

Иә, шынымен біздің елде креативті индустрияны дамыту қажет. Бұл туралы бізбен сұхбаттасқан «Текемет» қолөнер шеберханасының иесі де айтып отыр. 

«Біздің картиналарды Америка, Марок­ко, Испания, Германия, Ресей елдері өте жақсы алады. Олар сыйлыққа беру үшін арнайы тапсырыспен алдыр­тады. Еуропада дизайны әдемі, этностиль­дегі картина сыйлау ерекше құрметті біл­діреді. Олар біздің картиналардың баға­сына қарамастан өте жақсы алады», – дейді Тоқжан Бабиева. 

«Текемет» қолөнер студиясының жұ­мыс істегеніне көп бола қойған жоқ. Бұ­рын жарнама саласында табысты еңбек етіп келген екі қыз –  Салтанат Қоспаева мен Тоқжан Бабиева ойлана келе, осы этно­­стилдегі шеберхана ашуды ұйымдас­тырады. Этностильдегі шеберхана ашу туралы алғашқы ой Италияға сапар кезінде пайда болған. 

– Қасымдағы серіктесім Салтанат Қоспаева Италияға барды. Сол кезде сый­лыққа бір этностильдегі картина жа­сап алып кеткен еді. Италиядағылар кар­тинаға қат­ты қызыққан. Шетелдіктердің біздің өнерге деген қызығушылығы бізге Орал қа­ла­сында «Текемет» қолөнер ше­бер­ха­на­сын ашуға түрткі болды, – дейді Тоқжан Бабиева. 

Бұл 2015-2016 жылдары еді.  Содан бері қолөнер шеберханасы Астана, Алматы қалаларындағы ірі көрмелерге қатысып, біраз танымалдыққа ие болды. Бүгінде ол шеберханада 5 адам жұмыс істейді. 2020 жылы мемлекеттен 5 млн теңгенің қай­тарымсыз грантын алған. 

– Біздер ұлттық стильдегі картиналар жасаймыз. Шежіре жасаймыз. Оралда шежіре жақсы өтеді. Оған сұраныс көп. 2020 жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алдық. Сол ақшаға заманауи құ­рылғы сатып алып, орнаттық. Қазір соны­мен іскерлік әлеміне қажетті сыйлықтарды басып шығарамыз. Ал таза шығармашылық жұмыстың бәрі қолмен жасалады, – дейді Тоқжан Бабиева. 

Сөз реті келгенде айта кетейік, біздің елде қазір кәсіп ашамын дегендерге мем­лекеттік қолдау баршылық. Солардың ішінде мемлекет беретін қайтарымсыз гранттар көп адамның жолын ашқаны рас. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де қайтарымсыз гранттың қайырын көргендердің бірі. 

БҚО-да биыл қайтарымсыз гранттар үшін 137,7 млн теңге ақша бөлінген. Осы ақшаға жоспар бойынша 30- ға жуық адам қайтарымсыз грант алады деп күтіліп отыр. 

«Грантты кез-келген адам ала алады. Бастысы, жаңашыл идеясы болуы керек. Және кәсіпкер ретінде тіркеліп, 2-3 адам­ды жұмыспен қамтуы қажет. Жоғарыда сіз атаған «Текемет» қолөнер студиясы грнат­ты 2020 жылы алды. Қазір жемісті жұмыс істеп тұрған жобалардың бірі», – дейді БҚО Кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мирам Қабдығалиев. 

«Текемет» қолөнер шеберханасы Ду­бай­да өткен фестивальге қатысқан. Бола­шақта Өзбекстан мен Түркияда көрме өткізуді жоспарлап отыр. 

Қолөнер шеберханасында дайындала­тын картиналардың бағасы 15 мыңнан басталып, 600 мыңға дейін барады. Әр картинаның мәні, терең мағынасы бар. Көп картиналар қазақтың әдет-ғұрпы, ырым-тыйымдарымен үндесіп жатыр. 

Мәселен, «Ұшқан ұя» кратинасы қара шаңырақ, өскен орта, ұядағы тәлім-тәрбие негіздеріне негізделіп салынған. 

Мұндай картиналар өте көп. 

Өкінішке қарай, «Қазақстанда әзірге қымбат картиналарға сұраныс аз», – дейді біздің кейіпкеріміз. 

– Президент «креативті индустрияны дамытуды қолға алу керек» деді. Мұны естіп біз қуанып отырмыз. Шынымен де ел­дегі креативті индустрияны көтеру керек. Сонда халықтың сана сезімі де өседі. Тұрмыстан басқа рухани өсу дегенді де ұғынады. Сана деңгейі жоғарылай береді. Бұл деген тұнып тұрған өнер ғой. Соның ішінде этностильдегі туындылар деген тұнып тұрған қазақтың өз тарихы, өзі жүріп өткен жолы. Оны насихаттау бәрімізге міндет, – дейді Президент Жолдауынан қолдау тапқанына риза болған Тоқжан Бабиева. 

БҚО бойынша қайтарымсыз грант­тарды беру биыл да жалғасады. Жаңашыл, тың идеяларға қолдау көрсеткен абзал. 2022 жылы 46 грант берілген. «Биыл 30-ға жуық грант беріледі деп жоспарланып отыр», – дейді сала мамандары. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, 

Батыс Қазақстан облысы