5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі.
Рауан Кенжеханұлы: Ана тілі – ең қасиетті де қастерлі ұғым
1,246
оқылды

Бүгін ұлтымыздың ардақты азаматы, қазақ тіл білімінің атасы, оның ғылыми негізін қалыптастырған аса көрнекті ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының дүние есігін ашқан күні. Осыдан бірер жыл бұрын дәл осы күнді тіл мерекесі ретінде атап өту туралы шешім қабылданған. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» үшін бұл – төл мереке!

Өздеріңіз білетіндей, биыл жазда «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс Құрылтайы өтіп, құрылтайшылар ұйымның тізгінін маған сеніп тапсырды. Осы аралықта бірнеше аймақты аралап, көптеген тіл жанашырымен жеке кездесіп, қазақ тілінің қоғамдағы күшін арттыруға арналған ұсыныстарды талқыладық. 

Қазақ тілі дегенде Мемлекет басшысынан бастап қарапайым азаматтардың қай-қайсысының да жеке пікірі, ұстанымы бар. Тілге бейжай қарайтын адам жоқ. Бәріміз үшін ана тілі – ең қасиетті де қастерлі ұғым, Тәуелсіздікпен тең тұратын ең асыл құндылық. Қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын, қазақша түс көретін орта үшін қазақ тілі теңдесіз қастерлі дүние. Оның қажеттілігі, маңыздылығы туралы айтып жатудың өзі артық. Тілсіз бізге өмір жоқ. 

Алайда біздің қоғам біркелкі емес. Еліміздің тарихи тағдыры Қазақстан қоғамын алуан түрлі мәдениет, тіл, дін мен ділдің біте қайнасқан ортасына айналдырды. Бір кездегі солақай саясаттың салдарынан тіл мәселесі – қоғамның бір бөлігі үшін ұлт болашағы үшін  секем мен сенімсіздік үрейіне айналды. Оның бір себебі Тәуелсіздік жылдарында да ана тіліміздің Қазақстан қоғамын біріктіруші ұйытқы ретінде орнығуына қажетті қадамдар тиісті дәрежеде жасала қоймады. Сол себепті тіл дегенде әлі де көптің кеудесін өкініш пен ашу кернейді. 

Дегенмен әсіресе соңғы жылдары қазақ тіліне шын ықылас танытатын, оны қоғамды біріктіре алатын, ортақ ұлы елдік мақсатқа ұйыта алатын күш ретінде танитын, ілгері ортаның салмағы артып келе жатқандығы айқын көрінеді. Біз құрып жатқан Жаңа Қазақстан осындай ілгері ортаға арқа сүйеп, қазақ тілін барлық әлеуметтік топ, ұлт пен ұлыс өкілдерін жақындастыратын ортақ платформа ретінде дамыту қажет деп ойлаймын. Ол үшін, бірінші кезекте, қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін ағайын қазақ тілін үйренуге ықылас танытқан отандастарға жылы шырай, нақты көмек пен қолдау көрсетуі қажет. Мәжбүрлеу мен жазалау шаралары арқылы тілге абырой әпере алмасымыз анық. 

Тіл – сап алтындай табиғи байлығы сақталған, жан тербейтін әуезі, әдемі үні, ерекше тарихы және қазіргі заманға лайық мазмұны арқылы ғана көпке тартымды, сүйкімді бола алады. Сондықтан тіл жанашырларынан құралған еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым ретінде біз тілімізді үйренем деушілерге барынша жағдай жасап, оларға көмектесуге, оларды ынталандыруға тиіспіз. 

Ол үшін жас балалардың тілін қазақша шығаруға қажетті құралдардан бастап, ілгері техникалық ғылыммен айналысуға керек мазмұнға дейін, барлық саланы жан-жақты қамтып, қазақ тілінде сөйлейтін, жазатын, қызмет ететін, шығармашылықпен айналысатын барлық азаматтың тұлға және маман ретінде өз тілінің аясында жетіліп, табысты болуына қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл үшін бізге ауызбіршілік пен мол қаржылай қолдау керек. Жоспарымызды нақтылап, қолға алатын іс-қимыл, шара мен жобаларымызды айқындап, белсенді іске кіріссек, ана тілімізге қатысты барлық түйткілді мәселелерді жылдам әрі тиімді шешуге әбден болады.  

Біздің арманымыз – бір тілде сөйлейтін, бір мүдде төңірегінде ұйысқан кез келген мәселені ортақ ұлттық мүдде үдесінде, бір тілде талқылап, пәтуаға келе алатын бірлігі бекем, білігі мен білімі жоғары ілгері қоғамға айналу. Барша қоғам қастерлеп, құрмет тұтатын Ана тіліміз – осындай ілгері қоғамның алғышарты, әрі берік тұғыры болмақ. 

Бүгінгі тілдер күнінде баршаңызды ана тіліміздің абыройын арттыруға жасампаздық, мейірім, білім және мәдениет арқылы атсалысуға шақырамын! 

Қазақ тілінің киесі Тәуелсіз Қазақстанға жар болсын!

 

Рауан Кенжеханұлы

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының» Президенті