Қазақстан жаңа саяси дәуірге қадам басып, әділетті мемлекет құру жолын таңдады. Бір жарым жылдың ішінде билік тармақтары толығымен жаңғырды.
Халық жаңа реформалардың жемісін сезінуі керек – сарапшы
725
оқылды

Еліміз суперпрезиденттік басқарудан ықпалды Парламенті бар президенттік республика моделіне көшті. Яғни, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты.

Ендігі кезекте еліміздегі саяси жаңғыру экономикалық өзгерістерге ұласуда. Яғни, халықтың әл-ауқатын көтеру басым бағыт болмақ.

Күні кеше Президент Қ.Тоқаев жариялаған Жолдау Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарын айқындап берді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдардың өзегіне айналатынын» атап өткен болатын.

Нағыз қарыштап дамып келе жатқан ел боламыз десек, қарапайым халық барлық жүргізіліп жатқан реформалардың жемісін сезінуі керек. Бүгінде азаматтарымызды құрғақ уәдемен алдай алмайсың. Саяси жүйемен қатар, халықтың санасы  да жаңғыруда.  

Нақты нәтиже 10-20 жылдан кейін емес, алдағы уақытта болғаны жөн. Халықтың күтіп жатқаны  осы.

Бұл жауапты жұмыста «AMANAT» партиясының рөлі ерекше. Партия соңғы бір жарым жылдың ішінде елімізде іске асқан өзгерістерді жүзеге асырудың алғы шебінде болды. 

Партия Төрағасы Е.Қошанов атап өткендей, «AMANAT» үшін Жолдау стратегиялық маңызды құжат болмақ. 

Сондықтан да алдағы уақытта жаңарып келе жатқан Үкіметтің жұмысы «AMANAT» фракциясының қатаң бақылауында болады.

Ал Президент қойған міндеттердің барлығын заңнамалық деңгейде сапалы орындалуын қамтамасыз ету депутаттардың негізгі жұмысына айналмақ.

Сонымен қатар бұл жұмыста қоғам да белсенділігін танытқаны жөн. Халықтың салиқалы ойлары мен салмақты пікірлері де алға қойған мақсаттарды тиімді орындауға өз септігін тигізер. Бұл  демократияның талабы.  

Осындай жағдайда ғана біз жаңа саяси мәдениеті қалыптасқан, экономикасы дамыған Әділетті Қазақстанды құратын боламыз.

Ерлан АХМЕДИ, саяси сарапшы