Елімізде 5 миллиондай жас азамат бар деп есептесек, олардың бір миллионы құмар ойынның жетегінде жүр.
Қазақстанда әрбір бесінші жас құмар ойын ойнайды – Елнұр Бейсенбаев
1,047
оқылды

Жақында Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында азаматтардың құмар ойынға тәуелділігі мәселелері қаралды. Жиында Президент лудоманияға қарсы шектеулерді күшейтуді тапсырды. Осы ретте «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттарының бастамасымен лудоманияға қарсы заң жобасы әзірленген болатын. Бұл туралы фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаев толығырақ тарқатып айтып берді.

Мемлекет басшысы құмар ойынға әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырып, салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді.

«Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. 

Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деді Президент. 

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, елімізде қанша адамның лудоман екені туралы әзірге нақты статистика жоқ. Алайда әрбір бесінші жастың құмар ойын ойнайтыны белгілі.

«Егер елімізде 5 миллиондай жас азамат бар деп есептесек, онда олардың бір миллионы құмар ойынның жетегінде жүр.

2023 жылдың бірінші 4 айлығының қорытындысы бойынша осы букмекерлік кеңселердің айналымында 100 млрд теңгеден астам қаражат болған. Ал, 1,5 жылды алатын болсақ айналымдағы ақша 1 трлн теңгеден асқан. Бұл өте көп сома. Егер, елімізде 1 млн-дай адам құмар ойын ойнайды деп есептесек, онда әрқайсысы орта есеппен 1 млн теңгесін осы ойынға салған», – деп нақтылады фракция жетекшісі.

Сондай-ақ Елнұр Бейсенбаев былтыр VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары лудоманияға қарсы заң жобасын әзірлегенін атап өтті. Оны биыл қыркүйек-қазан айларында Мәжіліс депутаттарының қарауына шығару жоспарланып отыр. Аталған заң жобасы ойын бизнесінің жарнамасын шектеуге, лудомандардың ойнауына кедергі жасауға бағытталған.

Бұдан бөлек, еліміздің әр өңірінде лудомандарды «емдейтін» жекеменшік орталықтар жұмыс істейді, психологтар көмек көрсетеді.

«Жаңа заң жобасы негізінен ойын бизнесімен айналысатындардың, әсіресе букмекерлік кеңселердің жұмысына барынша шектеу қоюға бағытталған. Солардың негізгілеріне тоқталып өтейін:

- Букмекерлер мен тотализаторлар жарнамасын шектеу. Атап айтқанда: ғимараттардың қасбетіне, көлік құралдарына жарнама ілуге, сондай-ақ, БАҚ-та, интернет-ресурстарда, ТВ мен радиода, тұрақты басылым беттерінде, кино және видео өнімдерде, анықтамалық қызмет көрсету сервистерінде жарнамалауға толық тыйым салу;

- 21 жасқа толмаған азаматтарды құмар ойын ойнауға тартқан немесе ойнауға мүмкіндік жасаған заңды тұлғаларды әкімшілік жазаға тарту;

- Несиелік берешегі бар жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына толық тыйым салу;

- Интернет-казино ұйымдастырғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту;

- Балалар ұйымы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және діни ұйымдар орналасқан ғимараттар мен тұрғын үйлерде лотерея таратуға немесе лотерея терминалдарын орналастыруға тыйым салу;

- Жұмыс істеуіне сотпен тыйым салынған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жасау және олардың пайдасына қаржылық операция жүргізуге банктер мен төлем жүйелеріне тыйым салу;

- Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар арқылы ойын бизнесін ұйымдастырушыларды өз аппараттары мен бағдарламалық жүйелерін мемлекеттік кіріс органдарының ақпараттық жүйесімен интеграциялауды міндеттеу», – деп түсіндіріп өтті Е.Бейсенбаев.

Фракция жетекшісінің айтуынша, заң жобасы бекітіліп, қолданысқа енсе, құмар ойын ойнайтындардың қатары біршама азаятын болады. 

«Бұл тұста біздің алдымызда нақты KPI жоқ: 50 пайыз немесе 60 пайызға дейін азайтамыз деген. Біз – «AMANAT» депутаттары, бұл дерттің тамырына түбегейлі балта шапқымыз келеді.

Лудомания – расымен де өте проблемалық мәселе болып тұр. Тіпті, Президенттің өзі кеше Жолдауында бұл туралы айтты. Онымен күресті тек Мәжіліс депутаттары жүргізбеуі керек, біз қоғам болып күресуіміз керек. Бір ғана заңмен мәселе шешілмейді.

Темекімен күресу үшін оның қорабының сыртына никотиннен болатын түрлі аурулардың фотосын жабыстырып шығарып жатыр, адамдар аяқ тартады деген үмітпен. Бұл тәсіл расымен де нәтиже берген. Ендеше біз де осы лудоманияның құрбаны болған адамдардың тағдыры туралы түрлі роликтер, мақалаларды БАҚ-та жариялауымыз қажет, әлеуметтік желі арқылы жиі көрсете беруіміз керек. Құмар ойын салдарынан қазір өте қайғылы жағдайлар жиі болып жатыр. Бәлкім қазір ойнап жүргендер қойып кетпесе де, жаңа лудомандар пайда болмайды. Яғни, проблеманың одан әрі ушығуына жол бермеу керек», – деді Елнұр Бейсенбаев.

 

Фотоколлаж Azattyq Rýhy