Сонымен Мәжілістің VIII шақырылым депутаттары демалыстан шықты. Десе де олардың үш ай жаз құр жатпағанын білеміз. Елі іші, халық арасындағы жұмысы көз алдымызда өтті.
Депутаттар аграрлық салаға алаңдаулы
751
оқылды

Олар тынығып емес, азаматтардың айтқан өтініш, артқан үмітінен қуат алып келді деуге болады. Ал жаңа Жолдау олардың жігерін жани түсті десек, артық айтқандық емес. Ендеше  жаңа маусымдағы алғашқы отырысты қысқаша шолып өтелік.

Мәжілістің Жалпы отырысында қарау үшін палата Бюросы күн тәртібіне 10 мәселе ұсынған екен. Олар – Салық кодексіне, автомобильмен жолаушы тасымалдауға қатысты заң жобалары, бірқатар елмен жасалған келісімдерді, конвенцияны және олардың хаттамаларын ратификациялау туралы. Пленарлық отырыстың бұл бөлігі әдет­тегідей бірқалыпты дауыс беру процедурасымен өрбіді. Бұдан бұрын Бюро отырысында талқылан­ған­дықтан, ішінара пікір білдірген депутаттар болмаса, бұл құжаттардың жұмысқа қабылдануын да қорытынды әзірленуін де палаталастар бірауыз­дан қолдап отырды. Одан кейінгі кезек депутаттық сауал жолдау бөліміне келген. Осы күнді ұзақ күткен депутаттар қоғамда қордаланған  талап-тілектердің тиегін ағытты. Көпшілігі өздерінің көтеріп отырған мәселелерінде жаңа Жолдауды басшылыққа алғаны бірден байқалады. Сауалдардың дені Үкімет бас­шысы Әлихан Смайылов пен оның орынбасарлары Роман Скляр мен Тамара Дүйсеноваға, АШМ, ЦДИАӨМ, ҚМ және Бас Прокурор Берік Асыловқа арналды. Бірінші болып сөз алған депутат Ерлан Саиров «AMANAT» партиясы фракциясының мү­ше­лері атынан жолдаған сауалында Ауыл шаруа­шылығы министрлігін сынға алды.

«Gosagro субсидиялау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істемейді. Фермерлер 2020 жылдан бері бар­лық субсидия түрін уақытында ала алмаған. Бұл олар­ды жылдық 20 пайызбен қымбат несие алуға мәжбүр етіп, қаржылық жағдайын айтарлықтай нашарлатып отыр. Тек Ақмола облысы бойынша 23 мың өтінімнің 13 мыңы ғана қаралған, ал Жетісу облысы бойынша 1600 диқан пайыздық мөлшер­лемені субсидиялау көмегін ала алмай отыр. Осы жылы аграрийлерді қолдауға субсидия өткен жыл­мен салыстырғанда (426,1 млрд теңге) 5,4%-ға аз бөлінді. Тыңайтқыштарға субсидиялау 23%-ға, пес­тицидтерге 27%-ға, мал шаруашылығына 21%-ға, бағаны тұрақтандыруға субсидиялау 20%-ға қысқарды. Ауылшаруашылығын субсидиялауға биыл бөлінген қаржы, өткен жылғы қарызды өтеу үшін жұмсалған. Ал биылғы тапсырыс бойынша 124,5 млрд теңге тапшылық пайда болған. Үкімет қо­сым­ша қаржы бөлу жөніндегі шешімді әлі қабылдаған жоқ. Мұндай жағдайларда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық сала­ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкін емес», – деді ол.

Ерлан Саировтың айтуынша, бүгінде Ресей Федерациясы сүт өңдеушілерді тоннасына 25 доллар көмек жасайды, ал Қазақстанда тоннасына 5 дол­лардан аспайды. Келесі жылдан бастап Ресей сүт өнімдерін экспорттаушылар үшін көлік шығындарын 100% субсидиялайды. Ал бізде субсидиялар шектеулі, екінші дәрежедегі банкілер кредиттеу мөлшерлемесі өте жоғары, нәтижесінде қазақстандық өндіріс қысқарып, тоқтатылуда. Агропродукт (Алматы) және Маслодел (СҚО) екі сүт өңдеу ірі кәсіпорны жабылып қалған. 12 құс фаб­рикасының жұмысы тоқтатылып, Ресей, Беларусь, Өзбекстаннан құс өнімі импорты артып, Қытайдан сапасы күмәнді өнімдер көптеп әкелінуде.

«Ақпан-шілде айларында  Ресей және Беларусь шұжық өнімдерінің бағасы Қазақстан нарығында екі есеге төмендеп кетті. Қазақстандық ет кәсіп­орын­дары қоймаларға жұмыс істеуде. Күнбағыс тұқымына экспорттық кеден салығын енгізу нарықтық бағаның 30%-ға төмендеуіне әкелді.  Қабылданған шаралар Қазақстанның емес, шет ел өндірушілерінің «пайдасына» жұмыс істеп кетті,  май өңдеу зауыттары күнбағысты  шет елден тасуда. Мал шаруашылығында да жағдай  өте ауыр! Тірі малды әкетуге тыйым салу,  ірі қараны экспортты квота жасау шаралары да теріс нәтижелер берді. Ауылда жеке үй шаруашылықтары өздерінің малын өткізуге зар болып қалды. Соның нәтижесінде малға қарап отырған ата-аналар балаларын мектепке дайындауға ақша­лары жоқ! Халық нанды қарызға алатын жағ­дайға жеткен! Қазақстанның астық нарығындағы жағ­дай да  тұрақсыз. Азықтық бидайдың орташа құны өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 1,5-2 есеге арзандап кетті, бұл ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілердің жаппай банкротқа ұшырауына себеп болуы мүмкін. Яғни, еліміздің аграрлық сала­сы жүйелі дағдарыс алдында тұр!», – деді депутат.

Ал «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жаз келсе қоғамда теміржол жолаушылары тасымалына қатысты ша­ғым көбейетініне, бұл жылда қайталанатын жағдай екеніне, тасымал сапасының сын көтермейтініне назар аудартты. Себебі жолаушылар құрамының көп бөлігі кеңес заманының мұрасы.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жылжымалы теміржол құрамының паркі 138 мың бірлікті құрайды, орташа тозуы – 55%. Министрлік 2025-2030 жылдар аралығында вагондар паркін жаңар­туды жоспарлап отыр. Осы орайда, ескере кететін жайт «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылды. Яғни, 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құ­рамы паркінің тозуы 55%-дан да асып кетпейтініне кім кепіл?!», – деді депутат.   

Одан бөлек, Елнұр Сабыржанұлы билеттер тапшылығымен қатар, бағасының қымбатшылығын да мәселе етіп көтерді. Сондай-ақ, қымбат бағасына сапасы сай келмейтін пойыздардың жиі кешігуін де сынға алды. Министрлік мәліметінше, тек биылғы тамыз айының 11-17 аралығында жолаушылар пойыздарының 50 сағат 40 минутқа кешігіп келуінің 86 жағдайы тіркелген екен. Халық қалаулысы аймақтардағы теміржол вокзалдарының шетелдік компаниялардың басқа­руына өтіп кеткеніне назар аудартты. Жиында де­пу­таттар сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ын жемқорлық жайлап кеткенін, Агробанк құру мәселесін, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жайын мәселе етіп көтеріп, «Қазсу­шар» кәсіпорнының жұмысындағы кемшіліктерді, шаруалардың өндірген өнімін кепілді түрде сатып алатын жүйе жоқ екендігін, тариф саясаты мен басы артық делдалдар тізбегін сынға алды. Соның ішінде аманаттықтар көтерген кезекті бір мәселе – орман ша­руа­шылығы қызметкерлерінің мардымсыз жала­қы алатыны.

«Абай облысында орман өрті болып ондаған азаматымыздан айрылған соң Экология министрі «орманшылардың жалақысы үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап өседі» деп ақпарат құралдарынан ақтарылып сөйледі. Күн сайын өмірлерін болмашы жалақы үшін бәйгеге тігіп жүрген мамандар қуанды. Бірақ қуаныштары ұзаққа бармады. Себебі Үкімет бұл саладағы қызметкерлердің тең жартысын «ұмы­тып кеткен». Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап жала­қысы өскендердің санатына «Орман және жа­нуар­лар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелердің директоры, директордың орынбасары, орман өртін сөндіру станциясының басшысы, аңтанушы, орманшылық басшылары сынды бірқатар маман­дары кірген. Бірақ осы мекемедегі өрт сөндіру станциясының сарбаздары, трактор жүргізуші, автокөлік жүргізуші, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, тұқымбақ жұмысшылары, радио байланыс операторы, автокөлік жөндеуші, ағаш құлатушы, қарауылшық (сторож), кіші қызметкер (техничка), бас есепші, экономист, есепші-кассир, заңгер, механик, шаруашылық меңгерушісі, кадр ма­маны, іс жүргізуші лауазымдарындағы қызмет­керлердің айлығына көк тиында қосылмай қалған», – дейді депутат Нартай Аралбайұлы. 

Мысалы, БҚО-ғы орман шаруашылығында қыз­мет ететін өрт сөндірушілер 70 мың теңге айлық алады, одан және салық ұсталады. Алматы облысын­дағы орманшыларда да осы жағдай. Қазіргі қымбат­шылықта бұл ақша түкке де жетпейді. «Орманшы­лардың жалақысын өсіреміз» деген бастама айна­лып келгенде ұжымдарды екіге бөліп тастап отыр. Ал Экология министрлігі «жалақысы өспеген ма­ман­дарға жергілікті бюджеттен қаржы қарас­тырылсын» деген уәж айтып отыр. Бірақ жергілікті бюджетте аталған мақсатқа қаржы қаралмаған. Одан бөлек, орман шаруашылығындағы техникалар әбден тозған. Тракторлар жүрмейді, көліктер бая­ғыда темір-терсекке айналған. Осы ретте депутаттар бірқатар ұсыныс беріп отыр.

«Біріншіден, орман шаруалығындағы қыз­меткер­лерді бөліп-жармай, еліміз бойынша «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» меке­мелерде қызмет ететін мамандардың бәрінің ай­лығын дереу 100 процентке көтеру керек. Бұл «AMANAT» фракциясы депутаттарының ұстанымы. Екіншіден, орманшыларға қажетті материалдық-техникалық базаны 100 процентке жаңарту керек. Экология министрлігі бұл шаруаны тек 2027 жылы іске асырамыз деген. Бірақ 2020 жылы  Қазақстан Республикасының Президенті «5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу» бойынша тапсырма бергенін ескерсек, орманшылар аталған аумақтарды тілсіз жаудан немен қорғайды? Үшіншіден, орман отырғызу жұмыстарын науқаншылықпен бастап кетпей, алдымен топырақтың жарамдылығын тексе­ретін ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Мәселен, БҚО-да 1 мыңнан астам  гектарға орман отырғызылады делінген, бірақ тексеру барысында ол жерлердің бестен бірі орман отырғызуға мүлдем жарамсыз екені анықталған. Бұл мәселе еліміздің барлық аймағына қатысты», – деді депутат Жанарбек Әшімжанов.

Жиында сондай-ақ балаларды дамыту, жастарды баспанамен қамту, «Көлсай» көлдерінің жағдайы, Ұлытау облысындағы көмір тапшылығы, ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компаниялардың бюд­жетке берілетін дивиденттері туралы сөз болды. Ал Бас Прокурор Берік Асыловқа сауал жолдаған аманаттық депутаттар Ақмола облысы Егіндікөл ауданы тұрғындары жарты жылдан бері ауызсусыз отырғанын жеткізді. «Нұра топтық су құбыры» РМК-ға қарайтын бұл құрылым 90%-ға тозған. Сон­дық­тан ол арқылы жіберілген судың 80%-ы ысырап болып отыр. Ауданда 25 мамырдан бастап жергілікті техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанымен, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне қарасты аталған РМК осы уақыт бойы мүлдем әрекет етпей отыр. 

Қалай болғанда да, кезекті сессияның алғашқы отырысы көтерген проблемалардан Үкіметтің белі қайысады деуге болады. Бірақ бұл басы ғана. Ендеше Мәжіліске тың күшпен келген депутат­тар­дың арынын жаңа тыныс боп қосылған министрлері бар Үкімет ілгерілете түсеріне сенім де жоқ емес... Жаңарған құрам жаңғырған маусым болғай!

Нұрлан ҚОСАЙ