Биыл құмар ойындар мен бәс тігу қызметтерінің көлемі 40 есеге өскен. Айталық, соңғы екі жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озыпты.
Бір ғана заңмен мәселе шешілмейді – Елнұр Бейсенбаев
871
оқылды

Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде ғана халықтың құмар ойындарға жұмсаған шығыны 100 миллиард теңгеден асып жығыл­ған. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені қазір елімізде құмар ойын­дардың жарнамалары кез келген онлайн платформада қол­жетімді. Бұл өз кезегінде лудомания дертіне шалдыққан адамдардың қатарын өсіріп, нарықтың осы түрі кеңінен қанат жаюына мүмкіндік беріп отыр. Күні кеше Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңе­сінің отырысында бұл мәселе тағы айтылды. Лудоманияға қарсы күресте алдыңғы кезекте қандай шара қабылданғаны дұрыс? Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясының мәжілістегі фракция жетекшісі  Елнұр Бейсенбаев не дейді? 

– Бүгінде лицензия алған ойын канторларының ашықтан ашық жұмыс істеуіне заңымыздың өзі мүмкіндік беріп отыр. «Ойын биз­несі туралы» заң құмар ойындардың заңдылығын реттеуді ғана міндет­тейді. Яғни, мемлекеттен жасырып заңсыз құмар ойындарын салуға тыйым салынады, бірақ олардың «кәсібін» көпшілікке қандай жол­мен жарнамалап жатқанына жа­уап­кершілік алмайды. Олардың бұл әрекетіне тосқауыл қою үшін заңға қандай өзгеріс енгізу керек? 

– Қазақстанда қанша адам­ның лудоман екені туралы әзірге нақты статистика жоқ. Дегенмен сала мамандарының жасаған ресми статистикасына сүйенсек, әрбір бесінші жастың құмар ойын ойнайтыны белгілі. Егер елімізде 5 миллиондай жас азамат бар деп есептесек, онда олардың бір мил­лионы құмар ойынның жетегінде жүр.

Өзіңіз де айтып отырғандай, 2023 жылдың бірінші 4 айлы­ғының қорытындысы бойынша осы букмекерлік кеңселердің айналымында 100 млрд теңгеден астам қаражат болған. Ал 1,5 жыл­ды алатын болсақ, айналым­дағы ақша 1 трлн теңгеден асқан. Бұл өте көп сома. Сонда елімізде 1 миллиондай адам құмар ойын ойнайды деп есептесек, онда әр­қай­сысы орта есеппен 1 миллион теңгесін осы ойынға салады деген сөз.

Былтыр жетінші шақы­рылымдағы Мәжіліс депутаттары лудоманияға қарсы заң жобасын әзірледік. Биыл осы қыркүйек-қазан айларында Мәжіліс депу­тат­тарының қарауына шығара­мыз. Бұл заң жобасы ойын бизне­сі­нің жарнамасын шектеуге, лудомандардың ойнауына кедергі жасауға бағытталған. Бұдан бө­лек, еліміздің әрбір өңірінде лу­до­мандарды «емдейтін» жекемен­шік орталықтар жұмыс істейді және психологтар көмек көр­сетеді.

– Біздің елдегі түрлі халық­аралық және спорттық жарыстарға букмекерлік кеңселер демеушілік көрсетіп отыр. Тіпті, футболдың рес­ми серіктесі ретінде-ақ өз мақ­сат­тарын жүз пайыз жүзеге асы­рады десек болады. Мұны құзырлы орындар олардың салық төлеуімен байланыстырады. Салық үшін ұлт саулығына салғырт қарау қанша­лықты дұрыс? 

– Әрине, бұл дұрыс емес. Бұл сөзге дәлел сол, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, былтыр ойын бизнесін ұйымдастырушылардың салық аударымдары 109 миллиард теңгеге жеткен. Ал осы ойын­құмарлықтан зардап шеккен бір науқасты лудоманиядан емдеу курсы орта есеппен 400 мың тең­гедей болады. Елде осындай 350 мыңға жуық адам бар екенін ес­кер­сек, оларды емдеуге жұмса­латын шығындар 140 миллиард теңгеге жетеді екен. Яғни осындай құмар ойынға қызыққан бір адамды емдеуге кемінде 5 ай уақыт кетсе, емінің өзіне айына 600-700 мың теңге жұмсалатын көрінеді. Қарап отырсаңыз, құмар ойындардың көрігін қыздырып отырғандар қаншама адамның өміріне балта шауып, өмірмен қош айтысуына себеп болады. Оның сыртында қазақ­стан­дықтардың арасында букме­керлік кеңселер мен казиноларға, ойын үшін кредит алғандардың банк алдындағы берешегі тағы бар. Сондықтан бұл жерде букмекерлік кеңселер ұтқанмен, мемлекет ұтылып отыр. 

Жаңа айтып отырған заң жо­басы негізінен ойын бизнесімен айналысатындардың, әсіресе бук­мекерлік кеңселердің жұмы­сына барынша шектеу қоюға ба­ғыт­талған. Солардың негізгі­леріне тоқталып өтсем, букмекер­лер мен тотализаторлар жарнама­сын шектеуге байланысты болып отыр. Атап айтқанда, ғимарат­тардың қасбетіне, көлік құрал­дарына жарнама ілуге, сондай-ақ, БАҚ-та, интернет-ресурстарда, ТВ мен радиода, тұрақты басылым беттерінде, кино және видео өнімдерде,  анықтамалық  қызмет көрсету сервистерінде жарнама­лауға толық тыйым салу қажет. Екінші, 21 жасқа толмаған аза­мат­тарды құмар ойын ойнауға тарт­қан немесе ойнауға мүмкіндік жасаған заңды тұлғаларды әкім­ші­лік жазаға тарту көзделеді. Үшін­шіден, несиелік берешегі бар жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына толық тыйым салу ұсынылып отыр. Төртіншісі – интернет-казино ұйымдас­тыр­ғандарды қылмыстық жауапкер­шілікке тарту болса, бесіншісі –балалар ұйымы, білім беру, ден­саулық сақтау, мәдени және діни ұйымдар орналасқан ғимараттар мен тұрғын үйлерде лотерея тара­туға немесе лотерея терминал­дарын орналастыруға тыйым салу қарастырылмақ. Алтыншыдан, жұмыс істеуіне сотпен тыйым салынған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жасау және олардың пайдасына қаржылық операция жүргізуге банктер мен төлем жүйелеріне тыйым салуға тиіспіз. Бұдан кейін букмекерлік кеңселер мен тота­ли­заторлар арқылы ойын биз­несін ұйымдастырушыларды өз аппараттары мен бағдарлама­лық жүйелерін мемлекеттік кіріс орган­дарының ақпараттық жүйе­сімен интеграциялауды міндеттеу маңызды. 

– Президент құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Күрес неден басталу керек деп ойлайсыз? 

–  Алдымен құмар ойындарға қатысты қолданыстағы құжатты қатайту керек. Бұл заң қолданысқа енсе, құмар ойын ойнайтын­дардың қатары біршама азаяды. Бірақ бір нәрсені ескеру керек, бұл тұста біздің алдымызда нақты KPI жоқ: 50 пайыз немесе 60 пайызға дейін азайтамыз деген. Біз – «AMANAT» депутаттары, бұл дерттің тамырына түбегейлі балта шапқымыз келеді.

– Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыс­тарына ерекше мән берілуге тиіс­тігі айтылды. Түсіндіру жұмысы қаншалықты септігін тигізе алады деп ойлайсыз?

– Лудомания – расымен де өте проблемалық мәселе болып тұр. Тіпті, Президенттің өзі кеше Жол­дауында бұл туралы айтты. Оны­мен күресті тек Мәжіліс депутат­тары жүргізбеуі керек, біз қоғам болып күресуіміз керек. Бір ғана заңмен мәселе шешілмейді.

Өзіңіз білесіз, адамдар аяқ тартады деген үмітпен темекімен күресу үшін оның қорабының сыртына никотиннен болатын түрлі аурулардың фотосын жабыс­тырып шығарып жатыр. Бұл тәсіл расымен де нәтиже беріп жатыр. Сана-сезімі бар адамға бұл да болса ой саларлық дүние. Ендеше біз де осы лудоманияның құрбаны болған адамдардың тағдыры туралы түрлі роликтер, мақалаларды БАҚ-та жариялауымыз қажет, әлеуметтік желі арқылы жиі көрсете беруіміз керек. Құмар ойын салдарынан қазір өте қайғылы жағдайлар жиі болып жатыр. Бәлкім қазір ойнап жүргендер қойып кетпесе де, жаңа лудомандар пайда бол­майды. Яғни, проблеманың одан әрі ушығуына жол бермеу керек.

Сұхбаттасқан 

Жадыра МҮСІЛІМ