Қоғамда балалық шақтағы арманына жете алмай, өмір бойы қапада қалған қаншама адам бар. Ға­лым­дар мамандық таңдар ал­дын­да әр адам бала күнін еске алуы керек деп тұжырым жа­сап­ты.
Шығармашылығым идея мен эмоцияға бағытталған – Сырым Мүсіреп
970
оқылды

Біздің кейіпкеріміз Сы­рым Мүсіреп – бала арманынан қа­нат­танып, бүгінде мүсін өнерін әлемдік деңгейде дәріптеп жүр­ген жастардың бірі. Түрлі мате­риалдан қайталанбас туын­ды жасайтын мүсінші  «Шабыт», «Да­рын» сыйлықтарының лау­реаты. 

– Мүсін өнеріне сізді жетелеген қандай күш? 

– Әлемнің бар әсемдігін танып-біліп, оны әртүрлі материалмен жеткізе білу балалық шағымнан басталды. Мысалы, әртүрлі өсімдік пен табиғаттың жараты­­лысын қызығушылықпен зерттеп, жақсы көретінмін. Энциклопедияның ішіндегі барлық жануар мен балықты ермексаздан жасап шыққанмын. Ермексазбен күнде бір туынды жасайтынмын. Тіпті, кейде тамақ ішуді де ұмытып кететін едім. «Да­рынды адам данышпандығын біл­­мейді» демекші, бала күнімнен бастап өз ісіме ерекше сүйіспеншілікпен қара­дым. Бі­рінші адамдарды емес, қоршаған ортаны зерттейтінмін. Ал қазір жасым өскен сайын адамдарды зерттейтін болдым. Ой­лап қарасам, мектеп кезімде ойын баласы да болмаппын. Үлкендердің қасында жү­­ріп жаңбыр жауса балшық жинай­тынмын. Жақсы көріп жасаған алғашқы туын­дыларымның бірі – бүркіт. Ермексаз еріп кетпесін деп тоңазытқыштың жартысын туындыларыммен толты­ратынмын. 

Мүсіндеме мен сурет тек қылқаламмен жұмыс істеу емес

– Бүгінгі қоғамда мүсін мен сурет өне­ріне сұраныс бар ма?

– Әрине, сұраныс бар. Ойы бар адам бұл өнердің, мәдениеттің қаншалықты жоғары екенін біледі. Бірақ біздің мем­лекетімізде бұл кенже қалған өнер. Қай экономиканы алып қарасаңыз да, тіпті көліктің дизайнын, яхтаның құры­лымын, интерьердегі аксессуарларды мүсіншілер мен суретшілер жасайды. Олар кез келген материалдан әлем жасай алады. Киім дизайнын да, теледидардың дизайнын жасауда суретшілер мен мүсіншілерге сұ­раныс жоғары. Классикалық үш дағды­дан, яғни графика, кескіндеме мен мүсіннен басқа салалар басталады. Өнді­рісті құрайтын да осы үшеуі. Бізде бұл өнер енді қалыптасып келе жатқандықтан, халық мүсіндеме мен сурет салуды тек қылқаламмен жұмыс істеу деп ойлауы мүмкін. Бұл пікір мүлде дұрыс емес. Хоб­би ретінде айналысатындар тек сурет сала беретін шығар. Ал кәсіби деңгейде біз бұл өнерді әлемге жаңа форма енгізу, ауқымды мәселелерді туын­дымен жеткізу деп түсінеміз. Мысалы, қалаға креативті, адам пси­хологиясына, мемлекет мә­дениетіне әсер ететін мүсіндер қоюға болады. Маркетингтік бағытта қарасақ та ма­терияның әсері адамға ықпал етеді. Ай­талық, ба­ғасы қымбат көлік пен арзан көліктің дизайнында бәрібір айыр­машылық болады. Адам санасына марке­тингтік тұрғыда әсер ететін дизайн жасауда суретші мен мүсіншінің де еңбегі бар. Астана қала­сындағы белгілі қонақүйдің алдында орналасқан екі арыстанның мүсінін көрген шығарсыз. Екі арыстан екі архитектуралық ны­санның мысы сияқты. Егер сол екі арыстанның мүсіні болмаса, ғимарат та қатардағы нысан болып қалар еді. Өз басым әлемге жаңалық әкелетіндей креативті туындылар жа­сауға ты­ры­са­мын. Қазіргі эко­номика  эмо­цияға ба­сым­дық бе­реді. Біз­дің шы­ғарма­шылығымыз да идея мен эмоцияға ба­ғытталған. 

– Байқаулар мен көр­мелерге жиі қаты­сады екенсіз. Жалпы, шетел­діктердің туын­ды­ла­рыңызға қызы­ғу­шы­лығы қандай? 

– Иә, байқауларға жиі қатысамын. Осы уа­қытқа дейін төрт рет жеке көр­­ме өт­кіздім. Бұл басқа су­рет­ші­лер үшін үл­­кен дең­гей бол­са да, ма­ған әлі тоқ­та­мау керек. Мақ­­­­­сатым – әлем­дік дең­гейдегі өнер ада­мы болу. Бай­қаулар мен көр­мелер су­рет­шінің өсуіне мүм­кіндік береді. Көбіне адам­­­дарға ой са­латын туын­ды­ларды жа­сауға ты­рысамын. Алда шетел­дер­­де жеке көрме өткізу ойымда бар. Әр мәдениеттің өзіндік өнері бар. Ав­тор ұлттық мәдениетін әлеммен ұш­тастырып, ортақ тілде жеткізуі керек. Сон­да әлемдік дең­гейде көрермен табады. 

– Өнер жолында бағыт сілтеген ұс­таздарыңыз болды ма? 

– Ақтөбеде қарапайым орта мектепте оқыдым. Алайда ата-анам бойымдағы қабілетті дер кезінде байқаса керек, көркемсурет лицейіне апарды. Бар қы­зықты сәттер сонда өтті деп ойлаймын. Көркемсурет лицейінен біраз нәрсе үйрендім. Мұғалімдерім жарыстарға қатыстырды. Кейін лицей жетекшілігі де байқап, қатардағы байқауларға емес, салмақты, ірі жарыстарға жолдама берді. Айжан Әділгерейқызы, Дина Мұсақызы, Ботагөз Болатқалиева сынды ұстаздарыма әлі күнге дейін алғысымды білдіремін. Лицейде жеті жыл оқығаннан кейін жергілікті жеке кол­ледж­дер­дің біріне «Ин­терьер дизайны» мамандығы бо­йын­ша құжат­тарымды тапсырдым. Шы­ным­ды айт­сам, ондағы сту­денттердің бі­лі­мі көр­кем­сурет ли­цейінің 3-сынып оқу­­шы­ла­ры­ның дең­гейінен төмен болды. Де­генмен мен тек өзіме сен­дім, көпші­лікке еріп, жұ­­тылып кет­пей, өзді­гім­нен көп да­йын­далу керек деп шештім. Ара­сында бай­қауларға қа­тысып жүр­дім. Кейін Ас­та­на­дағы «Ша­­быт» өнер ака­­­­­демиясына түс­тім. Бірақ грантқа іліге алмадым. Әді­лет­сіздікті көре тұра бай­қамаған кейіп та­ныт­тым. Дегенмен әжем мар­құм жиі айтып оты­ра­тын «құлаған сайын орныңнан тұрғанда мықты бола түсесің» деген сөзі жадымда сақталып қал­ған. Әр қиын­дыққа кезіккен сайын «мықты бола түсем» деп өзімді қамшылап отырдым. Ата-анам ақы­­лы бөлімге тү­сір­ді. Осы­ны көре тұра мен өзі­ме үлкен жауап­кершілік арқалауым керек деген ойда болдым. Егер сти­пендия алып, әдемі киініп, асханада шай ішіп отыратын болсам, бүгінде басқаша болар ма еді. Бірінші курстан-ақ іздене бас­тадым. Оқу жылдары біраз ұстазым тани бастады, студенттер ара­сында да танымал бола түстім. Жеке көрмемді өт­кіздім. Ірі байқауларда ба­ғымды сынап, үлкен ортада да есімім кеңінен таныла бастады. Университетте оқып жүріп халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атандым. Есте қалған үлкен жетістігім 2019 жылы «Да­рын» жастар сыйлығын алдым. Сол кезде жасым небәрі 21-де болса да, еңбегім ақталды. Мұндай жетістіктер өнер адамы үшін маңызды болмауы керек. Бастысы, сенің әлемге не беретінің маңызды. Сон­дықтан «Әлемді өзгерту жолында сен не істедің?» деген сұрақты өзіме жиі қоямын. Мақсатың мен тақырыбың ауқымды болса, Жаратушы да үлкен күш береді деп ойлаймын. 

Өнерді кәсіпкерлікке айналдыру маңызды

– Шығармашылықты кәсіпкерлікке айналдыру жайлы айтып беріңізші? 

– Шығармашылық – рухани әлемге әсер ететін күш. Бірақ қазіргі қоғам кәс­іп­керлікті де мең­геріп, шығар­ма­шы­лықты тұр­мысқа бейім­деуді талап етеді. Өнердің ау­қым­ды әсер етуі үшін кә­сіп­кер­лікті де мең­гер­дім. Бала кезімде атам мен әкем қызық көріп, ма­ған ақша са­нататын. Негізі, баланың ұяда алған тәр­биесі болашақ дағ­ды­ла­рына да әсер етеді екен. Оқушы кезімде резеңкеден секіретін асықтарды дос­тарыма жасап беріп жүрдім. Трендтегі дүниелерді өз идеяларыммен дамытып, басқа балаларға сататынмын. Өсе келе ауқымды жобаларға кірістім. Өнерді кәсіпкерлікке айналдыру маңызды. Адам өз сұранысынан мықты дүние жасаса, қоғам да алға жылжиды. Өнер саласы жақсы дамыған мемлекеттің экономикасы да мықты болады. Әлемнің атақты бренд­терінің барлығы суретші мен мүсін­шінің қолынан шыққан. Компа­ниялар бір-бірінен озу үшін адамдардың сұра­ғанынан да артық дүниелер жасайды. Дамыған компанияның барлығынан өнердің иісі шығып тұрады. Түстердің әсері, фор­маның ыңғайлылығы, жаңа дизай­н­ның тууы, бәрі-бәрі өнерден бас­талады. 

– Сіз туындыларыңызда ұлттық нақыш пен заманауи үлгіні ұштастырасыз. Ша­бытты қайдан аласыз?

– Шабытты жүрегімдегі тақырып­тардан аламын. Ақылмен, зерттеумен келген тақырыптарды көрермендерге әсер ететіндей жасаймын. Әр туындымды көрген адам жігер алса екен деп ойлаймын. Қазір әлемдік деңгейдегі тақырыптарды көтеріп жүрмін және оларды ерекше жеткізуге тырысамын. Қазақ ұлтының мәдениетіне қызығатын шетелдік көп. Сондықтан басқа тілде жасалған заманауи туындыларымды, қазақ жасағаны көрі­нетіндей етуге тырысамын. Жақсы энер­гия Жаратушыдан, сосын жақсылық жасағаннан келеді. Өнерде де екі энергия болады. Азған өнерді жасайтындар энер­гия­лық қуатты теріс әрекеттерден алады. Ал жақсы энергияны алу үшін өнер иесі­нің жүрегі, ішкі әлемі таза болуы керек. Осыған аса мән беремін. Шабытты күтіп жүрмеймін. Қылқаламды ұстаған сәтте-ақ шабыт келеді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН