Сырдың басты дақылы – күріштің бағасы күн өткен сайын аспандап барады. Жергілікті жұртшылық ақ маржанның отанында оты­рып, басты дақылдың не­гізсіз көтерілуінің себе­бін түсінбей дал болып жүр.
Күріш бағасы күмілжітіп тұр
1,021
оқылды

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі күріш өнімі­нің көп үлесі Қызылорда облы­сы­на тиесілі. Яғни, Сыр өңірінде бұл дақылдың үлесі 90,4 пайызды құ­райды деген ақпар бар. Де­рек­ке сәйкес, 2022 жылы республика бойынша 213,4 мың тонна күріш өндірілген. Бұл 2021 жылмен са­лыстырғанда 1,8 пайыз артық өнім өндірілгенін көрсетеді. Осы ретте ағартылған күріш экспорты 11,8 пайыз­ға артып, 32 тоннаға жет­кен. Керісінше, ішкі нарық­тағы сатылым бір жылда 32,8 пайыз­­­­­ға түсіп, 31,3 мың тон­на­ға дейін қыс­қарыпты. Бұл тұр­ғыда күріш­тің басым бөлігі ТМД елдеріне жө­нел­тілетінін де айта кеткен абзал. 

Негізінен, елімізде күріш баға­сының күрт көтерілуі был­тырдан бастап қатты сезіле бас­тады. Ту­расын айтсақ, 2022 жыл­дың та­мыз-қыркүйек ай­ларында 280-300 теңгеге бағаланған Сыр са­­­­­­­­лы­сы желтоқ­сан айына таяу 400 тең­геге бір-ақ секірді. Яғни, жыл аяғы жақындағанда күріш бағасы 31 пайыз­ға көтерілді. Бі­рақ баға мұ­нымен шектелмеді. 

Биыл да күріш бағасына тоқ­там жасалмай тұрғаны байқа­лады. Нақты уақытта Қызылорда қала­сының өзіндегі сауда орын­да­рын­да сыр салысының бағасы 560-600 теңгеге бағаланып тұр. 

«Бір жылдары Филиппинде бүкіләлемдік күріш симпо­зиу­мына қатыстым. Сол кезде Аме­ри­ка­ның бір ғалымы «алдағы жыл­дары кү­рішке деген сұраныс кө­­бейіп, сәй­кесінше баға да ша­рықтайды» деген еді. Бұл әлемде адам саны­ның өсіп, күрішке де­ген сұра­ныс­тың жыл өткен сайын арта­­тынын меңзесе керек. Айтса айт­­қан­дай, бүгінде күріш бағасы бүкіл әлемде көтеріліп жатыр. Негізі,  халыққа жағдай жасап кү­­рішті төмен баға­да ұс­тасақ, көр­­ші мем­лекеттерге та­сымалдау фактілері көбеюі мүм­кін. Соған орай қазір арнайы меморандум аясында белгілі бір мөлшерде дүкендерге арзан кү­ріш берілуде. Жалпы, сыр саласы сапасы мен дәмділігі жағынан өзге елдерден жет­кізі­летін кү­ріш­­терден көш іл­гері екенін мойын­дауымыз ке­рек. Алайда күрішті саудаға шы­ғармас бұрын ақтау мен қаптау жұ­мыс­тары да артық шығынға алып ке­летіні жасырын емес. Со­ған қа­рамастан мей­лінше ба­ғаны көтермеуге күш сала­мыз», – дей­ді өңірдегі іргелі шаруа­­шылық­тың бірі «Абай-Дәулет» ЖШС дирек­торының орынбасары Ма­рат Сәрсенбаев.

Жалпы, Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қа­тынастары басқармасының мә­лі­метіне сәйкес, биыл өңірде бар­лығы 193,4 мың гектарға ауыл шаруа­шылығы дақылдары егіл­ген. Бұл тұрғыда облыс әкі­мінің қол­дауымен егістікті тұрақты су­ғаруға бөлінген 3,8 млрд текше метр су пайдалану лимитіне сәй­кес биыл­ғы егістік көлемі былтырмен са­­лыстырғанда 4,8 мың гектарға арт­қан. Оның ішінде аймақтың негізгі дақылы – кү­ріштің көлемі 89 мың гектарды құрайды. Нәти­жесінде, биылғы науқанда да қам­баны алтын дәнге толтыруға үміт басым. Алай­да өзімізде өнді­рі­летін өнім­нің бағасын тұрақ­тандыру бағы­тында атқа­рылған жұмыс­тар әлі де оң нәтижесін бермей ке­леді. 

Ал бағаны бақылайтын жауап­­­­ты орындар тарапынан сауда орындарында күріш баға­сының негізсіз қымбаттау фактісі тіркел­мегенін алға тартып отыр.

«Біздің функциямызға сәй­кес, күріштің зауыттағы бағасы­нан сауда орындарындағы баға көр­сеткіші 15 пайыздан аспауы тиіс. Тұрғындар тарапынан баға­ның негізсіз көтерілуі мен талап бойын­­ша бекітілген нор­ма­дан асып кету фактілері ая­сында арыз-шағым түссе ғана сау­­да орындарын тексеруге құ­қылы­мыз. Жайдан-жай тексе­ріс жүр­гізу құзырымызға кір­мейді. Соң­ғы рет тұрғындар шағы­мы не­­­­гі­зінде қаладағы «Маг­нум» сауда орнына тексеріс жүр­гізіп, бұл жерде күріштің 560 тең­геден сатылып жатқанын білдік. Тек­­серіс нәтижесінде, сауда ор­ны­ның келісімшартымен танысып, күрішті зауыттан 535 теңгеден сатып алып отырғанын анық­та­дық. Бұл тұрғыда баға үстемесі 4,6 пайызды құрап, қандай да бір заңбұзушылық фактілері анық­талмады. Жалпы, зауыт­тарда кү­ріш бағасы 500 тең­геден саты­лып жатқаны айты­лады. Сон­дық­тан да жеке­леген сауда орын­дарында ба­ғаның қым­баттауы сипат алуда. Ал бағаны тұ­рақ­тандыру жұмыс­та­рымен  негі­зінен «Байқоңыр» әлеу­меттік-кәсіп­керлік корпо­ра­циясы ай­­­­­на­­­лы­сады», – деп түсін­дірді бұл жайын­да Сауда және тұ­ты­нушы­лардың құқықтарын қор­­­­­­ғау депар­та­ментінің басшысы Ерқа­сым Сүлейменов.

Қазір күріш дақылына келген қымбатшылық халықтың қалта­сын қағып тұр. Осыдан бір жыл бұрын күріштің ба­ға­сын төмендету бағытында жұ­мыс жүргізіп жатқа­нын айтқан «Бай­қоңыр» ӘКК-нің әлеуеті әзірге халықтың талабын орын­дауға жетпей тұрған сыңай­лы. 

 

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ:

Аталмыш корпорацияға қа­расты қаладағы халықты арзан бағада азық-түлік өнімдерімен қам­та­масыз ететін бір­неше әлеу­меттік дүкенді де  араладық. Бірақ дүкен сөресінде күріш жоқ болып шықты. Ал оның себебін азық-түлік қо­рын­да күріштің таусыл­ғанымен түсіндіріп отыр. Соның салдары­нан қара ха­лықтың өзі­мізде өсі­рілетін өнімді сауда дү­кен­дерінен қымбат бағада сатып алудан бас­қа амалы қалмай тұр­ғаны бай­қалады. Бұл мәселеге әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпо­ра­циясы үн қосар деп үміт­те­неміз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы