Жанға жайлы тұрмыс үшін ауылдан қалаға көшу қай заманда да қалыпты құбылыс саналған. Бірақ еліміздегі ірі қалалардың өзіне немесе қала маңындағы елді мекендерге шоғырланған халық са­нының күн санап арта түсуі біршама олқылықтың бетін ашып беріп отыр.
Қала маңы – бітпейді лаңы...
1,105
оқылды

Ұлттық эко­но­ми­ка министрлігінің дерек­теріне сүйенсек, ур-бандалудың әлемдік тренді біздің рес­публикада айқын көрініс бе­руде. Соңғы 10 жылда қала халқы ауылға қарағанда 10 есеге жуық қар­қындап өскен. Халықтың басым көпшілігі сол қала маңын­дағы ауылдарға шо­ғыр­ланып отыр. 

Осыны ескеріп, біз бүгін Астана төңірегіндегі бірнеше ауылдың ахуалымен танысып, тұрғын­дармен арнайы жолықтық.

Қоянды ауылына көшіп келгендер­дің бірі – Данара Кабдылшарипова. Астанада пәтер жалдап, тапқан табысының көбін пәтерге төлеп жүріп, 4-5 жылын өткізіп алған ол жинап-терген дүниесінің ба­сын біріктіріп, қала маңындағы ауыл­дардың бірінен өздеріне қолайлы жер те­лімін алып, үй салу керек деп шешеді. Сонымен не керек, елорда іргесіндегі Қоянды ауы­лының бір шетінен 10 сотық жер телімін алып үй сала бастайды. 

«Балалы-шағалы болған соң, басына тартсақ, аяғына жетпейді. Ел қатарлы тіршілік жасаудың қамымен жүріп, шағын етіп үй тұрғыздық та, сол жылы ішіне кіріп алдық. Біз 2014 жылы ауылға көшіп келген уақытта балаларды мектепке апарып-әкелу мен жұмысқа қатынаудың өзі мұң болды мұнда. Көше ойлы-шұңқыр, кеш болса тас қараңғы. Бала емес, үлкен адамның өзіне қауіпті еді. Себебі ауылда қаңғыбас иттер қаптап жүретін. Бұл мәселе қазір де бар. Бірнеше адамды талап та тастаған жағдайлар тіркелген. Міне, осыны көріп отырып, қол қусырып қарап тұра алмадым. Ауылда белсенділер тобын құрып, тұрғындар болып, әкімдікке талап-арыз жаздық. Барлығы осыдан басталды. Кейін келе мемлекеттік сатып алу пор­­талының ашық дереккөз екенін білдік. Мұнда ауылға су тартып, жол да салуға болатынын түсіндік. Сөйтіп, мерді­гер­лермен кездесе бастадық. Бұған дейін тұрғындар әкімдіктің «түк жоқ» дегеніне сеніп, өз күшімен жолға қиыршық тас төсетіп жатты. Ауыл қоғамдастығының күшті талабының арқасында қазір жол да, жарық та, газ да, су да тартылып жа­тыр. Егер жергілікті қоғамдастық мүшелері бел шеше кіріспесек, мына Қоянды қыста қардан, көктем мен күзде батпақтан көз ашпай, ел судан тарығып отыра бергендей екен», – дейді Данара. 

Қазір алты баласының төртеуін мек­тепке жіберіп, екі бүлдіршінімен үйде отырған Данара – ауыл бел­сен­ділерінің көшбасшысы. Қоғам­дастыққа ілескен соң Қоянды ауылында жасалып жатқан игі істердің басы-қасында жүр. Қазіргі са­лынып жатқан жолдың да, жүргізіліп жатқан газ құбы­рының да, тартылып жатқан жарықтың да қасынан осы қоғам­дастық мүшелері табыла кетеді. Талай рет ауыл қамы үшін Ақмола облысы әкімдігі мен министр­ліктердің есігін қаққан. Нәти­жесі сол, біршама шаруаның бойына қан жүгірген.

Дегенмен ауылдың шешілмеген шаруа­сы әлі бар. Ауылды қоқыс басып жатқаны туралы талай рет айтылды. Ауызсу мәселесі толық шешілмеген. Жа­рық пен көше шамдары сол күйі қор­даланған мәселе күйі тұр. Кезінде әкім­діктің қадағалауынсыз қалай болса солай таратылған жер телімдерінің көбінде құжат жоқ. Ал заң бойынша құжатсыз үйге не газ, не су тартыл­май­тыны белгілі. 

Қала маңындағы тұрғын алап­та­рының мәселесін шешу туралы Пре­зидент Үкі­меттен бастап салалық құры­лымдарға дейін біршама тапсырма беріліп келеді. Қалаға жақын ауыл­дардың пробле­ма­ларының дені – әлеуметтік мәселелер. Олардың қата­рында жоғарыда аталған жол, су, жарық, медицина және білім беру мекемелері және тағы басқалары бар.

Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қа­зақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін (10 со­тық жер) тегін алуға құқылы деп көр­сетілген. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Жер ресурстарын бас­қару ко­­ми­­­­тетінің хабар­лауынша, қазір еліміз бойынша тегін жекеменшік үй құрылысы үшін 10 сотық жер алуға кезекте тұрған­дардың саны 2 миллионнан асып кеткен. Үй салу мақсатында жер телімін алғысы келе­тін­дердің басым көпшілігі Астана, Ал­маты және Шымкент, Түркістан қала­ларына тиесілі. Соның ішінде Астана қаласының төңірегінде үй салып, тір­шілік құрғысы келетіндер 1 мил­лионнан асып түседі екен. 

Ақмола облысы Жер қатынастары басқармасының ақпаратына сүйенсек, осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ЖТҚ үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандардың саны – 122 314 адам. Өтініш бергендердің кезек­тілігі бойынша ең көп Астана маңындағы Аршалы (11 753), Целиноград (79 389), Шортанды (7 078) аудандары болып отыр. Сондай-ақ Көкшетау қаласында – 14 517 адам, Бурабай курорттық ауда­нында – 5 309 адам. Әрине, жекеменшік тұрғын үй салып, өз бетінше тіршілік жасау бір қарағанда мемлекет үшін оңтайлы болып көрінуі мүмкін. Бірақ сол аумақтарды инфрақұрылымдық жағынан қамтамасыз етуге келгенде жо­ғарыдағы кейіпкеріміздің мәселесі әркімнің де алдынан шыға келетіні шындық. 

Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Серік Оспанов Астана аумағында орналасқан ауылдар мен елді мекендердің дені осы Це­ли­ноград ауданына қарасты екенін айтып отыр. 

«Ауданымызда күрделі мәселелер көп. Барлық ауылда қазір газдандыру жұмыстары мен жол салу, ауызсу құбыр­ларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – тым күрделі жұмыстар. Десе де, қолдан келгенше мемлекеттік және об­лыстық бюджетті іркіп, ауыл­дардың мәселелерін шешіп жатыр­мыз. Мүмкін­дігімізше ауылдарды кезек­пен аралап, тұрғындармен кездесіп, істеліп жатқан жұмыстарды бақылау­дамыз. Әрине, тұр­ғындар көп шоғыр­ланғаннан кейін мәселе де молайып кететіні рас. Ол түсі­нікті жағдай. Ең бас­тысы, ауылдар мен елді ме­кен­дердегі үй салуға арналған жер телім­дері біздің жоспардан көп болып кетіп жатыр. Сондықтан жер­гілікті әкім­дік пен аудан әкімдігі ЖТҚ үшін жер телімдерін берген кезде жер­гілікті қауым­дастықпен келі­се отырып жүргізуі керек деген ше­шімге келдік. Бұл шаруаны бір­шама оңтай­ландырады деп ойлаймын», – деді аудан әкімі орынба­сары Қоянды ауылы­ның жұртшылығымен болған кез­десуде. 

Астананың шығысында орналасқан Қоянды ауылы туралы талай рет ақпарат құралдары жарыса жазды. Қояндыны көктемде су алса, жазда қоқыстан, қыс болса қардан көз ашпайтыны тағы бар. Тіпті, мемлекет есебінен жүргізіліп жат­қан жол құрылысы жұмыстары жө­нінде де ауыл тұрғындарының айтар уәжі же­терлік. Дегенмен ауылға әкім болып сайлан­ғанына бір жыл да болмаған Ба­қытхан Солтанбайұлы бұдан былай барлығы бақылауда, жұмыстар түгел ауыл хал­қы­ның көз алдында дұрыс жүр­гізіле­­тіндігін айтып, сендірді. 

«2025 жылға қарай ауылымызда бар­лық жұмыстарды толық аяқтау мәселесі қолға алынған. Оның ішінде су, жарық, газдандыру және жол құрылысы жұмыс­тары түбегейлі шешіледі. Қазір ауызсу­мен толық қамтамасыз ету бойын­ша барлық құжаттар әзірленіп, министр­лікке тапсы­рылды, енді 2024 жылы ауылды толықтай сумен қамтамасыз ету жұмысын аяқ­таймыз. Бүгінде тәулігіне барлығы 860 үйге арналған су желісін 2 500-ден аса тұрғын үйге жеткізіп отыр­мыз. Бұл да өз кезегінде мамандарға ауыртпалық түсіріп отырғаны жасырын емес. Ал аумағы үлкен көлемде жеке­меншікке өтіп кеткен жер телімдерін мемлекетке қайтарып, сол аумақтарға тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен демалуына арналған парктер салу жоспарда бар. Бұл бойынша аудандық Жер қатынастары комитетімен бірігіп жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы Қоянды ауылынан үй салу үшін жер телімдерін алуға өтініш берген 11 мың тұрғын бар. Осы тұрғындардың барлығына бірдей жер телімдерін беру – өте күрделі дүние. Сондықтан өтініш берушілердің сұра­нысын қанағаттандыру мақсатында ауыл­да көпқабатты үйлер салуды жоспар­лап отырмыз. Бұл – енді алдағы жасалынатын шаруалар», – дейді Қоянды ауылының әкімі Бақытхан Солтанбайұлы.

Дәл қазір Қоянды ауылында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын көзбен көрдік. Әкімнің ай­туынша, қазір барлығы 21 км жол салыну үстінде. Енді ауылдық әкімдіктің ұсы­нымымен қосымша 24,5 км жол салынбақ екен. Жолдардың барлығы күрделі бол­мақ. Бұл дегеніміз – көше арасындағы автожолдар, жаяу жүргіншілер жолағы мен бірге жарықпен де қамтылып, қос қапталға жасыл желек орнатылады деген сөз. 

Қояндыдан бөлек, қаланың батысында мәселесі бір төбе болып жатқан Талапкер деген ауыл тағы бар. Осыдан 2 жыл бұрын ауылда қарқынды жүргізілген жұмыстар бүгін сиырқұйымшақтанып кеткенге ұқсайды. Жол түсе бастағанда бөркін аспанға атқан ауыл тұрғындарының бүгінгі көңілінде қаяу бар. 

«Ауылымызда жол салу мәселесі байқауымызша, өз ретімен жүріп жатыр. Ауыл болған соң балаларымызға дұрыс ойын алаңын салу мәселесін көтеріп жатырмыз. Жуырда қоқыс алаңдарын орнатты, қазірдің өзінде сол алаңның қоршаулары құлап жатыр. Неге жөні дұрыс құрылыс материалдарынан сал­майтынын түсінбейміз. Барлық жерде біз, еріктілер, жүруіміз керек. Кейбіреулер үшін тіпті қадірсіз болып қалдық. Расын айтсам, әкімдіктің түгел жұмысын осы белсенділер мен еріктілер тобы жасап жатырмыз десем болады. Біз де өзгелер құсап дұрыс жерде, әдемі ауылда, заманға сай өмір сүргіміз келеді. Ауыл болып бірнеше рет қоқыс тазалауға шықтық. Соның арқасында ауыл іші біршама тазарып қалды. Ал енді олай жасамайтын болсақ, қоқыстың астында қалатын түріміз бар. Биліктегілер дұрыс әрі адал жұмыс істесе, белсенділер де үйде отырар едік. Уақытымызды басқа балалары­мыздың біліміне, өзіміздің денсау­лы­ғымызды оңалтуға жұмсаушы едік», – дейді Талапкер ауылындағы «Белсенді Талапкер» тобының жетекшісі Айгерім Шаяхметова. 

Ал біз газетіміздің атынан Талапкер ауылының әкімі Мирас Әлибекұлына бірнеше рет қоңырау шалып, хабарлама жолдағанымызбен, жауап ала алмадық. 

Ал сол Талапкер ауылынан қозы көш жерде жатқан Қарамеңді батыр дейтін ауыл бар. Астанадан 45 шақырым бола­тын Қарамеңді батыр ауылының жа­нынан осыдан бірнеше жыл бұрын бар­лығы 19 ауылды толықтай ауызсумен қам­тамасыз етуге жететін тұщы су қоры та­былған болатын. Бүгінде сол жерасты тұщы судың мол қорының бетін ашып тастап үлкен тоған жасалған екен. Әлгі тоғаннан құрылысқа қажетті құм ұрлап, пайдаға кенеліп жатқандар бар деп естідік. 

Іздеп жүріп бірнеше жылдан бері Қарамеңді батыр ауылындағы карьер­лардан құм алуға қарсы болып жүрген Марат Жасаров есімді азаматпен арнайы хабарласып мән-жайды білгенбіз. Ол бұл мәселені ауыл әкімі де, аудан әкімі де, тіпті облыс әкімі де біліп отырғанын жеткізді. 

«Талай рет ауыл тұрғындары жиналып барып, құм ұрлап жатқандардың жұмысын тоқтатуды талап еткенбіз. Еш нәтиже болмаған соң сотқа арыз жазылды. Сот тұрғындардың талабын дұрыс деп таныды. Бірақ құм ұрлау сәл тыйылып барып, қайта жалғасты. Біздің түсіне алмай отыр­ғанымыз – осы шаруаның басында кім тұрғанын білу. Әзірге нақты ақпарат та жоқ. Егер іс бұлай жалғаса беретін болса экологиялық апат орын алады. Әлгі айтып отырған 19 ауылға су жеткізу былай тұрсын, бір де бір ауылды сумен қамта­масыз ете алмай қалатын түріміз бар. Әлемде қазір ауызсу мәселесі 1-орынға шықты. Бұл туралы кеше Президентіміз кезекті Жолдауында да шегелеп тұрып тапсырып, арнайы министрлік құрды. Осыны неге түсінбейді?! Біз еліміздің келешегі үшін шырылдап жүрміз ғой», – дейді ауыл тұрғыны, эколог Марат Жасаров. 

Ал осы Қарамеңді батыр ауылы құ­рамына енген Жаңаесіл ауылдық округінің әкімі Қайырбек Әзімханұлы жер қыр­тысын бұзып, елге экологияға залал кел­тіріп жатқандардың кім екенін өзі де біле алмай отырғанын жеткізді. Бірақ заңсыз жұмыс жүргізіп жатқан ESILSAND ЖШС-ға қарсы әкімдік тарапынан сотқа арыз жазып, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне де хат жолдап ша­ғымданғандығын жеткізді.

Тәулігіне 12 мың текше метр су шы­ғаруға қауқарлы жерасты су қорының жарамсыз күйге ұшырап жатқанына қарсылық білдірушілер бірнеше рет ақпа­рат құралдарын шақырып шындықты шыңғыра айтқанмен, еш нәтиже болмай отырғанына қапалы. Шынымен де, мол су қоры бар аумақты мемлекет өз қарамағына алып, арнайы қорғауы тиіс. Бұл мәселеге енді ғана құрылып жатқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұр­жігітов пен Экология және табиғи ре­сурстар министрлігіне қызметке келген Ерлан Нысанбаев жіті назар аударса дейді Қарамеңді батыр ауылының тұр­ғындары.

 «Астананың маңында алғаш болып жекеменшік тұрғын үйлер салуға арналған жер телімдері біздің Қараөткел ауылында беріле бастады. Содан бері ауыл бір емес, бірнеше есеге ұлғайып кетті. Алғашқыда 200-ге жетпейтін ғана тұрғыны бар Қа­раөткел ауылында бүгінде 7-8 мың адам тұрады десем қателеспеймін. Осыдан 4 жыл бұрын ауылымыздың белсенді аза­маттары бас қосып, ауыл әкімдігі жаны­нан қоғамдастық құрдық. Сол кезде қо­ғамдастық төрайымы болып Динара Әбдірахманова есімді тұрғынды сайладық. Ауыл әкімімен бірлесіп талай шаруа атқа­рылды. Жол салынды, су тартылды, ауыл тазалығы мен өзге де істердің барлығына сол қоғамдастық мүшелері белсене ара­ластық. Талай рет ауданға, облысқа, тіпті министрліктердің табал­дырығын аттап жүріп қаражат бөлгізіп, ауылы­мыздың 80 пайыз жолын ретке келтірдік. Бізде қазір жаңа әкім сайланған. Әкім ауысқаннан кейін жағдай мүлде өзгерді. Ауыл бел­сенділерінің арасына іріткі түсе баста­ды. Бұрынғы қоғамдастық мүшелері тара­тылып, жаңа қоғамдастық құрылды. Бір жиында екі жақ сөзге келіп қалып, жаға жыртысуға дейін бардық. Тіпті, сотқа арыз жазғандар бар. Ауылдың ұйып отырған берекесі кетті. Жаңа әкім келген соң бүліндік. Неге бұлай болғанын түсі­не алмай жүрмін. Біздің бар ойымыз ауы­­лымыздың гүлденуі емес пе? Олай болса неге бірлесіп, тізе қосып, ары қа­рай жыл­жуға болмайды? Бұрынғы қоғам­дастық мүшелерін жаңа қоғам­дастық жемқор деп санайды. Ауылымыз үшін шыбын жаны­мыз шырылдап жүргенде жемқор атанып шыға келу біз үшін үлкен соққы болды. Түңіліп кеттім. Бәрін қойып тыныш жүрген дұрыс шығар. Бірақ балалар­ы­мыздың келешегі үшін тағы да шырыл­дауға тура келеді», – дей­ді Қара­өткел ауылының белсендісі Айкерім Өтегенова.

Ал біз Айкерімнің уәжін айтып Қа­раөткел ауылының әкімі Талаптан Қар­шығаұлына хабарластық. Ол ауылдағы екі жақтың сөзге келіп қалуын жеке бір аза­маттардың ұйымдастырып жүрген ісі деп отыр. Әкімнің айтуынша, бүгінде ауылда 30 мыңға жуық тұрғын бар. Олар­дың небары 7 мыңнан астамы ғана тұрақты тіркеуге алынған. Ауылда аза­маттардың тіркеуге тұруы басты мәселеге айналған. Сол себепті мемлекеттен бөлінетін қа­ражат тек тіркеуде тұрған 7 000 аза­маттың мүддесіне ғана есеп­телінеді екен.

«Өзіңіз ойлаңызшы, 7 000 тұрғын үшін деп бөлінген қаражатты 30 мың тұрғынға жеткізу мүмкін емес қой. Де­генмен қолдан келгенше өгізді де өлтір­мей, арбаны да сындырмай жүріп жатқан жайымыз бар. Мен өзім осы ауылға әкім болып келгеніме небары 2 айдан енді асты. Бұған дейін жеке кәсіппен ай­налысып жүрген жан едім. Жергілікті ақсақалдар алқасының қолқа салуымен мен ауыл әкімдігіне кандидат болып тіркелдім. Ауыл халқы­ның таңдауы маған түскен екен. Енді жұмыс істеуіме тура келеді. Қиындықтан қашпаймын. Бар білген тәжірибеммен бөлісіп жатырмын. Бізде жергілікті қоғам­дастыққа 25 адам мүше болуға құқылы, қазір 19 адам тіркелген. Осы белсенді топпен тізе қоса отырып жұмыс істеп жатырмыз. Егер ауыл аза­маттарының кез келгені қоғам­дастыққа мүше болғысы келсе есігіміз ашық. Біз оған қуанымыз. Бәзбіреулердің қоғамдастық қатарына қоспай жатыр дегені – жалған сөз», – дейді Талаптан Қаршығаұлы.

Ұлттық экономика министрлігінің ресми мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаң­тардағы есеп бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн-ға жуық адам тұрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдар­дың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90%-ы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынған. Бұл үшін 2019–2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық экономика министрлігі «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жыл­дарға арналған тұжырым­дамасының» жобасын әзірледі. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – ауылдық аумақтарды дамыту мен түрлі заманға сай тәсілдерінің тиімділігін пайдаланып, ауыл халқының өмір сүру сапасын жоғарылату және жайлы өмір сүру ортасын құру болып отыр. Бұл қала маңындағы ауылдарға да тікелей қатысты дүние. 

Ірі қала аумағындағы шағын елді ме­кендер қала өскен сайын қаламен бірге кеңейіп сала беретіні – заңдылық. Бұған байланысты әлемдік тәжірибе көрсет­кен­дей қала маңында арнайы индустрия­лық аймақтар құрыла бастайтыны да шын. Бұл заң жүзінде реттеліп отыруы тиіс. Мы­салы, әлемде ішкі өнімнің тең жар­тысы ең ірі 300 агломерацияға тиесілі екен. Ал бұл қала­ларда жер бетіндегі ха­лықтың 20 пайы­зы тұрады. БҰҰ бол­жамы бойынша, 2050 жылға қарай халықтың үштен екісі қала­ларда тұратын болады. Басқаша айт­сақ, қаладағы халық санын 2,5 млрд адамды құрайды. Осылайша, әлем үшін мемле­кеттер емес қалалардың маңыз­дылығы ар­тып шыға келеді. Қазіргі әлем үшін негізгі ықпалға ие 200 мемлекет емес, сол мем­лекеттің құрамындағы 600 ірі мега­полис негізгі рөлді өздеріне алмас­тыратын бола­ды. Осы бір ха­лықаралық болжамды ес­керсек, Қазақстанның ірі қалалары да жа­һандық ма ңыздағы қалаға айналуға тал­­пынуы керек. Болашаққа дайын болуы үшін Мемлекет басшысы Үкіметке елдегі ірі қалаларды кешенді дамыту туралы тапсырма да берген болатын. 

Агломерация аумағы – негізгі қала аумағынан тым ұзақ емес бұрынғы елді мекендер. Агломерация халық саны 500  мың адамнан асатын орталықтан және өзара күнделікті еңбек және өнді­рістік байланыстары бар қала маңындағы ай­мақтан тұрады. Демек, қалалар заң­дылық бойынша өсе беретін болса, қала маңын­дағы бүгінгі елді ме­кендердің де болашақта үлкен қала­ларға, жеңіл және күрделі өндіріс ау­мақтарына айналуы бек мүмкін. Ендеше біз осыған жан-жақты дайын болуымыз керек. 

Бердібек ХАБАЙ