Оған дәлел, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мен Білім басқармасы еңбекақы төлеу қорына байланысты бірлесе жүргізген тексерісі талай қулық пен сұмдықтың бетін ашты.
Талдау мәліметіне сенсек, Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Шу және Т.Рысқұлов аудандарында 132 заңбұзушылық анықталған екен. Мемлекетке келтірілген залалдың сомасы 207,0 миллион теңгеге жеткен.
«Балға бармақ батырған» фактілердің дені Жуалы ауданында тіркеліпті. Атап айтсақ, Жуалы ауданының білім ұйымдары біліктілікті айқындау комиссия хаттамаларымен 27 қызметкердің еңбек өтілін дұрыс есептемей, 4,4 миллион теңге көлеміндегі жалақыны негізсіз төлеген. Бұдан бөлек, «А» функционалдық блогы бойынша 6 менеджердің тарифтеу тізімдері заңсыз бекітіліп, аталған қызметкерлерге 9,3 миллион теңге заңсыз аударылған. Бұл аз десеңіз, заңнамада көзделмеген 37 штаттық бірлік артық көрсетіліп, жалпы сомасы 33,0 миллион теңгеге негізсіз аударым жасалған.
Есепшілердің қулығы мен сұмдығы
Жуалы аудандық білім бөлімі есепшілерінің «тәбеті» таңғалдырып тұр. Мұнда 36 есепші белгіленген нормадан жоғары жалақыны есептей отырып, өздерінің банк шоттарына 38 миллион теңге аударып алған.
Дәл осындай қулықты Шу ауданы білім бөлімінің есепшісі де жүзеге асырып, 12,3 миллион теңге көлемінде заңсыз аударым жасаған. Әріптестерінен Байзақ пен Жамбыл ауданының есепшілері де қалыс қалмай, 11,9 миллион және 1,4 миллион теңгені заңсыз қалтаға басқан.
Тағы бір сұмдықты айтсақ, Жуалы аудандық білім бөлімінің 3 есепшісі «5-15 А» нысанындағы есептерге басқа 39 мұғалімнің деректерін көрсету арқылы 4,5 миллион теңгені жымқырған. Жуалы аудандық білім бөлімінің тағы 2 есепшісі болса, «5-15 А» нысанды есеп айырысу-төлем ведомостарындағы есептерді «Қазынашылық-клиент» базасына енгізу кезінде өздерінің есепшоттарына 7,7 миллион теңгені заңсыз аударып алған.
5 мектептен бірдей еңбек демалысына шыққан
Мектеп дәліздерін «өлі жандардың» кезіп жүретінін бұрыннан естіп, құлағымыз үйренген. Жамбылда мұндай жайттар әлі азаймай тұр. Мәселен, Байзақ ауданының әдіскерлері қосымша жұмыс бойынша педагогикалық қызметпен айналысып, алайда нақты жұмыс істемеген уақыты үшін 42,5 миллион теңге көлемінде жалақы алған. Сондай-ақ оған еңбекақы мен сауықтыру жәрдемақысы негізсіз төленген. Дәл сондай бір мұғалім 5 мектептен бірдей 56 күндік еңбек демалысына шығып, заңсыз қаржыны қалтаға басқан.
Сотты болған адам екі балабақшада істеп келген
Балабақшаларда да «бармақ басты, көз қысты» әрекет көп. Атап айтсақ, Байзақ ауданындағы «Айнұр» балабақшасының басшылығы жалған деректерді көрсету арқылы бюджеттің 19,2 миллион теңгесін қолды қылған. Балабақша директоры өзіне, сол жерде жұмыс істейтін ұлына және келініне қосымша жүктемелер жазып келген.
Балабақшаны зерделеу жұмыстары
Т.Рысқұлов ауданында да жүргізіліп, 11 жеке балабақша 17,6 миллион теңге бюджет қаражатын негізсіз аударғаны белгілі болды.
Жуалы аудандық білім бөлімінің «Балдәурен» бөбекжайында сыбайлас жемқорлық фактісімен бұрын ұсталған азаматшаның әлі күнге жұмыс істеп келе жатқаны анықталған. Тарқатып айтсақ, Жуалы ауданы сотының 25.01.2022 жылғы үкімімен «Балдәурен» бөбекжайының есепшісі А. есімді азаматша ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі 3-тармағының және ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынған. Сондай-ақ 3,4 миллион теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалған. Алайда аталған тұлға бүгінгі күнге дейін сол қызмет орнында жұмыс істеп келген. Ал ең сорақысы, аталған азаматша осы таңға дейін «Жасұлан» балабақшасының есепші қызметін де қоса атқарған.
P.S.
Бүгінде анықталған деректерді уәкілетті органмен растау үшін аудиторлық тексерістер жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысымен және прокуратура келісімімен тиісті шешім қабылданбақ. Алайда білім саласындағы мұндай былықтар талқылауды емес, қатаң жаза белгілеуді қажет етеді. Әйтпесе, мұндай «жең ұшынан жалғасқан жемқорлық» болашағымызға балта шабатыны анық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы