Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың биылғы Жолдауы жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға бағдар ұстануымен ерекшеленді.
«Өркендеу кілті – өз қолымызда» – Аманжол Әлтай
888
оқылды

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың биылғы Жолдауы жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға бағдар ұстануымен ерекшеленді. Өйткені қазіргі кезеңде, Президент сөзімен айтқанда, «...жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды».

Қысқа күнде қырық құбылған ғаламдағы өзгерістерге лайықты жауап тауып, орнықты мемлекет болып қалу үшін не істеу абзал? Жолдауда осы сұраққа бірнеше бағдар бойынша жауап берілген. Ел экономикасы өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай жағдайға жету үшін мықты өнеркәсіптік негіз қалыптастыру қажеттігі, ол үшін өңдеу саласын дамытуға басымдық беру қажеттігі ең басты міндет ретінде алға тартылған. Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру қажеттігі міндеттелген.

Дәл осы кластер жүйесін қазіргі уақытта әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісінде кеңінен өрістету қажеттігі айқын байқалып тұр. Төрт түліктен, астық пен бау-бақшадан, жылыжайлардан алынатын өнімдерді сол қалпында пайдаланумен шектелмей, оларды түрлі өнімдерге айналдырып, ішкі-сыртқы нарыққа ұсынған жағдайда ел экономикасына үстелер табыс еселене түсері анық. Бұл үшін қажетті нәрсе – еліміздің барлық аймағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге мүмкіндік беретін шағын зауыттар мен цехтарды көбейту және оларда өнім өңдеудің заманауи жаңа технологияларын кеңінен пайдалану. Аталған жұмысқа қажетті технологияларды озық елдерден үйренуге болатыны белгілі. Алайда сонымен шектеліп қалмай, өзіміздің қазақстандық технологияны қалыптастыру маңызды. Мемлекет басшысының: «Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек», – деген пікірінің өзектілігі осы тұста анық байқалады.

Ауыл шаруашылығында қазақстандық технологияны қалыптастыру үшін бірінші кезекте қажетті әрекет – еліміздегі өнертапқыш, креативті азаматтардың ізденістері мен жаңалықтарының мүмкіндіктерін ғылыми сараптап, оң нәтиже беретіні айқындалған жаңашыл ұсыныстарға мемлекет тарапынан қолдау жасау, яғни сол жаңалықтың қолданысқа енуіне жол ашу. Осы бағытта атқарылуға тиіс тағы бір әрекет ауыл шаруашылығы ғылымдарындағы жаңалықтарды уақытылы сынақ-тәжірибеден өткізіп, сәттілерін шаруашылықтарда қолдану деп ойлаймыз. Ал өнертапқыштар мен ғалымдардың еңбектерін ел игілігіне айналдыру үшін әр аймақта эксперименттік алаңдар болғаны жөн.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамыту үшін технологиялық жаңалықтарды тәжірибе алаңдарында сынақтан өткізіп, пайдалы көрсеткіштері жоғары болғандарын іс жүзінде қолдану арқылы өңдеу технологиясын да, ауыл шаруашылығы техникаларын да біртіндеп қазақстандық үлгіге көшіруге болады. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде қалдықсыз технологияға толықтай ауысуға мүмкіндік туады. Бұл дегеніміз – мал өнімдерін сүйегі мен тұяғына дейін, астық пен бау-бақша өнімдерін сабағы мен жапырағына дейін кәдеге жарату, ел экономикасына үлес қосу болмақ.

Әрине, өнім өндіру бар да, оны іске жарату бар. Осы тұста Жолдауда айтылған тағы бір міндет – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану мәселесі алдан шығады. «Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет», – деген Президент сөзіндегі сын мен талапқа назар аударсақ, бұл салада атқарылуға тиіс жұмыстардың аса ауқымды екенін көреміз.

Қазіргі уақытта кейбір өңірлерде ауыл ішіндегі жолдар түгілі, сол ауылға дейін жеткізетін асфальт жолдың жоқтығы – көңілге қаяу түсіретін шындық. Жолдауда айтылғандай, 2029 жылға дейін жолдарды жақсарту мақсат етілгендіктен, мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттан тапшылық бола қоймайтыны анық. Өйткені сапалы жол жұрттың қарым-қатынас жасауына ғана емес, жер-жерде өндірілген өнімдердің әр тарапқа жедел жетуіне жағдай туғызып, ел экономикасының алға басуына зор мүмкіндік ашатыны белгілі. Ал қаражатты сапалы жол салуға тиімді жарата білу – соған жауапты министрлік пен жергілікті басшылықтың басты міндеті. Бұл – осы мақсаттың орындалуына тікелей жауапты басшылардың іскерлік, ұйымдастырушылық, адалдық қасиеттері де сынға түсер уақыт. Азаматтардың уақыт пен халық сынынан сүрінбей өтуінен үміттенеміз.

Сапалы жол аймақтардың өзара тауар тасымалына, тәжірибе алмасуына да әсер етеді. Сондай-ақ, жол мәселесінің шешілуі Жолдауда айтылған: «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу» мақсатын орындауға да зор мүмкіндік туғызады.

Аталған мақсатқа жету жайында ойланған кезде Президенттің: «...өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі», – деген сөзінен тағы бір мәселе көрініс береді. Ол – Жолдауда бағдарланған экономикалық межелерге қол жеткізу үшін сол мақсатқа тұтас қоғамды жұмылдыру қажеттігі.

Бұл қажеттілікті шешуде маңызды орын алатын қуатты күш – БАҚ. Баспасөз бен телеарналарда адал еңбегімен табысқа жетіп жүрген азаматтар, үлкенді-кішілі өндіріс орындары, шаруашылықтар және олардың өнімдері жиі насихатталып, үлгі етілгені абзал. Сонда ғана қоғамдық ойда адал еңбекке қатысты оң пікірлер мен түсініктер қалыптасады. Соның нәтижесінде адалдық пен әділдікке, еңбек арқылы табысқа жетуге болатынына сенім артады. Ал сенім бар жерде жетістік болатыны шындық.

«Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер», – деп мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, еліміздің ертеңі жарқын болу үшін бүгіннен бастап әділдікті мұрат етіп, адал еңбекті құрметтей бағалауға ұмтылайық. 

Қазақстанымызды өз еңбегімізбен гүлдендірейік. Өйткені Отанымыз – біреу, ал Отанның қуаттын арттыру – бәрімізге ортақ парыз. Өркендеу кілті – өз қолымызда.

Әлтай Аманжол Дүйсенбайұлы,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі