Отбасындағы жанжалдан кейін 15 жастағы бала үйден кетіп қалып, қайтып оралмаған.
Шымкентте жасөспірім қағазға қоштасу хатын жазып кеткен
6,171
оқылды

Шымкенттегі Абай аудандық полиция басқармасына жергілікті азамат хабарласып, отбасындағы жанжалдан кейін 15 жастағы баласының үйден кетіп қалып, қайтып оралмағанын айтқан.

Әйелдің айтуынша, мұндай жағдайлар бұған дейін бірнеше рет қайталанған. Алайда әйел бұл туралы ешкімге айтпай келген. Енді осы жолы полицияға хабарласып, көмек сұрауға мәжбүр болыпты.

"Осы жолы мен полицияға хабарласуды жөн көрдім. Өйткені баламның іс-әрекетіне алаңдап жүрмін. Ол мопед алып бермеген соң, соған өкпелеп үйден кетіп қалған сияқты", – деді жасөспірімнің анасы.

Ұлы кетер алдында ақ параққа анасын жақсы көретінін, оған жақсы бала бола алмағандығын, енді мұндай қателіктер қайталанбайтынын, тек мопед жүргізіп, бақытты өмір сүргісі келгенін жазып кеткен.

Жоғалған баланы жедел іздеуге Абай аудандық полиция басқармасының барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Бейнекамералар мен жасөспірімнің баруы мүмкін жерлер, сауда орындары мен қала көшелері тексерілді.

Сөйтіп, іздеу бір жарым тәулікке жалғасып, тәртіп сақшылары ер баланы қаладағы ескі үйлердің бірінде жасырынып отырған жерінен тапты.

Полицейлер жасөспіріммен әңгімелесіп, оған отбасына бару керектігін түсіндірген. Ер бала полицияға көніп, үйіне жеткізілді.

Баланың сары уайымға салынған анасы шенділерге алғысын білдірді.