Шымкентте 5 жасар қызды зорлап өлтірген қасқөй сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сарыағашта 5 жасар қызды азаптап өлтірген педофил жазасын қай түрмеде өтейді?
3,829
оқылды

Cотта екі баппен кінәлі деп танылған Сайдолим Гаийбназаров енді өмірінің соңына дейін түрмеде отырады. 

КТК арнасының мәліметінше, 48 жастағы педофилге, сондай-ақ химиялық кастрация жасалып, 100 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді. 

Қаршадай қызынан айырылып, қара жамылған ата-ана Сарыағаш ауданының судьясы мен прокурорларын да айыптап отыр. Сарыағаштық азғынның ісін бар-жоғы екі ай қараған сот үкімді Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторының ғимаратында оқыды. 

Жабық сотқа марқұм Еркежанның ата-анасы, адвокаттары мен тілшілер ғана қатыстырылды. 48 жастағы Сайдолим Гайибназаровты адам өлтіру және сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсету баптарымен кінәлі деп таныды. 

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдос Сұлтанов: «Аталған тұлғаға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар қосымша жазалар бар. Химиялық кастрация дейміз, сондай-ақ мәжбүрлі емдеу шаралары,  жәбірленушінің талап-арызы толығымен қанағаттандырылып, толық көлемде моральдық зиян өндіру мәселесі өндірілді», – деді. 

Үкім оқылғаннан соң сотталушы кінәлі екенін мойындаса да, жазасын жеңілдетуді сұраған еді. 

Оны естіп, онсыз да егіліп жылап отырған марқұм Еркежанның ата-анасы азғынға тұра ұмтылды. Оқиға шілде айында болды. Ойнап жүрген 5 жасар қызды үйіне алдап шақырған көршісі, онымен ойына келгенін істеген. Нәпсісін қанағаттандырған соң, Еркежанға бірнеше рет  пышақ сұғып өлтірген. 48 жастағы сотталушы бұрын адам өлтіріп, 10 жыл отырып келген. Ал биыл көктемде тағы бір кісінің басынан балтамен ұрғанына қарамастан, жергілікті сот шартты жазамен бостандыққа жібере салған. Осы жағдай қаралы отбасының шымбайына батып отыр. 

Марқұм қыздың әкесі Нұржан Ережепов: «Сарыағаштағы мұны шығарған сот, прокурордың бәрін жазалау керек қой. Өйткені бұлар тиынын алған, ақшасын алған да, сөйтіп шартты түрде шығарып жіберген ғой. Бұған дейін бір адамның басынан балтамен ұрған. Ол адам Өзбекстанға өтіп өлген. Өзбекстан азаматы болған. Ол да өлген. Тайраңдап жүріп, менің қызымды өлтірді. Ұрығы шығып тұр, киімінен де, Сайдолимнің өзінен де шығып отыр. Қызымнан да шығып отыр», – дейді. 

Еш жерде жұмыс істемеген 48 жастағы азғын жазасын енді өмірінің соңына дейін ең қатал саналатын Қостанайдағы «Қара бүркіт» түрмесінде өтейтін болды. 

Марқұм Еркежанның жақындары көрші тұрған қылмыскердің Сарыағаштағы үйін бұзып тастауды талап етіп отыр.