Астана қаласында жастардың колледжде білім алуы үшін қандай жағдайлар жасалып жатыр? Бұл жайында елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен қаланың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөз қозғады.
«Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру»: жоба аясында 8500 грант орналастырылды
1,189
оқылды

Қазір елордада 32 колледж бар. Оның 9-ы – мемлекеттік, 23-і – жекеменшік. Кадрларды даярлау 75 мамандық және 122 біліктілік бойынша жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта қаланың барлық колледжіндегі кабинеттерге, шеберханалар мен жатақханаларға жөндеу жүргізілді, білім беру бағдарламалары өзектендірілді, педагогикалық штат жасақталды. Бүгінде  18 жатақханаға 2696 студент орналастырылды.

«Биылғы оқу жылы «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасы шеңберінде 8500 грант орналастырылды. Өткен жылмен салыстырғанда 1200 орынға көбейді. Осы оқу жылында алғаш рет пилоттық жоба шеңберінде қаланың 170, 10-11-сынып оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау жүзеге асырылды.  Аталған эксперимент бойынша оқушылар 1,5 жылдан кейін білім туралы аттестаты мен жұмысшы мамандығы бойынша дипломды қоса алып шығады», - дейді Есет Байкен.

фото:www.gov.kz