Партияның облыстық филиалының Саяси кеңесі бюросы отырысында Тарбағатай және Зайсан аудандарына қатысты бірқатар сұрақ талқыланды.
«Омбы-Майқапшағай» автожолының 154 шақырымына жаңа асфальтбетон төселді
758
оқылды

 

Атап айтқанда «Зайсан-Алматы» және «Зайсан -Астана» бағыты бойынша әуеқатынасын қалпына келтіру, «Үйдене» және «Қандысу» гидротехникалық құрылыстарына күрделі жөндеу жүргізу, «Омбы-Майқапшағай» автожолының учаскесін қайта жаңарту, Зайсан ауданының 8 ауылын толық газдандыру,  шекаралас елді мекендерінде ұялы байланыс пен интернеттің сапасын жақсарту және Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде Тарбағатай ауданы Байтоғас ауылында балық өнімдерін қайта өңдеу зауытын салу мәселелері негізінде атқарылып жатқан жұмыстар бойынша тиісті басқармалармен аудан әкімдерінің есептері тыңдалды.

«Бүгінгі  жиында көтерілген мәселелердің барлығы  аудан халқы үшін маңызды мәселелер. Сондықтан да осы жұмыстарды уақытылы жүзеге асыруымыз қажет. Бұл мәселелердің барлығы біздің партиямыздың Республикалық және облыстық деңгейдегі сайлауалды бағдарламасын орындауға арналған Жол картасына енгізілгендіктен,  партияның бақылауындағы шаралар», – деді «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангул Жумадилова.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қалбатау-Майқапшағай» республикалық маңызы бар автомобиль жолын 906-1321 шақырым жаңарту жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда.

«ШҚО бойынша жобаның жалпы ұзындығы – 231 шақырым. Осы 231 шақырымнан  қазіргі уақытта 154 шақырымға жаңа асфальтбетон төселді, айналма жол бойынша 44 шақырымның  қазіргі уақытта 33 шақырым жолы ашылды. Қайта құру учаскелерінде құрылыс маусымы басталғаннан бері 106 бірлік жол-құрылыс техникасы мен 212 адам жұмыс істеуде», – дейді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы бөлім басшысы  Алмас Касенов.

Жиын соңында партияның облыстық саяси кеңесі Бюросының мүшелері «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXXII конференциясына қатысушылардың квотасы мен Партияның облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының құрамын бекітті.

««Зайсан-Алматы» және «Зайсан -Астана» бағыты бойынша әуеқатынасы  мәселесін қарастырғанда ол жақтағы ұшу және қону кезіндегі қауіпсіздік мәселесіне назар аударған жөн. Бұл бағыттағы әуеқатынасы іске қосылса, шалғайдағы зайсандықтармен тарбағатайлықтарға  өте жақсы болар еді. Сайлау науқаны кезінде «AMANAT» партиясының Төрағасы халықпен кездескенде тұрғындар осы мәселені оңтайландыруды  айтқан болатын. Жұмысты көп созбай іске асыру қажет. Бұл ретте партия тарапынан да қолдау болады», – деді «AMANAT» партиясының  Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Айтқазы Шерубаев.

Фото Instagram.com/qaj_vko