ТЖМ 11 қыркүйекте Қазақстанның барша азаматы қауіпсіз жерде болуы керек екенін ескертті

Сейсмикалық жаттығулар "Жер-2023" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізіледі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 11 қыркүйекте елімізде сейсмикалық жаттығулар өткізіледі.
"Тұрғындарды белсенді қатысуға шақырамыз. Сейсмикалық жаттығулар барысында тұрғындар жойқын жер сілкінісі кезіндегі өзін-өзі ұстау ережелерімен танысып, қауіпсіз орындарды анықтау, зардап шеккен халықтың қабылдау пункттеріне жиналуы сияқты кейбір іс-әрекеттерді іс жүзінде пысықтайтын болады. "Баршаның назарына!" сигналын естіген кезде сабыр сақтаңыздар", - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі хабарламасында.

Министрліктің айтуынша, тұрғындарға мүмкіндігінше ғимараттан шығу қажет. Ал ғимараттан шығу мүмкіндігі болмаған жағдайда қауіпсіз жерді паналай тұру қажет.

"Сейсмикалық жаттығулар "Жер-2023" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – халықты жер сілкінісіне дайындау, оларға жалпы қауіпсіздік мәдениетін үйрету, сонымен қатар азаматтық қорғау күштерінің жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерге әзірлік деңгейін арттыру",– деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.