Еріктілер аталған деректі тиісті іс-шара қабылдау үшін облыстық департаментке жолдаған.
Атырау облысында аудандық әкімдік көшетті үш есе қымбатқа сатып алмақ болған
1,248
оқылды

Атырау облысында аудандық әкімдік көшетті үш есе қымбатқа сатып алмақ болған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

 

Агенттік мәліметінше, бұл дерек мониторинг кезінде анықталған.

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің еріктілері мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізді. Талдау барысында Мақат ауданы әкімінің аппараты көшет сатып алу бағасын үш есеге көтергені анықталды. Әр түп көшетті 15 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Көшеттің нарықтағы бағасы – 5 мың теңге. Ал, аудандық әкімдік бұл мақсатқа 1,5 млн теңге бөлген», - делінген хабарламада.

Еріктілер аталған деректі тиісті іс-шара қабылдау үшін облыстық департаментке жолдаған. Ал, департамент Мақат ауданы әкімінің аппаратына мемлекеттік сатып алуды қайта қарау туралы ұсыныс берді. Соның нәтижесінде көшет сатып алуға қатысты жарияланған лот жойылды.