Жамбыл облысында аңызы мен ақиқаты астасып жатқан тарихи орындар аз емес. Есте жоқ ескі заманнан сыр шерткен мұндай мекендердің тылсымы мен құпиясы да жетерлік.
Тылсымға толы «Топ ағаш»
3,250
оқылды

Қасиетті мекеннің құпиясы қашан ашылады?

Міне, сондай  жарытылысы беймәлім жер Т. Рысқұлов ауданындағы «Топ ағашы» саналады. Ерекше қасиетке ие орын жайлы ел ішінде жылдар бойы айтылып келе жатқанымен, әлі күнге жұмбағы ашылмауда. 

«Топ ағаш» атанған киелі жер Т.Рыс­құлов ауданы Ақыртөбе ауылының сол­түстік шығысында орын тепкен. Бұл жер­­­­­­ді елді мекендегі адамдар білмесе, сырт­­тан келгендер тап басып таба ал­­­мауы бек мүмкін. Себебі киелі орынның орналасқан жері жыл мезгілдеріне қарай түрлі түске еніп, кейде адам көзіне елес сағымдай көрінеді. 

Аңыз бойынша бұл жерде 1378 жыл­дары Мақтым Ағзам Қожаның немересі Нүрилә дүниеге келіп, өмір жолында өрнек тоқу өнерімен айналысқан көрі­неді. Ел ішінде «Домалақ ана» атанып кеткен бойжеткен Бәйдібек бимен де осы маңда кездескен. Құдықтан су алып жатқан сұлуға көзі түскен Бәйдібек оған жақындай келгенде арудың аяғы тайып кетіп құлай жаздапты. Осы сәтте бой­жеткеннің белінен қаршып ұстаған би тағдырын тапқанын түсініп, қос ғашық некесін қиған екен. Бүгінгі күнге дейін «Топ ағаш» ішінде орналасқан бұл құ­дықтың суы қасиетті саналады. 

Ал 1726 жылы Болат хан билік құрған тұста Бөгенбай батыр бастаған қазақтар осы әулие «Топ ағаш» маңында жоңғар­ларды тас-талқан етеді. Жаудың қолы бірнеше есе көп болса да қазақтар қайсарлық танытып жоң­ғарларды ойсырата жеңген. Сол кезде Төле би бабамыз: «Қызымызды күң, ұлымызды құл қылған сұмырай­лар­дың беті қайтты-ау. Қазақ басына енді мұндай зұлмат ту­масын», – деп бата бер­ген екен. Осыдан бастап бұл жер «Сұм­қайтты» деп аталып кеткен. 

«Сұмқайтты» шайқасында қазақтар тарихи жеңіске қол жеткізгенімен, ұрыс кезінде көптеген батыры мен сарбазы қаза тапты. Міне, осы сардарлардың қаны төгілген жерлерден топ ағашы өсіп шыққан деген аңыз бар. Бір батыр қаза тапқан жерден бір түп ағаш, ал бірнеше сарбаздың денесі жатқан орыннан топта­сып ағаштар бүршік жарған көрінеді. Ал ең таңғаларлығы, бір жерден өсіп шық­қан ағаштардың жапырақтары әртүрлі. Бірі үшбұрыш болып келсе, енді бірі – домалақтау сипатта. Үшінші ағаштың жа­пырағы болса, бастапқы екеуіне мүлде ұқсамайды. «Топ ағашта» талай жылдан бері шырақшы болып келе жатқан Ға­лым­­жан Ұзақбаев әр жапырақтың тыл­сымы мен ерекше қасиеті бар екенін ай­тады. Оның сөзіне сүйенсек, топ ағаш батырлар мазарының үстіне өскендіктен, жа­­пы­рақтың әртүрлі болуы үш жүзге бай­­ланысты көрінеді. «Бірі Ұлы жүз болса, екіншісі Орта жүз, үшіншісі мұнда Кіші жүз ұрпағы жатқанын білдіреді», – дейді шырақшы. 

Топ ағаштың тылсымы мұнымен шек­­­телмейді. Мұндағы ағаштардың көшетін алып басқа жерге ексең, мүлде өспейді. Сондай-ақ ағаштардың жапы­рағын өзіңмен бірге алып кетуге бол­майды. Себебі Құлан ауылында тұратын бір бойжеткен ағаш жапырағын қалта­сына салып үйіне апарған күннің түні түс көрген екен. Түсіне ақ киімді адамдар еніп, қызды әбден қысыпты. Ертесіне немересінің түсін жорыған әжесі киелі мекендегі ағаш жапырағын қайта орнына апаруды тапсырады. Әжесінің айтқанын орындап, түс қайта Тараз қаласына жол­ға шыққан бойжеткеннің жол апатынан қаза тапқаны туралы хабар келген. Бұған сенгісі келмеген әжесі мәйітханаға ба­рып қараса, апатқа ұшыраған оның не­мересі болмай шыққан. Не қуанарын, не жыларын білмеген әже немересіне қоңы­­­­­­рау шалса, ол аман-есен екенін айт­қан. Осы тұста адам айтса сенгісіз жағ­дай – жол апатынан қаза тапқан бой­жет­­­кеннің аты-жөні әжейдің немересінің тегімен дәл келген. Тіпті, екеуінің жасы мен дене пішімі де бірдей болыпты. Тек бақилық болған қыз үлкен күре жолмен жолаушы ретінде өтіп бара жатқан басқа өңірдің тұрғыны болып шыққан. 

Міне, осы оқиғадан кейін құлан­дық­тар «Топ ағашының» киелілігіне күмәнсіз сенетін болған. «Егер әженің немересі жапырақты дер кезінде мекеніне қайта апарып қоймағанда, жол апатына сол ұшырар ма еді?» деген де наным осы күн­ге дейін айтылады. 

Тоғайда «Әбілқайыр ханның өзі отыр­ғызды» делінетін де тал бар. Кеңес­тік кезеңде ағаштарды НКВД адамдары толықтай кесіп, көзін жоймақшы да болыпты. Алайда ағаштарды кескендер түрлі ауруға шалдығып, қансырап өлген көрінеді. Бұл әңгіме ел аузында таралып, бүгінгі күнге жеткен. 

Топ ағашта тоғыз әулие тас бар. Ха­лық оны тоғыз батырдың бейнесі деп атайды. Одан бөлек, Адам ата, Хауа ана сияқты атау алған ағаштар алыптығымен өткен күннен сыр шертіп тұр. Ал періш­телер талдың түбіндегі кішкене бұлақ­тың суының емдік қасиеті бар деседі жұрт. 

Топ ағаштың тылсымына көз жет­кізген адамдардың да саны күн санап артуда. Мәселен, 2015 жылы Т.Рысқұлов ауда­нының тұрғыны Ләззат Өтеулиева «Топ ағашында» жүріп, талдарды суретке тү­сіреді. Кейін ашып қараса тал түбінде намаз оқып тұрған адам бейнесіндегі ақ сұлбаны көріп, аң-таң болады. Суретті шырақшыға көрсеткенде: «Бұл жер тыл­сымға толы. Әр тал о дүниелік болған адам­­дардың мүрдесінің үстіне өсіп шық­қан. Ал әруақ ақ сұлба боп, кей жағдайда бойында ерекше қасиеті бар адамдардың көзіне көрінеді» деген екен. Аталған су­ретті Ләззат Өтеулиева кейін­нен әлеу­мет­тік желіге жариялап, ол ел ара­сында қызу талқыға түсті. Суреттегі ақ сұлбалы адам­ның қалай пайда бол­ғанын сол кездегі өңірдің ақбас ғалым­дарының өзі түсіндіріп бере алмаған еді. 

«Топ ағашына» балгерлер мен құма­лақшылар да келіп көрген. Алайда олар­ды кіреберістен үш үкі, үш қаршыға, үш иттелгі, үш ақ, үш сары, үш қара жы­лан күтіп алып, босағадан аттатпай қой­ған екен. Ал мұндай көрініске куә болған балгерлер тоғайдан айқайлай қашып, бұл маңға қайта аттап баспаған. 

Тағы бір таңғаларлығы, «Топ ағашта» мүлде құс жоқ. Қанша тал өсіп тұрса да, бірде-бір құс келіп бұтағына қонбайды. Тоғай ішінде құстардан бөлек, жан-жануар­дың да үні естілмейді. 

Тағы бір айтатыны, «Топ ағашына» бала сүйе алмай келген қыз-келін­шек­тердің асыл армандары орындалған. Шы­рақшы Ғалымжанның сөзінше, бү­гінгі күнге дейін 150 жас отбасының топ ағашында тілеуі қабыл болған көрінеді. 

Шырақшы Ғалымжан Ұзақбаев «Топ ағашты» Құранды оқу арқылы тапқан екен. 

« Отбасымда ХІІІ ғасырлық Құран кі­тап бар болатын. Соны оқу арқылы осы қасиетті мекенге тап болдым. Ал­ғаш­қыда түс көріп, түсімде маған бұл жер «Ал­тынтөбе» деп аталады деген аян бе­рілді. Кейін сұрастыра жүріп, осы қа­сиет­ті «Топ ағашына» келдім», – дейді шырақшы. 

Егер «Топ ағашынан» тарихи Ақыртас қалашығы мен көненің көзі саналған Ақыр­­­тө­­бе ауылын байланыстыра сызсаң, әлем діндерінің орталығы саналған Мек­ке, Медина, Иерусалим сынды үш бұ­рыш­­ты пирамида пайда болады. Бұл да әлі ешкім түсіндіре алмай жатқан жұмбақ құбылыс.

Түнде «Топ ағашта» қанатты ақ тұл­пар­дың самғап жүргенін көргенін айт­қандар да бар. Ал оның артынша жылқы­лардың тұяғының дүбірі естіліп, қи­ян­-кескі шай­қас үні шығатын көрі­неді.

Шырақшы Ғалымжанның айтуынша, кейінгі жылдары бұл маңға сырттан көп адам келе бастаған екен. Оның ішінде за­­ғип жандардың жанары ашылып, жү­ру­­­ден қалғандар аяғынан тік тұрып, ауыр сыр­қатқа шалдыққандар індетінен құлан таза айығып кетіпті. Келушілердің дені кезінде Домалақ ана су алған құдық­тан су ішіп, сол жерге түнегеннен кейін ден­сау­­­лығы дұ­рысталып, бойына ерекше бір күш келгенін айтқан. 

«Топ ағаштағы» талдардан бөлек, тас­­тарының да қасиеті ерекше. Мәселен, сұр тас бас ауруларын емдейтін болса, ақ тас бауыр дертіне дауа дарытқан. Ал мұн­дағы ең қасиетті қара тас саналады. Өйт­кені оның бетіне табиғат тылсымымен «Аллах» сөзі араб тілінде бедерленіп жа­зылған. 

Иә, «Топ ағашының» қасиетімен қа­тар тылсымы да көп. Бір өкініштісі, осын­­­дай киелі жерге осы таңға дейін бірде-бір ғылыми, не археологиялық зерт­теу жұ­мыстары жүргізілмеген. Егер біз «Топ ағашының» құпиясын ашып, қасиетін барынша таныта алсақ, бұл та­ри­хымыздың жаңа парағын ашып қана қоймай, туристерді де лек-легімен тартар еді. Ал бұл өңір экономикасына үлкен де­меу. Сондықтан «Топ ағашына» ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді об­лыс­тың атқамінерлері жақын жылдары қолға алады деп сенеміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы