Биыл 8 айда елордада қоғамдық тәртіпті бұзудың 10 мыңнан аса жағдайы тіркелді.
Жеңіс Қасымбек елорда тұрғындарына үндеу жасады
2,353
оқылды

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорда тұрғындарына үндеу жасады.

Қала әкімі Instagram парақшасында кейбір астаналықтардың ақылға қонымсыз әрекеттерін көрсетті.

"Қаламызды жақсарту үшін тұрғындармен күн сайын бірлесе жұмыс істейміз. Абаттандырып, қолайлы ете түсеміз. Дегенмен өкінішке қарай, вандализм мен мәдениетке сай келмейтін әрекеттер бар. Кейбір азаматтардың ақылға қонымсыз әрекетінен жалпықалалық мүлікке зиян келеді: аялдамаларды, орындықтарды, аулаларды бүлдіреді, қоқыс жәшіктерін төңкеріп тастайды және т.б. Осылайша,  қаланың өзге де тұрғындары мен қонақтарына сөз тиеді",  деп жазған ол.

Әкімнің айтуынша, биыл 8 айда елордада қоғамдық тәртіпті бұзудың 10 мыңнан аса жағдайы тіркелді.

"Вандализм  бұл жеке мәдениет пен тәрбиенің деңгейі. Әрі бұл сыннан кез келген адам өте бермейді. Қалада қандай жұмысты қолға алсақ та, адамдарға ыңғайлы болу үшін орындаймыз. Жалпыға ортақ қала мүлкін бүлдіру арқылы құқықбұзушылар елорданың өзге тұрғындары мен қонақтарына қолайсыздық тудырады. Дәл осы көшеде олардың жақындары мен туыстары жүреді. Биыл 8 айда ғана елордада қоғамдық тәртіпті бұзудың 10 мыңнан аса жағдайы тіркелді. Қаламыз полициямен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары күн сайын қаланы күзетіп, тәртіп бұзушыларды анықтайды",  деп жазған ол.