Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штабта республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды салу және реконструкциялау мәселелері қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Көлік министрі: Сарыағашты айналып өтетін жол саламыз
1,266
оқылды

Көлік министрі Марат Қарабаев Президенттің 2029 жылға дейін республикалық желідегі 8 мың шақырым жолды сапалы салу және реконструкциялау міндетін қойғанын баяндады.

Мәселен, таяу жылдары жалпы ұзындығы 4,7 мың км негізгі автожол жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр. Олар саланы жаңғыртуға және Транскаспий халықаралық көлік бағытында республиканың транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Бүгінгі таңда бірінші кезекте 2 мың шақырымға арналған үш жоба тұр. Олар бойынша өте ауқымды жұмыс жүргізілген. Бұл «Ресей Федерациясының шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Ұлғайсын – Қызылорда», «Жезқазған – Қарағанды» және «Сарыағаш қаласын айналып өту» трассалары. Кейбір учаскелерде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, ал басқалары бойынша жұмыс 2024 және 2025 жылдары басталады деп күтілуде.

Сонымен қатар жол бойындағы сервис инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1,6 мыңнан астам қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді, олардың 78%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Жыл соңына дейін тағы 78 жаңа нысанды, сондай-ақ 25 жылы санитарлық-гигиеналық қондырғыны іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға қарай Ұлттық стандартқа сәйкес келетін 300-ден астам жаңа қызмет көрсету нысанының құрылысы жүргізілмек.

Жергілікті жолдар желісіне келетін болсақ, бүгінгі таңда 70 мың шақырым жолдың 85%-ы – нормативтік жағдайда. Биыл әкімдіктер 4,2 мың шақырым жолда жұмыс жүргізуде. Жалпы 2029 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Сонымен қатар автожол саласын реформалау аясында автожолдар салу процесін бақылауды күшейту тетіктері енгізіліп, нормативтік құжаттар жетілдірілуде.

Премьер-министр осыған дейін халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен іске асырылатын ірі автожол жобалары бойынша конкурстарды көбіне талаптарға сай келетін шетелдік компаниялар жеңіп отырғанын атап өтті. Содан кейін олар тапсырыстарды қазақстандық фирмаларға қосалқы мердігерлікке тапсырып отырған.

Енді кейбір талаптарды өзгерту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде (жылдық қаржы айналымы көрсеткішін төмендету, Қазақстанда өз иеліктерінде арнайы техникасының болуы туралы талапты қосу, жұмыстардың 50%-дан астамын қосалқы мердігерлікке тапсыруға жол бермеу және т.б.) қазақстандық компаниялар дербес не консорциумдарға біріге отырып, осындай конкурстарда жеңіске жетіп, өз кірістерін едәуір арттыра алады.

Сондай-ақ отырыста «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев баяндама жасады. Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтып берді.

Премьер-Министр көлік саласы елдің экономикалық дамуының локомотивтерінің біріне айналуы тиіс екенін атап өтті. Биыл тәулігіне 50 мыңға жуық автокөлікті өткізуге мүмкіндік беретін «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» алғашқы концессиялық жобасы іске асырылды. «Алматы – Қарағанды», «Талдықорған – Өскемен», «Мерке – Бурылбайтал», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» сияқты ірі автожол жобалары аяқталуға жақын.

Бұл ретте Үкімет басшысы жолдардың сапасы жиі сынға ұшырап жататынын атап өтті.

«Тұрғындардан түсетін шағымдар туралы білесіздер. Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Оған үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елді мекендер арасында жақсы жолдар қажет. Бұл бәрімізге, біздің экономикамызға қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы құрылыс маусымы аяқталуға жақын екенін, сондықтан қыркүйек айында жол-құрылыс жұмыстарын айтарлықтай жандандыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Премьер-министр көктемде «асфальт қармен бірге шайылып кетпес үшін» жолдардың тиісті сапасын қамтамасыз етуді талап етті.

«Әкімдіктердің инженерлік коммуникацияларды жүргізгеннен кейін жолды қайта қалпына келтіруді кешіктіруі қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Алматы қаласының Қарасу шағын ауданында коммуникациялар жүргізілгеннен кейін 5 жылдан астам жолдың болмауы – осының бірден-бір мысалы. Бір топ белсенді Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа шағым түсірген. Бұл ретте техникалық қадағалау мен энергетика басқармасы жол төсемінің сапалы қайта қалпына келтірілгені туралы есеп берген. Оған қоса жолдың жоқтығына Алматыдағы Рахат шағынауданының тұрғындары шағымдануда», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, елді мекендерді «сыртқы әлеммен» байланыстыратын жолдарға ерекше назар аудару қажет, себебі адамдардың өмірі мен денсаулығы осындай жолдардың болу-болмауы немесе олардың жай-күйіне байланысты.

Үкімет басшысының сөзінше, бірқатар өңірде жол салуға арналған бюджет қаражатын мақсатсыз және тиімсіз пайдалану жағдайлары орын алуда. Мәселен, Жетісу облысының прокуроры ақшаны заңсыз жұмсау фактілерін анықтаған, нәтижесінде жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 35 конкурс бойынша рәсімдер тоқтатылды.

Тағы бір маңызды мәселе – автомобиль жолдарымен ауыр жүк машиналарының жүруі.

«Бір жолды жөндеу және салу кезінде жүк көліктері басқа жолдарды, соның ішінде жаңадан жөнделген жолдарды бүлдіретін жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, Қарағанды облысындағы Нарманбет – Балқаш автожолында жаңадан жөнделген жол бойынша Шұбартау карьерінен кен тасымалдана бастаған. Кен тиелген жүк көлігінің салмағы 60 тонна! Нәтижесінде жаңа асфальт бүлінді. Мұндай мысалдар көп, тіпті қалаларда да кездеседі», – деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-министр жолдарды жобалау және салу, сондай-ақ оларды күтіп-ұстау мәселелерін кешенді түрде шешу қажеттігін атап өтті. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Көлік министрлігі арнайы қайта құрылып отыр.

«Ведомствоның алдына жол құрылысы саласын қайта құру бойынша нақты міндеттер қойылды. Жол активтері сапасының ұлттық орталығының сапасыз жүргізілетін жол-құрылыс жұмыстарына жол бермеу, жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу жөніндегі рөлін күшейту қажет. Сондай-ақ талаптарды қатаңдатып, жаңа нормативтік құжаттарды қабылдау қажет», – деді Үкімет басшысы.

Фото: otyrar.kz