83 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны қомақты қаржыны алаяққа өз қолымен берген.
«Қызым түрмеге түспесін деп...» – 83 жастағы қарт ақшасынан айырылды
1,628
оқылды

Күдікті өзін 83 жастағы тұрғынға полиция тергеушісі ретінде таныстырған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Polisia.kz-тің дерегінше, түн ортасында ер адам жәбірленушіге өзін Шымкент қаласы Полиция департаментінің тергеушісі ретінде таныстырған. Зейнеткердің қызы «жол апатын жасады» деген айыппен ұсталғанын хабарлаған. Жалған «полицей» егер анасы ақшасын төлесе, қызын қазір босатуға болады деп сендірген. 

Қорыққан қала тұрғыны қызының түрмеге түспеуі үшін бар жиған-тергенін беруге келіскен. 

Күдікті ақша алуға курьер келгенше жәбірленушіге ешбір жағдайда телефон тұтқасын қоймауды бұйырған. Келген жігітке қария 900 мың теңге мен 500 долларды қолма-қол тапсырған. 

Жәбірленушінің ұйқысыз өткен түні туралы білген туыстары полицияға болған оқиғаны хабарлаған. 

Аталған жайт бойынша тергеушілер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері ақша алған «курьердің» жеке басын анықтап, ұстады. 22 жастағы жергілікті тұрғын мобильді мессенджер арқылы алған нұсқаулары бойынша әрекет еткенін мойындады.

Ол алған ақшаның 90%-ын онлайн-жұмыс берушілердің есепшотына аударып, қалған соманы өзінің жалақысы ретінде алып отырған. 

Тергеу жалғасып жатыр. 

Фото: polisia.kz