Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауы жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға бағдар ұстануымен ерекшеленді.
Өркендеу кілті
848
оқылды

Өйткені қазіргі кезеңде, Президент сөзімен айтқанда, «...жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды».

Қысқа күнде қырық құбыл­ған ғалам­дағы өзге­ріс­терге ла­йық­ты жауап тауып, орнықты мемлекет болып қалу үшін не істеу абзал? Жолдауда осы сұ­рақ­қа бірнеше бағ­дар бойынша жауап берілген. Ел эко­номикасы өзін өзі қамта­ма­сыз ете алатын­дай жағ­дайға жету үшін мықты өнеркәсіптік негіз қа­лып­тастыру қажеттігі, ол үшін өңдеу саласын дамытуға ба­­сымдық беру қажет­тігі ең бас­ты міндет ретінде алға тартылған. Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын клас­тер құру қажет­тігі міндеттелген.

Дәл осы кластер жүйесін қа­зір­гі уақытта әсіресе ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу ісінде кеңінен өрістету қажеттігі айқын байқалып тұр. Төрт түліктен, ас­тық пен бау-бақшадан, жылы­жай­лардан алынатын өнімдерді сол қалпында пайдаланумен шек­­телмей, оларды түрлі өнім­дерге айналдырып, ішкі-сыртқы нарыққа ұсынған жағдайда ел экономикасына үстелер табыс еселене түсері анық. Бұл үшін қа­жетті нәрсе – еліміздің барлық аймағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге мүмкіндік беретін шағын зауыттар мен цехтарды көбейту және оларда өнім өңдеудің заманауи жаңа технологияларын кеңінен пай­да­­лану. Аталған жұмысқа қажетті технологияларды озық елдерден үйренуге болатыны белгілі. Алай­­да сонымен шектеліп қал­май, өзі­міздің қазақстандық техно­логияны қалыптастыру маңызды. Мем­лекет басшысы­ның: «Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті аза­мат­тармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуы­на жағдай жа­сауы­мыз керек», – деген пікі­рі­нің өзектілігі осы тұста анық байқалады. 

Ауыл шаруашылығында қазақ­­­стандық технологияны қа­лып­тастыру үшін бірінші кезекте қажетті әрекет – еліміздегі өнер­тапқыш, креативті азаматтардың ізденістері мен жаңалықтарының мүмкіндіктерін ғылыми сарап­тап, оң нәтиже беретіні айқын­далған жаңашыл ұсыныстарға мемлекет тарапынан қолдау жа­сау, яғни сол жаңалықтың қолда­ныс­қа енуіне жол ашу. Осы ба­ғыт­та атқарылуға тиіс тағы бір әре­кет ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарындағы жаңалықтарды уа­қытылы сынақ-тәжірибеден өт­кі­зіп, сәттілерін шаруашылық­тарда қолдану деп ойлаймыз. Ал өнертапқыштар мен ғалым­дар­дың еңбектерін ел игілігіне ай­нал­дыру үшін әр аймақта экс­пери­менттік алаңдар болғаны жөн.

Ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу саласын дамыту үшін технологиялық жаңалық­тарды тәжірибе алаңдарында сынақтан өткізіп, пайдалы көр­сеткіштері жоғары болғандарын іс жүзінде қолдану арқылы өңдеу техно­логиясын да, ауыл шаруа­шылығы тех­никаларын да бір­тін­деп қазақ­стан­дық үлгіге кө­шіруге болады. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде қалдықсыз технологияға толықтай ауысуға мүмкіндік туады. Бұл дегеніміз – мал өнімдерін сүйегі мен тұя­ғы­на дейін, астық пен бау-бақша өнімдерін сабағы мен жапыра­ғы­на дейін кәдеге жарату, ел эко­­­номикасына үлес қосу бол­мақ. 

Әрине, өнім өндіру бар да, оны іске жарату бар. Осы тұста Жол­дауда айтылған тағы бір мін­дет – көлік-логистика саласы­ның әлеуетін толық пайдалану мәсе­лесі алдан шығады. «Сон­дай-ақ автокөлік жолдарының құры­лысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын кө­термейді. Тиісті жұмыстар уақты­лы және сапалы жасал­майды. Жемқорлық белең алып тұр, бә­секе де жоқтың қасы. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет», – деген Пре­зи­дент сөзін­дегі сын мен талапқа назар аудар­сақ, бұл салада атқа­рылуға тиіс жұмыстардың аса ауқымды еке­нін көреміз.

Қазіргі уақытта кейбір өңір­лерде ауыл ішіндегі жолдар тү­гілі, сол ауылға дейін жеткізетін ас­фальт жолдың жоқтығы – көңілге қаяу түсіретін шындық. Жолдауда айтылғандай, 2029 жылға дейін жолдарды жақсарту мақсат етілгендіктен, мемлекет тарапы­нан бөлінетін қаражаттан тапшы­лық бола қоймайтыны анық. Өйт­кені сапалы жол жұрт­тың қарым-қатынас жасауына ғана емес, жер-жерде өндірілген өнім­дердің әр тарапқа жедел жетуіне жағдай туғызып, ел эко­номика­сының алға басуына зор мүмкін­дік ашатыны белгілі. Ал қара­­жат­ты сапалы жол салуға тиім­ді жа­ра­та білу – соған жа­уап­ты минис­трлік пен жергілікті басшылық­тың басты міндеті. Бұл – осы мақ­саттың орын­далуына тікелей жауапты бас­шы­лардың іскерлік, ұйымдас­тырушылық, адалдық қасиеттері де сынға түсер уақыт. Аза­мат­тардың уақыт пен халық сы­нынан сүрінбей өтуінен үміт­тенеміз.

Сапалы жол аймақтардың өз­ара тауар тасымалына, тәжі­рибе алмасуына да әсер етеді. Сон­дай-ақ, жол мәселесінің ше­­шілуі Жолдауда айтылған: «Қа­зақ­станның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарық­тар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегия­лық мақсаты – Еуразия құрлы­ғын­дағы басты аграрлық орта­лықтың біріне айналу» мақ­сатын орындауға да зор мүмкін­дік туғы­зады.

Осы мақсатқа жету жа­йын­да ойланған кезде Пре­зи­денттің: «...өз еліміздегі ауыл шаруа­шылығы кәсіпорын­дары­ның әлеуетін қаперден шығарма­ған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы са­лынып жатқан Солтүстік Қазақ­стан об­лы­сының жетістіктері көпке үл­гі», – деген сөзінен тағы бір мә­се­ле көрініс береді. Ол – Жолдау­да бағдарланған эко­номика­­лық межелерге қол жет­кізу үшін сол мақсатқа тұтас қо­ғамды жұмыл­дыру қажеттігі. 

Бұл қажеттілікті шешуде маңыз­ды орын алатын қуатты күш – БАҚ. Баспасөз бен теле­арналарда адал еңбегімен табыс­қа жетіп жүрген азаматтар, үл­кен­ді-кішілі өндіріс орындары, шаруашылықтар және олардың өнімдері жиі насихатталып, үлгі етілгені абзал. Сонда ғана қоғам­дық ойда адал еңбекке қатысты оң пікірлер мен түсініктер қалып­тасады. Соның нәтижесінде адал­­дық пен әділдікке, еңбек ар­­қы­лы табысқа жетуге болаты­нына сенім артады. Ал сенім бар жерде жетістік болатыны шын­дық. 

«Әділетті Қазақстанды құра­мыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азамат­тар­дың ниеті өзгеруі керек. Он­сыз басқа жұмыстың бәрі бекер», – деп Мемлекет басшысының Жол­дауында айтылғандай, елі­міздің ертеңі жарқын болу үшін бүгіннен бастап әділдікті мұрат етіп, адал еңбекті ба­ғалауға ұм­ты­лайық. 

Қазақстанымызды өз еңбе­гімізбен гүлдендірейік. Өйткені Отанымыз – біреу, ал Отанның қуаттын арттыру – бәрімізге ор­тақ парыз. Өркендеу кілті – өз қолы­мызда.

Аманжол ӘЛТАЙ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі