Сонымен, еліміз кезекті жаңа саяси кезеңге аяқ бас­ты. Межесі Президент Жолдауынан басталған бұл ке­зеңнің экономикалық маңызы басым болғалы тұр. Өйт­кені алдағы бағыт айқын.
«Ауыл шаруашылығы – таусылмайтын қор» – Бауыржан Ысқақов
3,206
оқылды

Ол – «Әділетті  Қазақстан­ның эко­номикалық бағдары». Осы ретте «Болашақ» бағ­дарламасының тағылымдамашысы, белгілі экономист Бауыржан Ысқақовпен ел дамуының жауапты белесі туралы сұхбаттасқан едік.

– Бауыржан Мұратбекұлы, биыл­ғы Жолдау негізінен экономикалық блок­ты қамтыды. Соның ішінде Президент­тің: «Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміз­дің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа эко­номикалық үлгіге өтуі­міз керек» деген сөзі көңілге қонып отыр. Ендеше эко­номист ретінде биыл­ғы Жолдауды қа­лай бағалайсыз?

– Президенттің биылғы Жол­дауы – толыққанды экономика­лық құжат, тұтастай бағдарлама деуге то­лықтай негіз бар. Өйткені бұрыннан қалып­тасып келе жатқан «бірінші – эко­номика, одан кейін – саяси рефор­малар» деген сөздің мағынасын біз енді түсініп жатырмыз. Яғни, біз бі­рінші кезекте халықтың қалтасын қам­пайтып, қарнын тойдырып, көй­легін көк қылмайынша ешқандай да бір саяси реформалар жасай алмай­тынымызға көзіміз жетті. Ал одан кейінгі мәдениет, ғылым-білім деген са­лалар – екінші орынға ығысатын дүниелер. Біз бірінші кезекте халық­тың әлеуметтік жағдайын көтеру арқылы мемлекеттің дамуына қажетті, жалпы адамның жеке қалыптасуына қажетті қалған құндылықтарға ие бола аламыз. Осы уақытқа дейін ірілі-ұсақты бағдарламалар, арнайы страте­гиялар болғаны белгілі. Бірақ біз әлі де нақты өзіміз қалаған, өзіміз ойлаған жоспардағыдай дәрежеге жете алған жоқпыз. Неге? Өйткені біз әлі де эко­номикалық нарықтың заңды­лық­та­рына жауап бере алатындай эконо­микалық модельді – қазақстандық үлгідегі бір жүйені қалыптастыру жолындамыз. Біз оның тек  алғашқы кезеңіндеміз деп айтуға болады. Десе де, мен осы уақытқа дейінгі жасалған дүниелерді жоққа шығарудан аулақ­пын. Иә, көптеген дүние жасалды. Бірақ біз әлі де «әттеген-ай» деген дүниелермен жұмыс істеп жатырмыз. Оның бірінші кезектегісі макро­экономикалық жағдайларға байла­нысты, соның ішінде біздің мемле­кеттің шикізатқа және одан түсетін табысқа тәуелді екенінде. Шет мем­лекеттердің бізді әлі де шикізат на­рығы деп қарайтынында. Яғни, біз өзіміздің отандық экономикалық мо­делімізді қалыптастырудың жолын, механизмін таппай жатырмыз. Шын­дығын айтқанда, осы уақытқа дейінгі болған экономикалық қаты­настың барлығы тезірек ақша табуға, әлеу­меттік мәселелерді сол дайын ақ­шамен жабуға бағытталып келді. Бы­лайша алғанда, қарапайым жо­лымен амалдап келгендей болып отырмыз. Ешқандай да бір ғылыми-прак­тикалық прогреске ақша са­лынған жоқ, инновациялық жүйелерді жан­дандыру қарас­тырылмады. Міне, мұның зиянын біз әлі тартып келе жатырмыз. Өйткені өзіміздің осын­шама қазба байлығымыз, осыншама қорымыз бола тұра, әлі де сырттағы мемлекеттерге тәуелді болып отыр­мыз. Қай жағынан? Халқымыз тұты­натын тауарлардың 70%-ға дейінгі көлемі көршілерімізден, соның ішінде Еуразиялық эконо­микалық одаққа мүше елдерден, одан қала берді басқа алысты-жақынды шетелдерден, мы­салы Түркиядан, Қытайдан келеді. Бұл біздің бірінші кезекте тұтыну­шылық модельді ұстанып отырғаны­мыздан. Міне, мұны осы уақытқа дейін жасалған жұмысымыздың ба­ғасы деп айтуға болады. Сол үшін де Президенттің баса назар аударып отыр­ғаны – өзіміздің арнайы эконо­микалық бағытымыздың, арнайы мо­деліміздің болғаны.

Бұл жерде біз, ең бастысы, неге назар аударуымыз керек? Менің жеке пікірім, бірінші кезекте адами капи­талға, оның ішінде жалпы өндірістің, адам еңбегінің дамуына ерекше назар аударуымыз керек. Өйткені біздегідей жағдайда отырған, яғни мол қазба байлықтары бар өзге мемлекеттер эко­­номикасының негізгі бағытын ада­­ми капиталдың дамуына арнаған. Жоғары білімді мамандарды өндіріске тартудың, одан кейін оларды сол жер­де ұстап қалудың тиімді жолдарын қарастырған. Олардың толыққанды тиімді жұмыс істеуіне арналған бағ­дарламалардың болуы – сол мемле­кеттегі адами капиталдың тұрақты болуына, ал адами капиталдың прог­ресі өз кезегінде сол мемлекетті ал­дыға тартатындай жүйеге алып келгені белгілі. Президентіміз осы бағытта: «Қазақстанның эконо­микалық да­­­муының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласын­дағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі фактор­лардың әлеуетін барынша ашуға не­­­гізделеді» деп отыр. Ендеше осынау тұжырымды тұстар тұтастай бір эко­­­но­микалық құжаттың, әлде айта­лық, мемлекеттік бағдарламаның жүгін көтеріп тұр дер едім.

– Жолдаудың дәл осы тұсында Мем­лекет басшысы: «Әділдік, инклю­зивтік және үнемшілдік жаңа эконо­микалық бағдарымыздың өзегіне ай­налады» деп міндет қойып отыр. Ол туралы не айтуға болады? 

– Иә, осы айтылған әділдік, инк­люзивтік және үнемшілдік деген нәр­селер міндетті түрде болу керек. Өйткені үш қарапайым фактордың нарықтық экономикада басымдыққа ие болмауынан бізде шағын және орта бизнесті дамытуға әлі де қызығу­шы­­­лық жоқ. Сол шағын және орта биз­неспен айналысатын адамдардың алдынан кезігетін қиындықтардың, тексерістер мен тосқауылдардың көп болуы, одан өзге монополистік ба­ғыт­тағы жекелеген компания­лардың ұсақ, дамуға ыңғайлы компанияларды жұ­тып жіберуі немесе қандай да бір басқа да заңсыз жолдармен солардың жолын бөгеу сияқты фактордың бар­лығы экономикамыздың соры болып отыр. 

Осындағы инклюзивті деген ұғым­ның өзі біздің мемлекеттің бірінші кезекте әлеуметтік бағытқа ие екенін меңзеп, бірінші кезекте нарықтық қатынастарды, оның ішінде әлеумет­тік жағдайды тиімді пайдалана оты­рып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру арқылы дамитын мемлекет­тердің қатарында болуымыз керегін көрсетіп отыр. Осы бағытта жұмыс істелуі керек. Ол үшін заңдар кешені қабылдануы қажет деп ойлаймын.

Сосын үнемшілдік дегенге келер болсақ, бұл да міндетті түрде болуы керек. Қазір біздегі мемлекет шы­ғыстарының басым бөлігі олардың жөнсіз жоспарлануымен байланысты болып отыр. Олардың ішінде бірінің қызметін бірі қайталайтын шығыс көп, болмаса экономикаға да аса бір пайдасы жоқ, импорттық тауарлардың үлесіне қарай бағытталған немесе қандай да бір топтардың мүддесін көздейтін көптеген шығын бар. Оны Президент қаншама уақыттан бері айтып жүр, қазір де айтып жатыр. Бірақ жөнсіз шығындардың көп болуы экономикамызға өзінің кері әсерін тигізіп отыр.

– «Аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде әкімдерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкімшілік ре­форма қолға алынды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастарды түбе­гейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру ке­рек». Прези­денттің бұл айтқандары біздің тү­бегейлі өзгеріске әлдеқашан бет бұр­ғанымызды нақтылай түседі. Сіздіңше қалай?

– Аймақтардың дамуы – кез кел­ген ел үшін міндетті түрдегі қалып­ты жағдай болуы тиіс. Ол әдеттегі даму үрдісімен қатар жүруі керек. Бір кездерде бізде ауылдық, аудандық жерлердегі бюджет саясаты орталыққа бағытталды, түскен табыс та, салық та облыстық бюджетке, республикалық бюджетке кетіп отырды. Қазір, міне, «төртінші бюд­жет» деген түсінік бар. Тіпті, аудандық емес, ауылдық жерлердің бюджеті болу керек деген тезис пайда болды. Соңғы бір-екі жылда бұл ба­ғытта жақсы бір өзге­рістер болып жатыр. Мұны мойын­дауымыз керек. Мысалы, салықтың 4-5 түрін сол ауылда қалдыру мәселесі қозғалуда. Егер де әкім жақсы кәсіп­керлік орта­ны қалыптастырып, өзінің ауылында ауыл шаруа­шылығымен айналысатын, айталық тері өндірісі, ұстахана, одан өзге халыққа қажетті өнімдер шыға­румен айналысатын кәсіпорынды аша алса, жаңағы кә­сіпорынның бас­шысына тиімді жағдай жасап, на­рықтық ор­таны қалыптастырып, жұмыспен адам­дарды қамтамасыз етуге жағдай жасайтын болса, сол ашқан кәсіп­орынның салықтарының басым бөлігін: жер салығы, мүлік салығы, көлік салығы және тағы бас­қалардың ауылдың бюджетіне түсіп отырғанын біз байқап жүрміз. Әрі ол ауылдағы әкімдердің жұмыс­тарының жан­дануына әкеліп отыр. Ауылдағы әкімдер бұрынғыдай емес, кәсіп­керлердің бетіне тура қарай алатындай жағдайға жетті. Өйткені олар кәсіп­орындарға, кәсіпкерлерге жағдай жасай отырып, өзінің бюджетін қа­лып­тастыра алады. Сосын қандай да бір әлеуметтік сұрақтар туындап, оны жедел шешу керек болатын болса, әкім бұрынғыдай ауданға, облысқа өтінім беріп, одан «ақша болса болды, болмаса ол да жоқ» деп қол қусырып отырмай, әлеуметтік сұрақтарды тіке­лей шешу­ге мүмкіндік алып отыр. Сондықтан да бұл өте тиімді фис­калдық саясат деп айтуға болады. Бұл әлемнің көптеген мемлекетінде өзінің жемісін беруде.

Бұл жағдайға қатысты Прези­денттің өзі де Жолдауында жан-жақты бағасын беріп кетті. Кор­по­ративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кі­рістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті.

«Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы нор­маны өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қо­сым­ша қаражат беру. Кезең-ке­зеңімен жүргізілген фискалды ор­талық­сыздандыру жұмысының нә­­ти­жесінде жергілікті бюджет кі­рісінің құры­лымындағы респуб­ликалық бюд­жеттен бөлінетін тран­сферттің үлесі орта есептен 25 пайыз­­ға дейін тө­мендеуге тиіс (қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жуық)», – деді ол.

– «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақ­сатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет». Жолдауда айтыл­ғандай, ауыл шаруашылығын экономи­каның негізгі тамырының біріне ай­налдыра аламыз ба?

– Жалпы, әр мемлекеттің өзінің қалыптасу, даму жағдайы болады. Мәселен, егер Қырғыз Республикасы сияқты, Орталық Азияның кейбір мемлекеттері сияқты біздің де қазба байлықтарымыз болмағанда, онда ауыл шаруашылығы біздің экономи­камыздың драйвері болар еді. Бірақ, өкініштісі біз 200 миллион халықты асырай алатын әлеуетке ие агро­өндірістік кешеніміз бар бола тұра оны 20 миллион халықты асырау үшін тиімді пайдалана алмай отырмыз. Оны мойындауымыз керек. Бізді енжарлыққа алып келген, бізге алға жылжуға кедергі болған мұнай-газ секторы. Мұны мен жаман деп отыр­ған жоқпын. Соның арқасында біз тұтынушылық сұранысымызды жауып, қажетті даму қарқынын ұстана алып отырмыз. Бірақ осы дайын ақшаларды уақытша міндеттер мен мақсаттарды шешуде пайдалан­ғаны­мен, ұзақ стратегиялық басымдық­тарды шешуде пайдалана алмадық. Былайша айтқанда, «жайлылық аймағынан» шыға алмай қалдық. Тағы да айтамын, ол жаман емес. Алайда біз осы бір жақсы мүмкіндікті ауыл шаруашылығын дамыту жолы ретінде қарастыра алмадық. Ұлттық қор ашылған жылдарда табыс өте көп болған кезде де мән бермедік.  Жалпы, қаншама Үкімет ауысса да, барлығы да өзінің бюджеттік шығындарын мұнайдан түсетін табыстармен ғана жаба отырып, көптеген дағдарыс пен қиыншылықтан соның арқасында шықты. Шындығын айту керек, біз ауыл шаруашылығы саласын тым ұзақ уақыт назардан тыс қалдырып отыр­дық. Бүгінде ол кенжелеп қалды. Оны экономиканың бір драйвері деп қарастырмадық. Енді, міне енді мұнай мен газдың бағасы біресе көтеріліп, біресе түсіп, ойнамалы болып кеткен шақта, ауыл шаруашылығының өзін-өзі жоғалтпайтын, таусылмайтын ең басты қор екенін түсініп отырмыз.

Сол үшін де бізге үлкен реформа керек. Оны білетін мықты ма­ман­дарды тартуымыз керек. Біздің үлкен мүм­кін­дігіміз бар. Оңтүстігімізде даң­ғыл жол салып, шығыс пен ба­тысты жал­ғастырып отырған транзит мемлекет екеніміздің өзі азық-тү­­лікке мұқтаж мемлекеттердің біздің маңайы­мызда орналасқанының өзі бізге беріліп отырған үлкен мүм­кін­дік. Сол үшін де біз Пре­зидентіміз айтқандай, Еу­разия аумағындағы ауыл шаруа­шы­лығын өндіретін өңірге айна­луымыз керек. Де­генмен дәл қазіргі жағдайда, өкі­нішке қарай, біз ЕАЭО елдерінің, со­ның ішінде ең бір тиімді жағдайда отырған Ресей мен Беларусь мемле­кеттерінің на­рығына айналып отыр­мыз.

– Сөз соңын Жолдаудың кө­кейіңіз­де қалған тұсымен қорытын­дылай кетсеңіз...

– Қорытындылай кететін болсам, Жолдаудың қай бөлігі де алып-қосары жоқ маңызды міндеттерге арналды. Оның әрбір әрпін қос қолдап тұрып қолдаймын. Ендігі мәселе оның уақы­тылы жүзеге асқанында. Байқасаңыз, осы жолы Президент Үкіметтің алды­на нақты мерзім қойды. «Жаңа эконо­микалық саясатта жүзеге асуы екі­талай, ұзақмерзімді мақсат қоюға бол­майды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі мін­деттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі» деді ол. Ендеше бұл өте көңілге қонымды мерзім. Орын­дауға да мүмкіндік бар және сол орын­далған іске жауапкершілікті мойынға алып тұрып есеп беруге де жағдай бар. Бұл мерзімде бүгінгі Президент те, Парламент те өз өкілет­тіктерін ат­қарып жатады. Ал Үкімет үшін тек  бел шеше жұмыс істеу қалып тұр.

Осы ретте тағы да айтарым, Жол­дау бірінші кезекте экономикалық бағытта болғандықтан, біз эконо­ми­ка­­­­ға аса назар аударуымыз керек. Жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, кемшін тұстардың алдын алуымыз ке­­рек. Экономиканы дамытудағы өнді­­­рістік-протекционистік саясатқа көшу мәселесі өте орынды. Өйткені бү­­­­­­­­­­­кіл әлем қазір бірінші кезекте қауым­­­­­­­­­­­дасып, бірлесе жұмыс істе­ген­нен гөрі өзінің ұлттық тауар өн­діру­ші­лерін дамыту, ұлттық эко­но­ми­калық моделін қалыптастыруға көшіп отыр. Тіпті, мынау дамып кеткен Америка Құрама Штаттары­ның өзі каран­тин­нің уақытында отан­дық тауар өндіру­шілерін қолдауға қаржы бөлді. Біз де сол межеге же­туіміз ке­рек. Оның нә­тижесі болу үшін бізде бі­рінші ке­зек­те ұлттық мүддені ой­лайтын басшылар болуы керек. Сон­дай-ақ әлеуметтік-кәсіп­керлік жауап­кершілікті жоғары ұс­тайтын бизнестік ортаны қалыптас­тыруымыз керек. Яғни, әрбір кәсіпкер тек  пайда көзін ойламай, кәсіп аша отырып қоғамға, экономикаға, әлеу­метке кө­мегімді тигіземін дейтін бол­са, онда, әрине біздің елдің бола­ша­ғы­нан үміт күтуге болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ