Жыл сайын елімізде онкологиялық аурулардың 37 мыңнан аса жаңа жағдайы тіркелсе, оның ішінде 13 мыңнан астам науқас қатерлі дерттен көз жұмады.
Онкологияны емдеудегі озық тәжірибе
793
оқылды

Ал қазір онкопатологиясы бар 205 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр. Жүрек ауыртар статистикалық көрсеткіштің артуына себеп көп. Бұл туралы Астанада өткен «Орталық Азия онкологиялық апталығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында егжей-тегжейлі айтылды.

Еліміз онкологиядан болатын өлім көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Онкологиялық көмектің қол­жетімділігі мен сапасын жақсарту үшін түбегейлі шараларды талап ететін бірқатар проблемалық мәселені уақыт өткізбей шешу қажет. Сондықтан халыққа онколо­­гиялық көмекті жаңғырту мақсатында ал­дыңғы қатарлы халықаралық практи­ка­ларға сәйкес Денсаулық сақтау министр­лігі онкологиялық аурулармен күрес жө­ніндегі 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жос­­пардың жобасын әзірлеген. Бұл жоспар қатерлі ісіктердің ауыртпа­­лығын азайтуға бағытталып отыр. Яғни алдыңғы кезекте онкопатологияны ерте анықтау уақыт күттірмеуді қажет етеді. Ай­талық, кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру кезін­де қатерлі ісіктерден болатын өлім 15%-ға төмендеген. 

Сондай-ақ жиынға келгендер онко­логиялық аурулардың ішінде өлім-жітім өкпе обырында жиі кездесетінін алға тарт­ты. Екінші – асқазан обыры, үшінші орында колоректальды және сүт безі обыры жиі кездеседі. Ал науқастардың 55,8%-ы – еңбекке қабілетті 18-64 жастағы адамдар.

ҰҒОО Басқарма төрағасының клини­калық қызмет жөніндегі орынбасары Әділ­бек Мұқажановтың сөзінше, Қазақ­стандағы онкологиялық қызметтің құры­­лымы дамуды және жетілдіру жұмыстарын бастан өткізіп келеді. Бұл елдегі онколо­гиялық аурулармен күресте шешуші рөл атқарады. Былтыр онкологиялық көмектің барлық үш деңгейінде айтарлықтай өз­герістер тіркелді. Мысалы, бірінші дең­гейде онкологиялық көмекті МСАК көрсетеді. Онда қазір 2168 қарау кабинеті бар. Сондай-ақ 499 онкологиялық кабинет жұмыс істейді. Одан бөлек, ІІ деңгейде облыстық көпбейінді ауруханалардың 15 онко­логиялық диспансері және 5 онко­логиялық бөлімшесі бар. Онкологиялық көмектің III деңгейі былтыр Алматы, Астана, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Ақтау, Өскемен, Шымкент қалаларында және ҚазОРҒЗИ жоғары технологиялық ра­диациялық онкология орталықтарымен ұсынылыпты. 

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес Астанада Ұлттық ғылыми он­ко­логия орталығының жаңа корпу­сының құрылысы жүзеге асырылуда. Құрылыстың бірінші кезеңі осы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтіліп отыр. Орта­лықтың маңыздылығы – қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудің бірегей әлемдік технологиялары шоғыр­ланды­рылмақ. Бұдан басқа, ғылыми зерттеулер, ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру осы орталықта жүзеге асы­рылатын болады. Бұл өз кезегінде елдегі онкология ауруларын ерте анықтап, нау­қастың өмірін сақтап қалу үшін қажет. Айта кету керек, конференция аясында 2 шеберлік класы жоспарланған. «Neobladder қалыптасуымен кеңейтілген лим­фо­дис­­­секциясы бар лапароскопиялық цистпростатэктомия» онкоурологиясы және  пациенттерді көпсалалы НМРЛ 1-сатысында – операция немесе стерео­тактикалық СТ емдеу бойынша шеберлік класы ұйымдастырылды. Мұнда отандық онкологтар әлем елдерінен жиналған әріптестерімен тәжірибе алмаса алады. 

Ұлттық ғылыми онкология орталы­ғының бас онкохирургия кеңесшісі Тас­болат Әділханов бүгінде отандық меди­цинадағы білікті онколог маман­дардың ғылымға енгізіп жатқан жаңалығы же­терлік екенін айтты. Мәселен, конферен­ция аясында осындай бірнеше дәрігер марапатқа ие болды. Оның бірі – орта­лықтың реконструктивті пластикалық хи­рургия секторының аға резиденті Бауыр­жан Әнәпия. Оның ерекше таңғышы талайларды таңдандырып отыр. Тіпті ғы­лымға әкелген бұл еңбегі тіркеуден өтіп жатыр. Ол ірі қара малдың ішпердесін реконструктивті хирургия кезінде қолдану әдісін ұсынды. Жас ғалымның айтуынша, идеяның авторы – ұстазы, марқұм дәрігер-комбустиолог Қабылбек Әбуғалиев екен. 

«Бұл зерттеу жұмысы 2011 жылдары басталған. Ірі қара малдың ішпердесінен тиімді таңғыш жасадық. Осылайша жануардың жасушасын алудың оңтайлы технологиясын таптық. Сиырдың парие­талды қабырға көкетінің шандырынан жа­салған таңғыш материал әсіресе онко­логиялық ісік, күйік шалған, қант диа­бе­тімен ауыратын науқастарға қажетті дүние. Қатерлі ісікті алғаннан кейін қалған үлкен дефектілерді емдеуге таптырмас дүние. Өйткені, коллаген мен эластиннің табиғи талшықтары адам терісіне ұқсас биомеха­никалық қасиетке ие», – дейді Бауыржан Әнапия. 

Ғалымның бұл еңбегі медициналық құрал ретінде сынақтан сәтті өткен. Қазір Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде мемле­кеттік тіркеуден өтіп, клиникалық тәжіри­беге енгізілген соң кең қолданысқа шығуы әбден мүмкін. 

Жадыра МҮСІЛІМ