Қостанай облысы командасы – жеңімпаз.
«Ұлы дала жорығы»: арулар 500 шақырымнан соң үйіне қайтты
789
оқылды

11 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің алтыншы кезеңі аяқталды. 12 команда қалды. Таңғы сағат 7.00-де 14 команда Алаша хан кесенесінен Жезқазған маңындағы Талап ауылына жолға шықты.

Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің тағы 100 шақырымын бағындырып, алтыншы кезең мәресі Талап ауылында қорытындыланды. Осылайша, шабандоздар 6 күн ішінде жалпы 550 шақырым жолды жүріп өтті.

Алтыншы кезең қорытындысы бойынша, Қостанай облысының командасы жеңімпаз атанды. Бұл жолы ақтөбелік шабандоздар мәре сызығына екінші болып келсе, Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы үшінші болып жетті. Өкінішке қарай, аталмыш кезеңде аттарының жарақат алуына байланысты Қызылорда, Ақмола командалары жарысты тоқтатты. 

Алты күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:

1-орын – Маңғыстау облысы, 35 сағат 49 минут 16 секунд

2-орын – Ақтөбе облысы,  37 сағат 26 минут 40 секунд

3-орын – Қостанай облысы, 38 сағат 20 минут 20 секунд

4-орын – Жетісу облысы, 38 сағат 45 минут 25 секунд

5-орын – Жамбыл облысы, 39 сағат 10 минут 08 секунд

6-орын – Астана қаласы, 40 сағат 03 минут 58 секунд

7-орын – Абай облысы, 40 сағат 56 минут 03 секунд

8-орын – Алматы қаласы, 41 сағат 41 минут 03 секунд

9-орын – Түркістан облысы, 44 сағат 44 минут 25 секунд

10-орын – Алматы облысы, 47 сағат 14 минут 18 секунд

11-орын – Қарағанды облысы, 48 сағат 19 минут 00 секунд

12-орын – Ұлытау облысы, 60 сағат 46 минут 36 секунд.

Талап ауылында түнеген 12 команда ертең, яғни 12 қыркүйекте таңғы сағат 7.00-ден бастап алғашқы 50 шақырымды еңсеру үшін Жезқазған-Қызылорда тасжолына бағыт алады. Түскі астан соң 7-кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындыруы тиіс. Сонымен, командалар алдында 650 шақырымды еңсеру міндеті тұр.

Өкінішке қарай, команда құрамында 4 қыз қалған Ақмола облысының «Иманжүсіп» командасы алғашқы 50 шақырымды өткеннен кейін екі атының жарақат алуына байланысты жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Дегенмен «шабандоз ару» атанған Ләззат Ахметова бұл жеңіліс емес, керісінше алғаш рет бұрымдылардың бөріктілермен бірге иық тіресе жорыққа қатысуы үлкен жеңіс екенін атап өтті.

«Жоба маған қатты ұнады. Біз үшін ең маңыздысы – аттардың амандығы. Сайыс болған соң жарақаттың болмауы мүмкін емес. Өкінішке қарай, жылқыларымыз аяқасты жарақат алды. Ең соңғы 50  шақырым біз үшін өте күрделі болса да, жол бойында тарихи, мәдени нысандарға куә болдық. Алаша хан, Жошы хан кесенелерін кездестірдік. Мен мұндай марафон-бәйгеге алғаш рет қатысып отырмын. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – деді Л.Ахметова.

Еске сала кетейік, бұған дейін БҚО, СҚО, ШҚО, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының командасы жарыстан шығып қалғанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі –  Sport Qory  туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.