Оқиға Алматы облысында болған.
«Арызды қайтарып алу үшін директор 200 мың теңге ұсынды» – оқушының анасы
2,272
оқылды

Алматы облысы прокуратурасы Бесағаш ауылының мектебінде оқушы сыныптастарынан зәбір көрген. Хат жазып қалдырып, бір уыс дәрі ішкен. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

10 жастағы бала тіпті хат жазып, онда өзіне күн көрсетпейтін ұлдардың есімін атапты. Бала бір өлімнен қалды. 

«Шашымды кесті. Қылқындырды. Дәретхана суына малынған кәмпитті жегізді». 

Дәрігерлер дер уақытында өмірі үшін арпалыспағанда, бұл басынан өткен сұмдықты баяндаған Саяттың соңғы хаты болар еді. Әсем Биғалиева шыбын жаны аман қалған баласын қазір қасынан шығармай, үйінде шыр айналып қорып жүр. 

«Киіміне дейін жыртқан. Бір сөзбен айтқанда, сыныптастары әбден мазақ қылған. Оның айтқанына ешкім сенбегендіктен, қысымға шыдамай дәрі ішкен. Жексенбі күні ауруханада болдық. Қазір балам шошып қалған. Ешкіммен сөйлеспейді. Тамақ ішпейді. «Анашым, ешқайда кетпе» деп жалынады. Прокуратура, полицияға жазған арызымды қайтарып алу үшін директор ақша ұсынды. «200 мың теңге беремін» деді. Бірақ мен бас тарттым», – деді баланың анасы Әсем Биғалиева. 

Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы №29 мектеп директоры Саят хатында сипаттағандай, зәбір көруі мүмкін емес деп отыр. 

«Бала атап отырған екі баладан да сұхбат алдық. Балалар ондай жағдай болған жоқ деп айтып отыр. Содан кейін мектеп бейнебақылау камераларын қарадық. Үшеуі бірге әжетханаға кірген емес. Камерада көрінер еді ғой, үшеуі бірге кіріп кетсе. Өзінің бірге оқитын төртінші сыныптың екі баласы деп атап тұр. Бірақ дәлел жоқ боп тұр», – дейді Бесағаш ауылы №29 мектептің директоры Назым Сәрсенбаева. 

Дәлелдің жоқтығын алға тартқан директордың арызды қайтарып алу үшін 200 мың теңге ұсынғанын мойындаған жоқ. Бұл жағдайды енді арнайы құрылған комиссия анықтайды. 

«Оқу-ағарту министрлігінің Алматы облысы Білім басқармасының өкілдері аталған мектепке жедел жетті. Қазір жағдайдың анық-қанығы анықталуда. Бұл оқиға ҚР Оқу-ағарту министрлігі Бала құқығын қорғау комитетінің тікелей бақылауында», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Бала құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Жібек Нұржан.  

Әсем Биғалиеваның жазған арызы аудандық полиция бөлімінде де тіркелген. Құзырлы орган істің ақ-қарасын ажыратады. 

Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдиннің айтуынша, тексеру барысында кәмелетке толмаған баланың үйінде 10 данаға жуық дәрі ішкені анықталды. Қазір істің мән-жайын толық және жан-жақты, объективті зерттеу үшін сараптамалық тексерулер тағайындау мен барлық қажет тергеу іс-шарасы жүргізілуде. Аталған жұмыс нәтижесі бойынша нақты шешім қабылданады. 

Бір жарым жыл бұрын жарынан айырылған Әсем Биғалиева жалдамалы үйде тұрады. Кенже қызы мүгедек. Жәбір көрген баласын өзге мектепке ауыстыруға бекініп отыр.