Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының атынан депутат Ерлан Саиров Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.
Саиров: «Күнделікпен» 4 миллион оқушының жеке мәліметін шетелге беріп жіберген
1,075
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты міндет» деп атап өтті.

Ескі Қазақстаннан бізге мұра болып қалған жастарды тәрбиелеудегі олқылық – Қазақстаның барлық мектебіне күштеп енгізілген «Күнделік» жүйесі.

Электронды қызмет  көрсете алатын бір емес, бірнеше отандық компанияның болуына қарамастан, сарапшылардың айтуынша, сол кездегі заманын қонышынан басқан топтардың қысымымен құзырлы орган  4 миллион қазақстандық оқушының жеке мәліметтерін жинау, сақтау және өңдеу қызметін ешқандай іріктеу мен байқаусыз, шетелдік компанияға 12 жылға беріп жіберген. 

Нәтижесінде, бұл салада шет елден басқарылатын қолдан жасалған монополия пайда болды.  

Сыртқы монополияның күшімен Қазақстанның барлық балалары, мұғалімдері мен ата-аналары (жалпы саны 7 миллион адам) мемлекет пайдалануға міндеттеген «Күнделіктен» күнделікті жағымсыз жарнама көруге мәжбүр.

 Соның ішінде этика мен ұлттық дәстүрге жат, сананы улайтын, жалаңаштанған, нәпсі мен ойынның жарнамасы көп. Бұл жөнінде ақпарат құралдары үнемі дабыл қағуда! 

Мектеп оқушыларын жағымсыз жарнама қарауға міндеттеп,  сол арқылы шетелдік монополияны байытуға  жол берген заң немесе ГЧП шарт әлемнің дамыған бірде бір елінде жоқ. 

Бұл аз болғандай, «Күнделік» жүйесі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» атты мемлекеттік мекеменің серверлерін пайдаланады және ол үшін оқу-ағарту министрлігі жыл сайын 800 млн теңге қаржы төлейді деген ақпаратты Бас прокуратура   тексеруі қажет.

«Күнделік» – барлық мектепте 2030 жылға дейін қолдануға міндетті жалғыз электронды жүйе. 

Ертең ол мәліметтер жоғалса, жарнама берушілерге сатылса немесе астыртын зиянды жолмен қолданылса, кім жауап береді?               

Бұл сала монополиялық реттеуге мүлде жатпайды, сондықтан бәсекелістік болуы шарт.

Ал «Күнделік» - бүгінде жасанды монополия!          

Жақында тура осындай шетелдік қызмет болып табылатын Яндекс Таксидегі ересектердің жеке мәліметтері мәселесі қоғамда қызу талқыланды. 

Ал «Күнделік» біздің балаларымыздың  жеке мәліметтеріне қол сұғып, рухани келбетіне кері әсер ететін,  ұлттық қауіпсіздіктің тамырына балта шабуға қабілетті терең проблема!             

Балалардың санасы мен ұлттың ертеңіне төнген қауіпті ескеріп, Үкімет шұғыл әрекет етуі қажет. 

Жол берілген қателікті жөндеп, балалардың жеке мәліметтерін мемлекетке қайтарып, салада қалыптасқан шетелдік жасанды монополияны бұзып, отандық компаниялар арасындағы еркін бәсекелестікке жол ашу заман талабы.