Полиция аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Қансыраған. Киімдерін жуып тастаған»: Алматыда балабақшадағы үш жасар қыз қорланды
1,794
оқылды

Алматы тұрғыны балабақшаға апарған үш жастағы қызының айуандыққа тап болғанын айтып, жаға ұстатар жайтты жайып салды, – деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 

Балабақша бастығының бассыздығына шағымданған жалғызбасты ананың сөзінше, тәрбиешілер  мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемесіне жүрген қызының жыныс мүшесінен қан кеткенін айтып, шақырған.  Бүлдіршін расымен де көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер баланы шұғыл ауруханаға алып кеткен.

«Мен сіздерден көмек сұраймын, басқа қайда шағымданарымды, қайда барарымды білмеймін.  Оқиға 2023 жылдың 3 маусымында болды. Мен 3 жасар қызымды Алматы қаласы, Мамыр 4, 207 үй, «Хэппи кидс» деп аталатын жекеменшік балабақшаға алып келдім. Таңғы 7:50 де әкеліп, тәрбиешіге тапсырып, жұмысыма кеттім. 9:30-да маған бала күтуші хабарласып, шошынған дауыспен «қызыңның етеккірі келіп жатыр деді. Олардың сөзінше менің 3 жасар қызымның етеккірі келген. Мен дереу жедел жәрдем шақыруын сұрадым да, жұмыстан жылдам шықтым. Мен жеткен кезде қызымды жедел жәрдем қызметкерлері қарап, №2 қалалық ауруханаға алып кетіп бара жатты. Не болды деп сұрап жаттым. Ешкім жауап бермеді. Не болғанын білмейді. Хирург қарап, қызымның жыныс мүшесінің (рассечение малых половых губ) 3, 4 сантиметрге кесілгенін айтты», – деді Айсұлу есімді тұрғын.

Оқиғадан соң сот-медициналық экспертиза жасалған. Ал балабақша басшысы бейнебақылау камерасындағы жазбаны ауыстырып тастаған, көрсетпеген. Тіптен бүлдіршіннің ішкиімін де жуып, із қалдырмауға тырысқан көрінеді.

«Қызым екі күн кіші дәретке шыға алмай қалды. Апта бойы жылады, дәретке отырған сайын ауырды деп қатты жылайтын. Қазір балабақшаның директоры да, басқасы да кешірім сұраған жоқ. Керісінше мені кінәлап отыр. Менің жалғызбасты ана екенімді біледі. Ешкімнен көмек сұрамайтынымды, маған ешкімнің ара түспейтінін біледі. Директор «өзің қызыңды жаралап алып келгенсің деп отыр. Оның сөзінше, баламды балабақшаға тастап, жұмысқа кетіппін. Маған хабарласқан кезде, «балам сіздерде кешке дейін жүре тұрсын, мен  жұмысымды бітіріп, келіп алып кетемін» деппін. Мен оқиға болған жерден видеобақылауды көрсетуді сұрадым. Бірақ олар жоқ деп отыр. Сол күні олар камераларды ауыстырып тастаған. Маған түрлі жала жауып, «қызыңның гигиенасына дұрыс қарамағансың» деп жатыр. Қызымның ішкиімін жумай беріңдер дедім, бірақ олар жуып тастаған. Бірақ сонда да қанның ізі тұрды. Балам көп қан жоғалтқан. Осы күнге дейін балама не болғанын білмеймін. Қызым қазірдің өзінде дұрыстап қаратпайды. Әлі күнге дейін жараның ізі білінеді», – деді көмек сұраған жалғызбасты ана.

Ал Алматы қалалық Білім басқармасы жекеменшік балабақшаны тексере алмайтындарын айтып отыр. Жекеменшік әріптестік негізде ай сайын мемлекеттен қыруар қаржы алатын балабақшаны тексеруге басқарма қауқарсыз.

«Өкінішке орай тексере алмаймыз. Біз өз тарапымыздан Білім сапасын қамтамасыз ету департаментіне хат жолдадық, тексеріс ұйымдастырса, маман бөлуге дайынбыз», – деді басқарма басшысы.

Полиция аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Аталған дерек Әуезов  аудандық Полиция басқармасында ҚР ҚК 140-бабы бойынша тергеліп жатыр. Тиісті сараптама тағайындалды», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.