Машина жасау – еліміздің өңдеу өнеркәсібінде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі.
Отандық машина жасау саласы тың серпінмен дамиды
5,281
оқылды

Соңғы бес жылда отандық өңдеу өнеркәсібінің өсімі 4,5% болса, машина жасау саласы бойынша бұл көрсеткіш 17,6%-ды құрап отыр. Аталмыш саланы одан әрі өркендету үшін бүгінде Машина жасауды дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленуде. Бизнестің, атап айтқанда, Қазақстан машина жасаушылар одағының ұсыныстарын ескере отырып дайындалған бұл маңызды құжаттың мақсаты – саладағы өндіріс көлемін – 2,2 есе, экспортты – 2,9 есе, еңбек өнімділігін 1,9 есе ұлғайту.

 

Автомобиль өндірісі алға жылжуда

Машина жасау өнеркәсібіндегі көшбасшы салалардың бірі автомобиль жасау екені белгілі. Бір жағынан, отандық автоөнеркәсіптің болашағына сеніп, қыруар қаржы салуға тәуекел еткен ірі қазақстандық кәсіпкерлердің, екінші жағынан, осынау күрделі әрі технологиялық бизнеске қолайлы жағдай жасап, қолдау білдірген мемлекеттің арқасында бұл сала бүгінде жетекші рөлге ие болып отыр. Осыдан шамамен 20 жылдай уақыт бұрын еліміздегі автомобиль өндірісінің көлемі жылына 3 мың көлікке жетпейтін. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 113 мыңнан асқан. Яғни 20 жылдың ішінде өндіріс 37 есе өскен.

Мұншама уақытта автомобиль шығару әдістері де айтарлықтай өзгерді. Бастапқыда отандық өндіріс ірі түйіндік құрастыру (Semi Knock Down) әдісі арқылы жүзеге асырылатын, яғни біздің зауыттар құрастыруға толықтай дайын құрамдас бөліктерді әкелетін. Ал қазіргі таңда ірі автомобиль өндірушілер шағын түйіндік құрастыру (Сomplete Knock Down) әдісін белсенді түрде меңгеруде. Бұл – біріншіге қарағанда әлдеқайда күрделірек процесс, оның барысында зауыттарда дәнекерлеу, бояу сияқты жұмыстар іске асырылады, ал құрастырылымның өзі жүздеген детальдан тұрады. Бүгінде елімізде сатылатын автомобильдердің 60%-ы отандық өндірістікі. 2022 жылы автомобиль нарығы соңғы 7 жылдағы ең жоғары нәтижені көрсетті: 123 778 жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатылған, бұл 2021 жылға қарағанда 5,3%-ға көп. Жеңіл автокөлік өндірісі болса 28,1%-ға артып, көлемі 103 345 көлікке жетті. Бұл – ел тарихындағы рекорд.

Ал биылғы бірінші жартыжылдықта автомобиль мен автобус өндірісі өткен жылға қарағанда 40%-ға ұлғайды. Жыл басынан бері жалпы сомасы 847 млрд теңгеге 73 мың техника шығарылды. Жарты жылдың ішінде елімізде 66,5 мың жеңіл автокөлік, 4,7 мың жүк көлігі және 1,1 мың автобус, сондай-ақ 499 тіркеме мен жартылай тіркеме және 188 басқа да арнайы техника өндірілген.

Отандық машина жасау – бұл автомобиль өндірісі ғана емес, ол электр және теміржол жабдықтарын, тау-кен, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы машиналары сияқты бас-аяғы 37 саланы қамтитын күрделі сектор.

Қандай факторлар қарқынды тежеп тұр?

Өзге салалар секілді, машина жасау саласында да дамуды тежеп тұрған бірқатар кедергі бар. Олардың ішіндегі ең өткір мәселелердің бірі қолжетімді қаржыландырумен байланысты. Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, бүгінде екінші деңгейлі банктерден несие алу мүмкін болмай тұр. Несиенің жоғары мөлшерлемесі, кепілдік базасына талаптардың жоғары болуы өндірісті толыққанды дамытуға мүмкіндік бермейді.

Импортқа тәуелділік мәселесі де – түйіні тарқатылмай тұрған өзекті проблемалардың бірі. Еліміздегі өңделген тауарлар импортының жалпы көлемі 2022 жылы 50 млрд долларды құраса, оның 20 млрд доллары немесе 40%-ы – машина жасау саласының өнімдері. Саладағы ішкі нарықтың  70%-дан астамы импорт өнімдеріне тәуелді. Бұл құбылыс әсіресе электр техникалық машина жасау саласында қаттырақ байқалады.

– Мұнай-газ машина жасау саласы құрылғыларының импорты шамамен 2 млрд долларды құраса, ауыл шаруашылығынікі – 1 млрд доллар төңірегінде. Ал ең ірі тұтынушы болып саналатын электр техникалық машина жасау саласындағы құрал-жабдықтар импорты 4 млрд доллардай. Бұған автоматтар, трансформаторлар, кабельдік өнімдер кіреді, – дейді Мейрам Пішембаев.

Саладағы негізгі өндіріс қорлары да жаңартуға зәру. Қазіргі таңда құрылғылардың ескіру деңгейі орташа есеппен 60-70% болып отыр. Машиналар мен технологиялық құралдардың тозуы техникалық әлеуетті төмендететіні белгілі. Бұл сондай-ақ ескі әрі тозған техниканы қолданыста ұстап тұру үшін жұмсалатын шығынды көбейтеді, өндірістің тиімділігін азайтады, дайын өнімнің өзіндік құнын жоғарылатады және сәйкесінше отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін бәсеңдетеді.

Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының сөзінше, салық жүйесі де жетілдіруді талап етеді.

– Еуропалық одақта салалық салықтар секторға, технологияға, ҒЗТКЖ-ға қарай дифференциалданған. Егер онда жалпы мөлшерлеме 20-25% болса, машина жасау саласы үшін 8%-дық мөлшерлеме қолданылады. Қытайда экспортқа 0%-дан 16%-ға дейін сараланған ҚҚС мөлшерлемесі бар. Ол экспортқа шығарылатын өнімді өңдеу дәрежесіне байланысты. Ал бізде өңделген тауар өндірушілер шикізат өндірушілермен бірдей ҚҚС төлейді. Салық дифференциациясын енгізетін болсақ, бұл жоғары технологиялық салаларға тың серпін береді. Олар капиталды көп қажет етеді, технология жағынан күрделі және нәтижесінде көбірек салық әкеледі, – деп түсіндірді мұны одақ басшысы.

 

Кешенді жоспардың нәтижесі не болмақ?

Отандық машина жасау саласының жоғарыда аталған және басқа да мәселелерін шешу, сондай-ақ саланы ары қарай өркендету үшін бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен бесжылдық кешенді жоспар әзірленуде. Онда мұнай-газ, тау-кен, ауыл шаруашылық, электр техникалық, теміржол, автомобиль, қорғаныс және авиациялық өнеркәсіп секілді саланы дамытудың басты бағыттары анықталған.

Кешенді жоспарға енгізілген шаралар импортқа тәуелділікті азайтуға, инвестициялар тартуға, өндірістік және экспорттық мүмкіндіктерді дамытуға, отандық өнімді өткізу нарықтарын кеңейтуге, ішкі нарықты қорғауға және білікті кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталмақ.

Машина жасауды дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын табысты іске асыру ұзақмерзімді перспективада бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы машина жасау саласының ғана емес, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге көмектеседі және сол арқылы әртараптандырылған және технологиялық дамыған өнеркәсіп пен экономиканы қалыптастыруға ықпал етеді.

Бағдарламаны іске асырудың негізгі сапалық нәтижелері – қолданыстағы өндіріс орындарын технологиялық жаңарту және жаңғырту, отандық тауар өндірушілердің ішкі нарықтағы позициясын нығайту және олардың сыртқы нарықтарға шығуы үшін бәсекелестік басымдықтарын арттыру болмақ.

Кешенді жоспарды жүзеге асырудың тиімділігін Премьер-Министр Әлихан Смайылов та бірнеше мәрте көтерген болатын. Оның сөзінше, бұл аталмыш саладағы өндіріс көлемін 2 есе, экспорт көлемін 3 есе, негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемін 1,5 есе, сондай-ақ еңбек өнімділігін 2 есе арттырмақ.

– Қазақстанда отандық машина жасауды дамытуға барлық алғышарттар бар. Бұған, ең алдымен, энергетикалық-шикізаттық база мен өндірістік және адами потенциалды жатқызамыз, – деп баса айтты Мейрам Пішембаев.

Бүгінде Үкімет алдында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін ұлғайту, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша нақты міндеттер тұр. Ал машина жасаушылар өз кезегінде қатаң бәсеке жағдайында еңбек етіп, отандық экономиканың дамуына өз үлестерін қосуға дайын. Үкімет пен бизнестің бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана Қазақстанның машина жасау әлеуетін жедел дамыту бойынша алға қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізуге болады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

фото: www.gov.kz