Соңғы кезде «домбыра шерту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы – харам» деген пікір әлеуметтік желіде кең таралып кетті.
«Домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу» – Аманжол Әлтай
2,163
оқылды

Тіпті, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына осы туралы сауалдар көп түсіпті. Өз кезегінде мүфтият бұл ақпаратты теріске шығарып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға шақырды. Ұлттық құндылығымыз саналатын «домбыраны-харам» деп отыр­ғандар кімдер? Олар заң алдында жауап беруі керек пе? Біз Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдан сұрап көрдік.

– Негізсіз пікірдің таралуына не себеп болды деп ойлайсыз? 

– Қоғамдағы діни жат ағым­дарға нә­тижелі тыйым салын­бағаны негізсіз пі­кірдің таралуына себеп болды. Салафизм сияқты теріс ағымдарға тыйым салмасақ салт-дәстүрімізге, төлтума мә­де­ниетімізге ақпараттық кеңістік ар­қылы шабуыл жа­сауын күшейте береді. Заң тұрғысынан да, идеология­лық тұрғыдан да жат ағым­дарға шара қолдануымыз керек. Өйт­кені сан ғасырлар бойы қалыптасқан, ұлттық ерек­ше­лігі­мізді айқындайтын, қасиетті құн­ды­лығымыздың бірі – домбыра. Домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу, салт-­дәстүрімізге көлеңке тү­сіру, өткен тари­хымыз бен бү­гіні­мізге көлеңке түсіру деп қа­был­даймыз. Сондықтан біз қоғам болып, ел болып, осы мәселемен айналысатын құзырлы органдар белсенді жұмыс жүргізуі керек. Қазір күреспесек, теріс ағымның жолын кеспесек ертең зардабы ауыр болады. Әлеуметтік желіде «домбыра-харам» деп тараған пікір – ақпараттық шабуылдың бір түрі. Қоғамның барлық мүшесі бірдей емес, бұл ақпаратты әр адам әртүрлі қабылдайды. Әсі­ре­се, өсіп келе жатқан ұрпақ, талдау, таңдау, таразылау болмысы қа­лып­тас­паған балалар үшін мұндай ақпарат қауіпті. Олар осындай теріс пікірлердің жетегінде кетіп қалуы мүмкін. Сондық­тан қоғам­да ақпараттық сүзгі болуы керек. Жат ағымдар тарататын, шетелден келіп жатқан теріс ақпараттар қоғамның санасын улай береді. Әрқайсысымыз тәрбиелеп отыр­ған балаларымызды лас ақпарат­тың тұтқынына ай­налдыр­мауы­мыз керек. Ақпараттық кеңістік­тегі әр пікір сүзгіден өтіп, таразы­ланып отыруы қажет. Мемлекет­тігі­мізге, ұлттық ерек­­­шеліктері­мізге, рухани келбетімізге кө­лең­­кесін түсірмейтін ақпараттарды ғана қоғамға жеткізуіміз керек. 

– Домбыраға тиісіп – ұлты­мыз­ға тіл тигізгендер мен төл­тума мәдение­тімізді қор­лағандар заң алдында жауап беруі ке­рек пе? 

– Иә, заң алдында жауап беруі керек деп ойлаймын. Өйткені Конституциямыздың 14-бабында нақты көрсетілгендей, қазақ халқының  ұлт­тық құндылығы мен ерекшелігіне тіл тигізуге ешкімнің де құқы жоқ. Домбыра – қазақтың кеудедегі жаны мен ақ дидарындағы ары, намысы мен мін­е­зі, ата-бабаларымыздың ама­наты мен бүгінгі һәм келешек ұр­пақ­тың айнымас серті. Сон­дық­­тан ұлттық құн­дылығымызға тіл тигізгендер заң алдында жауап беруі керек. Бірауыз сөз­бен «ке­ші­рім» сұрап, құтылып кететін болса, мұндай ақпараттық ша­буыл­дарды біз тізгіндей алмай­мыз. Қате ақпарат таратушылар заң алдында жасқанып, тізгінін тартуы қажет. Мемлекетімізде заңнан үлкен ештеңе жоқ. Әрбір Қазақстанның азаматы заңға ба­ғын­ғаны жөн. Сондықтан біз елді рухани аздыратын теріс әре­кет­тер­ге заңмен тыйым салуымыз керек. 

– Мемлекет басшысының: «Мек­тепте домбыра үйрету сабақ­тарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама» – деген сөзін Оқу-ағарту ми­нистрлігі неге ескерусіз қал­дырды

– Осы мәселеге Мемлекет бас­шы­сының өзі тайға таңба бас­қандай айқын ойы мен ұсынысын айтты. Оқу­-ағар­ту министрлігі мектепке домбыра пәнін енгізуге дәрменсіздік танытып, кең бай­лау­ға салып нәтиже көрсетпей отырғандығы бәрімізді қайран қалдырады. Президент өз сөзінде: «Мектептерде оқушыларға дом­быра үйретуді қолға алу керек» деп нақты айтты. Мен депутаттық сауалымда білім беретін орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілу керек екенін жеткіздім. Бұл ұсынысы­мның екін­ші жа­ғы, қоғамда ескерусіз қалып жүрген мәдениет саласының, әсіресе дәстүрлі өнер­дің өкілдері де жұмыспен қам­тылар еді. Мектептерде дом­быра сабағы оқу бағдарламасына кіргізілсе, домбыраны өмірлік серігі еткен қаншама маманның мектепте сабақ беріп, әлеуметтік жағдайын көтеруіне мүмкіндік туар еді. Өйткені қазір педагог­тер­дің жа­лақысы жоғары. Ал филар­монияда, мәдениет саласында жұмыс істейтін добырашылар 100 мың теңгеге жетер жетпес жалақы алады. Сондықтан білікті, кон­сер­ватория бітірген, қолында дип­ломы бар қыз-жігіттерге мек­тепте сабақ беруге мүмкіндік беруіміз керек. Бұл қай жағы­нан алып қарасақ та игі бастама. Дом­быра үйренген баланың жүре­гіндегі елге деген сүйіспеншілігі, ата-анасына деген сезімі арта түседі. Домбыра үйренуді оқу бағ­дарламасына енгізудің кешенді түрде пайдасы үлкен. Мен депу­тат­тық сауалмен шектеліп қал­май, алдағы уақытта ұсынысымды Оқу-ағарту министріне де айта­тын боламын. 

– Жалпы, Ұлттық домбыра күнінің мерекелер тізіміне қосыл­ғанына биыл бес жыл болды. Алай­да домбыра күнін той­лау науқан­шылдыққа айналып кеткен жоқ па? Ұлттық аспабымызды қо­ғам­­да насихаттау үшін тағы не істеу ке­рек? 

– Иә, бізді құртатын – науқан­шыл­дық. Кез келген мере­ке мен ме­рей­тойды біз науқаншы­лдыққа айнал­дыр­мауымыз керек. Дом­быра күнін  бір күн ғана тойлап қой­май, домбыра үйренуді дағды­ға айналдыруымыз қажет. Отан отбасынан басталады де­мекші, әр­бір отбасындағы тәрбие де ұлт­тық құндылықтарымыздан бастау алуы тиіс. Әрбір ата-ана өз бала­сын дәстүрлі өнердің уызына қан­дырып өсірсе, бұл проблема­лар да шешімін табар еді. Ұлттық домбыра күнінде тек концерт бе­ру­мен, алаңдарда флешмоб өт­кізумен шектелмеуіміз керек. Дом­быра күнін тойлау отбасылық мерекеге айналуы керек. 

Сондай-ақ домбыраны наси­хат­тай­тын, ән-жырдың контент­терін әлеуметтік желіде көбей­туі­міз қажет. Бұл үрдіс қазақ тілінде ғана емес, бірнеше тілде жүзеге асуы керек. Ақпарат құралдары, әсіресе радио мен телеарналар дәстүрлі өнерге басымдық беруі тиіс. Жеңіл эстраданың жетегінде кетіп қалмай, домбыраның маңы­зын ашатын хабарлар көбейсе. Қазіргі жастардың қызығушылық танытатын бағдарламалары мен кешегі 90-жыл­­дардағы буынның қызығушы­лығын салыстырып қараңыз­шы. Алдыңғы буынның дәстүрлі өнерге деген қызы­ғушы­лығы жоғары болатын. Біз сол им­­мунитетті жылдан-жылға тө­мен­детіп барамыз. Оны қайта қал­пына келтіру үшін телеарналар дәстүрлі өнер туралы контенттерді көбейтуі керек. Сол кезде жастардың ұлттық өнерге деген қызы­­­ғушылығы да артады. Тik­tok, Instagram сияқты әлеуметтік желі­лерде отыратындардың ба­сым бөлігі жастар. Оларға ұлт­тық өнерімізді насихаттайтын мемле­кет тарапынан арнайы жобалар жасалса. Дәстүрлі өнер­ге баули­тын контент болмаған соң олар­­­дың да қызығушылығы артпайды. Біз «жастар жыр тыңдамайды» деп құр байбалам салғанмен мә­се­ле ше­шіл­мей­ді. Біз олардың дом­быра үйренуіне мүмкіндік жа­сауымыз қажет. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН