Жыл сайын елде онкологиялық дертке шалдыққан науқастар саны артып барады. Былтыр Алматы он­ко­логиялық орталығына 6 айда 9,5 мың науқас емделуге жүгінсе, биыл олардың саны бірінші жарты­жыл­дықтың өзінде 10,5 мыңға жет­кен.
Қатерлі ісіктің қарқыны жаман
855
оқылды

Елімізде жыл сайын 37 мыңнан астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Өкінішке қарай, дертке шалдыққан­дар­дың жартысына жуығы, дәлірек айтсақ, 14 мыңнан астамы жарық дүниемен қош айтысады. Елімізде соңғы 20 жылдың ішінде онкологиялық аурумен ауыратын­дар­дың саны 25 пайызға артқан. Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізмағамбетовтің сөзінше, биыл аталмыш мекемеде 1500-ден астам хирур­гиялық ота жасалған. Сонымен қатар ор­та­лықтың амбулаториялық химиотерапия кабинетінде 5 мыңға жуық онкологиялық науқас ем алған. Радио­логия бөлімінде 10 мыңнан астам сәу­лелік терапия сеансы жүргізілсе, 9000-ға жуық онкологиялық науқас химиотера­пиялық ем қабылдаған екен.

Онколог Рабиға Қадырбаеваның айтуынша, онкологиялық аурулардың ұлғаюына мынадай бірнеше фактор себеп. 

– Біріншіден, қаладағы экологиялық ахуалдың, ауа сапасының төмен деңгейі ықпал етеді. Нашар экология тыныс алу жолдары, ауыз қуысы қатерлі ісіктерінің көбеюіне алып келеді. Екіншіден, алко­голь, шылым шегу, қозғалыстың аздығы, тез дайындалатын тағамдарды көп тұты­ну секілді зиянды әдеттердің әсері үлкен. Қазір Алматыда аяғыңды аттап бассаңыз бургер, пицца секілді жылдам дайын бо­латын, канцерогендері көп тағам сататын ошақтарды кездестіресіз. Осының бар­лы­ғы онкологиялық аурулардың пайда бо­луы­на әкеледі. Үнемі дұрыс тамақтан­бау – асқазан қатерлі ісігінің дамуына соқ­­тырады, – дейді ол.

Елімізде онкологиялық аурулар бо­йын­ша жасалатын скринингтің дұрыс жолға қойылуы – ауруды ерте сатыда анықтауғамол мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта елімізде үш қатерлі ісікке скрин­инг жаса­лады: 40-70 жас аралығындағы әйел адамдар сүт безінің қатерлі ісігіне, 30-70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мой­нының қатерлі ісігіне, 50-70 жас ара­лығын­­дағы ер мен әйелдер тоқ ішектің қатерлі ісігіне скринингтен өтеді.

Онколог Рабиға Қадырбаеваның дерегінше, скринингтік бағдарламалар енгізілгелі жоғарыдағы ауруларды ерте сатыда анықтау әлдеқайда жақсарған. Бұл науқастардың өмір сүру көрсеткішін ұзартуға мүмкіндік береді. Назар ауда­ра­тын маңызды факт – қатерлі ісік диаг­нозы қойылған науқас саны артқанымен, өлім-жітім көрсеткіштері жоғарылаған жоқ. 

– Қатерлі ісік ерте сатыда әдетте симп­­томсыз жүреді. Адамды ештеңе ма­за­ламауы мүмкін. Оны арнайы тексеріс кезінде ғана анықтауға болады. Мәселен, жыл сайын қаншама әйелде скринингтің арқасында сүт безі мен жатыр мойнының қатерлі ісігі уақытылы анықталады. Сәй­ке­­сінше, ерте анықталған аурудың емі де оңай, нәтижесі де оң болады, – дейді онколог.

Өкінішке қарай, емделушілердің ара­сында ауруын асқындырып алған соң келіп қаралатындар бар. 

– Сол тегін скринингтің өзіне біздің адамдарды шақыру көп қиындық туғы­зады. Кейбір емханаларда медбике не­месе дәрігерлер азаматтардың үйіне барып, скринингке келуін сұрайды. «Неге уақы­тылы скрининг өтпедіңіз не­месе алғашқы симптомдар пайда болған­да бірден дәрі­гер­ге бармадыңыз» деген сұ­раққа көбіне «уақытым болмады, жұ­мыс­тан қолым тимеді, балаға қарайтын адам жоқ» деген сияқты жауаптарды естимін. Жылына немесе тіпті 5 жылда 1-2 сағат уақ­ытыңыз­ды бөліп, тексерістен өтіп тұрсаңыз, ауру­дың алғашқы бел­гілері басталысымен дәрігерге жүгірсеңіз – өз өміріңізді сақтап қаласыз. Екінші себебі – науқастың бо­йындағы қорқы­нышы. «Дәрігерге барсам міндетті түрде бір ақау шығады. Одан да тыныш жүре берейін» дейді. Тіптен көп адам онко­логия деген сөзді айтуға қор­қа­ды. «Аты жаман ауру» деп атайды. Үшінші себеп – халықтың дәрігерлерге, олардың кәсі­билігі мен біліміне сенбеуі. Бұл фак­тормен күресу үшін біз де өз тарапы­мыз­дан күнделікті білімімізді жетілдіріп оты­руы­­мыз тиіс, – дейді Рабиға Қадыр­баева.

Аурудың алдын алу үшін не істеу керек? Неден сақтанған жөн? Маманның кеңесінше, өкпе онкологиясымен ауыра­тын әрбір он адамның жетеуі – ұзақ уа­қыт шылым шегетіндер. Егер ел арасынан «менің атам 40 жыл шылымды бұрқы­ратып шегетін, сонда да өкпенің қатерлі ісігімен ауырмады» деген пікірді есті­сеңіз, ол өте сирек кездесетін, нонсенс жағдай екендігін есте сақтаңыз. Сонымен қатар, темекі шегу тек өкпенің қатерлі ісігін емес, ауыз қуысы, өңеш, асқазан қатерлі ісігіне де алып келуі мүмкін. 

«Тағы да ескеретін бір фактор – пас­сивті шылым шегу. Мәселен, әйел өмірінде шылым тартып көрмеген. Бірақ күйеуі ұзақ жылдар бойы шылым шегетін болса, үнемі қасында жүретін әйелінде өкпенің қатерлі ісігімен ауру қаупі жоғарылайды. Сондықтан шылым шегу арқылы өзіңізге ғана емес, жақын­дарыңызға да қатер төн­діретініңізді ұмытпаңыз», – дейді дәрігер.

Маманның тағы бір кеңесі – сала­матты өмір салтын ұстану: дұрыс тамақ­тану, алкогольді мүлдем ішпеу немесе азайту, фаст-фуд тағамдарын сирек қолдану, спорт­пен айналысу, созылмалы ауру­ларыңыз болса уақытылы емдік ша­ралар қолдану. Ұзақ жылдар бойы дұрыс емдел­меген асқазан ойық жарасы кейін­нен қатерлі ісікке алып келуі ықтимал.

Кейбір онкологиялық аурулар гене­ти­ка­­лық факторлармен байланысты. Мы­са­лы, анасы сүт безінің қатерлі ісігі­мен ауы­­ра­тын болса, қыздары осы ауру бо­йын­ша қауіп тобына кіреді. Мұндай жағдайда міндетті түрде жылына 1-2 рет маммологқа қаралып тұруыңыз тиіс. Егер отбасында ішектің қатерлі ісігімен ауы­ратын науқас болса, жасына қарамай бір рет болсын колоноскопия өту маңызды. Ішектің бір бөлігінде полип анықталса, оны дер кезін­де алып тастау керек. Тоқ ішек полиптері қатерлі ісікке айналуы әбден мүмкін. 

Скрининг бағдарламаларын уақыты­лы өтіп тұру да сіздің сау болуыңызға кө­мек­­тесе алады. Егер сізді түрлі шағым­дар ма­за­ласа бірден дәрігерге жүгініңіз. Ештеңе мазаламаған күннің өзінде жылына бір рет қан анализі, биохимиялық көрсеткіштер, өкпе рентгені, іш қуы­сының ультра­дыбысты зерттеуі, әйел адам­дар – мам­молог, гинекологтың, ер адам­дар уролог­тың консультациясын алып тұрғаны дұ­рыс. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы