Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Ақтөбелік азамат шетелден заңсыз жұмыс күшін тарту мақсатында шенеунікке пара берген
1,194
оқылды

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шетел азаматтарының Қазақстан аумағындағы заңсыз көші-қон арналарын анықтау және жолын кесу жөніндегі іс-шаралары жалғасып жатыр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы 9 қыркүйекте Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің жедел уәкілдері заңсыз көші-қон арнасының жұмыс істеуіне жалпы «қамқорлық» жасауы үшін лауазымды тұлғаға пара берді деген күдікпен Қазақстан азаматын ұстады.

Алдын ала мәліметтер бойынша,  бұл арна шетелдік жұмысшыларды республикадағы еңбек қызметіне тиісті рұқсатсыз тарту үшін пайдаланылған.

Пара нысаны ретінде 400 мың теңге сомасында ақшалай қаражат алынды.

Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі ("Айтарлықтай мөлшерде жасалған пара беру") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды.