Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды.
«AMANAT» партиясы балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуде
687
оқылды

«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Парламент Мәжілісінде партия фракциясының жиналысын өткізді. Отырыста еліміздегі отбасы, ана мен бала құқығын қорғаудың қазіргі жағдайы талқыланды. Сондай-ақ фракция жұртшылықпен бірлесіп әзірлеген балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды.

Жиынды ашқан Ерлан Қошанов жас ұрпақтың балалық шағының барынша қауіпсіз әрі бақытты болуына жағдай жасау – Мемлекет басшысы саясатының және «AMANAT» партиясы басымдығының бірі екенін атап өтті. Инклюзивті білім беру жолға қойылып келеді, «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр, барлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілді, балаларға арналған әлеуметтік төлемдер ұлғаюда. Келер жылдан бастап бұған дейін болмаған «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы іске қосылады.

«Балалардың толыққанды әрі бақытты балалық шағы үшін мемлекеттік деңгейде барлық жағдай жасалып жатыр. Дегенмен  әлі де шешімін күтіп отырған мәселелер бар. Солардың бірі – балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырды. «AMANAT» партиясы жұртшылықпен бірге осы заң жобасын дайындады», – деді партия Төрағасы.

Ерлан Қошанов бұған дейін партия әлеуметтік желілерде балаларды қорлаумен күресуге мүмкіндік беретін кибербуллингке қарсы заң шығару бастамасын көтергенін еске салды. Сондай-ақ балаларға психологиялық және өзге де көмек көрсету үшін партия жанынан «111» сенім телефоны ұйымдастырылды. Бүгінге дейін «АМАNАТ – 111 жедел қызметін» 47 мыңнан астам адам пайдаланды. Бұл жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру үшін осы жобаны Үкіметке беру ұйғарылды. 

Жиын барысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл,  «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің жетекшісі Динара Зәкиева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасын таныстырды. Құжатта зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасын енгізу, балалар инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс үшін жазаны қатаңдату, озбырлық жасаған адамға психологиялық көмек көрсету курсын енгізу бойынша нормалар әзірленді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қатыгездікке, физикалық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар үшін тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді.

Жаңа заң жобасында ұсынылған өзгерістердің өзектілігі мен маңыздылығын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өтті. Іс-шара барысында «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, «Балалар қорғауында» қорының директоры Жанар Ахметова, Түркістан облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Гүлжан Вероцкая, «Қорғау-Астана» ҚБ басшысы Анна Рыль және жиынға қатысқан өзге де тұлғалар заң жобасын қолдап, пікір білдірді.

Фракция отырысын қорытындылай келе, партия Төрағасы Ерлан Қошанов заң жобасын жұртшылықпен және мүдделі мемлекеттік құрылымдармен кеңінен талқылануының, құжатты тезірек қабылдаудың аса маңызды екенін атап өтті. Жаңа заң жобасы елімізде балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықпен күресудің мемлекет үшін жаңа тиімді құралы болуы керек.