Еділ Жаңбыршин өткен жылыту маусымы еліміздегі инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту керектігін, сондай-ақ жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу қажеттігін көрсеткенін атап өтті.
Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды
758
оқылды

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен өткен комитеттің тақырыптық отырысында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Еділ Жаңбыршин өткен жылыту маусымы еліміздегі инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту керектігін, сондай-ақ жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу қажеттігін көрсеткенін атап өтті.   

– 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Жолдауында электр энергетикасы секторы басым бағыттардың бірі болды және Үкіметке елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді, – деді Е.Жаңбыршин.  

Осы мәселе бойынша жағдайды Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов баяндады. Оның айтуынша, бүгінде тұтынушылардың электр энергиясына деген сұранысы электр желілерінің қуаттылығы аясында толық көлемде қанағаттандырылуда. Қазір генерацияның белгіленген қуаты 25,8 ГВт, қолда бар қуаты 19,2 ГВт құрайды.

– Өздеріңіз білетіндей, биыл 1 шілдеден бастап электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сату моделі іске қосылды, басқаша айтқанда, электр энергиясын бірыңғай сатып алушы жарияланды. Жұмыстың бірінші айында Бірыңғай сатып алушы бәсекелестік жағдайлардың оң нәтижесін көрсетті. Бұл ретте ең жоғары жүктеме сағаттарында, тіпті нақты жоспарлау кезінде де, отандық энергия көздері есебінен елдің электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен жабу мүмкін емес. Электр стансаларынан электр энергиясының көлемі жеткіліксіз болған жағдайда, бірыңғай сатып алушы оны іргелес энергия жүйелерінен сатып алады. Сонымен қатар электр энергиясын жоспарлы импорттау мүмкіндігі еліміздің ірі электр стансаларына күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік берді, – деді Ж.Нұрмағанбетов.

Сондай-ақ ол энергия өндіруші ұйымдармен жұмыс істеп тұрған электр стансаларын жаңғыртуға және кеңейтуге 1 700 МВт-тан астам жиынтық қуаты бар 13 инвестициялық келісім жасалғанын айтты. 2030 жылға қарай 14 ГВт-тан астам қуаттарды және желілерді күшейту бойынша тиісті инфрақұрылымды іске қосу көзделген.

ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасы Сұңғат Есімхановтың айтуынша, 2023 жылы электр стансаларында 10 энергоблокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Ал 4 энергоблокты, 23 қазандық пен 20 турбинаға әртүрлі кезеңде жөндеу жұмыстары жасалмақ. Тәуекел аймағына Риддер, Теміртау, Екібастұз, Шахтинск және басқа қалалардағы жылу электр стансалары кіреді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 25 мың шақырымнан асатын электр беру желілері, 570-ке жуық қосалқы стансалар мен 3,5 мың тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы стансалар күрделі жөндеуді күтіп тұр.

Сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Руслан Тұрғамбаев пен «KEGOC» Қазақстан электр желілерін басқару компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанова кездесу тақырыбы бойынша баяндама жасады.

Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар тақырыпқа қатысты сұрақтарын қойды. Отырыс нәтижесі бойынша әзірленген ұсыныстарды орындау Энегетика министрлігіне жүктелді. Оны Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті өзі бақылауына алды.

– Аса маңызды мәселе Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған орай стратегия жасақтауымыз қажет. Бұл құжатта өңірлерде салынатын энергетикалық нысандар, өндіріс күштері, жоғары кернеулі электр желілері мен қосалқы стансалар, отын ресурстарының орналасуы мен жеткізілуі, өңірлердің демографиялық ахуалы мен адами ресурстарының әлеуеті, тартылатын инвестиция мен тариф сияқты мәліметтер ескерілуі тиіс. Сондықтан отын-энергетикалық және өндірістік-территориялық кешендер интеграцияланған көрсеткіштері нақтыланған, Стратегияны дайындау үшін Энергетика министрлігі Мәжіліспен бірлесіп жұмыс тобын құру қажет. Бұл жұмысқа сала мамандары мен ғалымдарды қосқан жөн, – деп қорытындылады Е.Жаңбыршин.