Бас есепші баласын емдету үшін бюджеттен 24 миллион теңге жымқырған

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында балабақшаның бас есепшісі мүгедек баласын емдету үшін бюджет қаржысын жымқырған. Бұл туралы Aikyn.kz сайты AstanaTV-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Есепші әйел 2 жыл ішінде 24 миллионнан астам теңгені өзінің жеке есепшоттарына аударған. Бас есепшінің қызы І топтағы мүгеддек, туабітті аутизмге шалдыққан. 

Әйел кінәсін мойындап, жымқырған ақшаны баласының емі мен бұрын алынған қарыз, несиелерін жабуға жұмсағанын айтқан. Күдікті 6 жылға сотталды. Жазасын баласы 11 жасқа толған соң өтейді. Мұнымен қоса ол 24 миллион теңгені мемлекетке қайтаруы тиіс.

«Тергеу барысында бас есепші 2021-2022 жылдар аралығында бюджет қаржысын жалақы және еңбек демалысының ақысы ретінде негізсіз өзінің карталары мен есепшоттарына аударып отырған. Қарағанды облысының Қарқаралы аудандық сотының шешімімен бас есепші кінәлі деп танылып, 6 жылға сотталды. Жазасын ол ҚК-тің 74-інші бабына сәйкес 5 жылдан кейін өтейді», – деді Облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер бойынша жедел уәкілі Зарина Құсманова.

Бұған дейін Алматы облысындағы балабақшада 3 жасар бала кәріз құдығына батып кеткенін хабарлаған болатынбыз.