Президенттің бизнеспен дәстүрлі кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев елдің экономикалық дамуына қажет жаңа тәсілдерге назар аударды. Салық салу мәселелері де көтерілді.
«Бизнес су секілді, дұрыс арнаға салсаң, ағысын өзі реттеп алады» – Тимур Жаркенов
966
оқылды

Мемлекет басшысы бүгінде еліміздегі барлық салықтың 80%-ын небәрі 2 260-қа жуық компания төлейтінін атап өтті. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов кәсіпкерлерге «сұр» аймақта жұмыс істеу неліктен оңайырақ екенін және онымен қалай күресуге болатынын айтты.

Тимур Жаркеновтың айтуынша, алдымен түсінікті болатын алгоритмді әзірлеп, барлық салыққа әкімшіліктендіру механизмін оңайлату керек.

«Салық салудың сервистік моделі болуы керек. Ол туралы Мемлекет басшысы Жолдауында айтты. Сервис моделіне қатысты ұсыныстарымызды Мемлекеттік кірістер комитеті, Қаржы министрлігі және Ұлттық экономика министрлігіне жібердік. Мемлекеттік органдар бізді қолдайды деп үміттенемін», – деді Тимур Жаркенов.

Ұлттық палата өкілдері шағын бизнес өкілдері үшін қосымша құн салығы бойынша шекті көтеруді ұсынды.

«Бизнес өркендеуі үшін оны ынталандыру керек. Оған кедергі келтірмеу керек. Бизнес су секілді, дұрыс арнаға салсаң, ағысын өзі реттеп алады. Бүгінде ҚҚС бизнеске үлкен кедергіге айналды. Егер біз шағын бизнестің ҚҚС шегін орта бизнес шегіне дейін, яғни 2 млрд-тан 9 млрд теңгеге дейін арттырсақ, кедергі жойылады деп сенеміз. Орта бизнес бөлшектенбейді, ал шағын бизнес орта бизнес болуға ұмтылады. Осылайша жетілген бизнес мемлекеттің қолдауында болады, ал шағын бизнес салық органдары тарапынан қысым көрмей еркін дамиды», – деді спикер.

Тимур Жаркенов қазіргі кезде ҚҚС қайтару мәселесі де өзекті екенін атап өтті. Бұл мәселені бизнестің пікірін ескере отырып, мүмкіндігінше тезірек шешу керек.

Сонымен қатар, спикер бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендету туралы шешім орталық деңгейде қабылдануы керек деп санайды. Өйткені қазір бұл процесте бюрократия басым.

Еске салсақ, Мемлекет басшысының жыл сайынғы бизнес өкілдерімен кездесуі өтті. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев барлық даулы жағдай салық төлеушінің пайдасына шешілеуі үшін рәсімдерді түбегейлі жеңілдетіп, тұжырымдамалардың екіұштылығын жоюды тапсырды.