Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың басшылығымен «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасын» жүзеге асыру барысын және «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бақылау мақсатында «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесін құру жөнінде кеңес өтті.
Үкіметте «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өтті
738
оқылды

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова барлық өңірде «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесін құруды тапсырды. Оған агроөнеркәсіптік кешен немесе экономика салаларына жетекшілік ететін облыс әкімдерінің орынбасарлары басшылық жасайды.

«Облыстық жобалау кеңсесіне өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасының жұмысын үйлестіруді, даму бағытын белгілеуді, сондай-ақ скрининг нәтижелеріне және өңірдегі ауылдық округтердің бейіміне қарай 2024 жылға арналған несиелеу көлемін айқындауды бекіту керек. Сондай-ақ, мәслихат депутаттарының, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, «AMANAT» партиясы өңірлік кеңестері мүшелерінің және сарапшылардың ауылдық округтерге шығу кестесін әзірлей отырып, ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысын ұйымдастыру қажет», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Осындай жобалық кеңселер еліміздің әрбір ауданында және ауылдық округінде ашылады. Жеңілдікпен берілген несиенің өз мақсатында жұмсалуын қадағалау, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының жүйелі жүзеге асырылуына жалпы мониторинг жүргізу үшін бірыңғай цифрлық платформа құрылады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша ауқымды «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 1 трлн теңге, оның ішінде биыл 100 млрд теңге бөлінеді.

Биылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша, 29 млрд теңге сомасына 5,3 мың микрокредит беріліп, соның есебінен 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев өндірілетін ет және сүт өнімдері көлемінің дерегін салыстыру үшін ауылдық округтерде сауалнама жүргізу қажет екенін атап өтті. Бұған қоса, қымбатшылықты ескере отырып, аграрлық техниканы сатып алуға да қаражат қарастыру қажет.