«AMANAT» партиясының белсендісі, Сырдария аудандық мәслихатындағы депутаттық фракция мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы Тереңөзек кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы балалар ойын алаңын жөндеп берді. Демеушілік есебінде атқарылған игілікті іске тұрғындар мен балалар өз ризашылығын білдірді.
Фракция мүшесі ойын алаңын жөндеп берді
1,082
оқылды

Жалпы аудан орталығындағы А.Иманов пен Жеңістің 50 жылдығы көшесіндегі тұрғын үйлерге жақын орналасқан балалар ойын алаңы он жыл бұрын пайдалануға беріліп, ескірген болатын. Соған орай «AMANAT» партиясының белсендісі, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты Ақтөре Ибрагимұлы алаңды сырлап, тегістеп, демалатын орындардың шатырын алмастырып, жаңа әткеншектер орнатуға қолдау көрсетті. Нәтижесінде балалар ойын алаңы жаңа кейіпке еніп, кент көркін айшықтала түсті.

– Өзіміз туып-өскен Тереңөзек кентінің гүлденуіне үлес қосу – азаматтық парызымыз. Қолдан келгенше бұл бағытта жақсы істерге атсалыса береміз. Балалар алаңын жөндеу арқылы ізімізден ерген іні-қарындастарымызға қуаныш сыйлағымыз келді. Олардың шат күлкісі, бейбіт күнде алаңсыз ойнауы, бос уақыттарын жақсы істерге арнауы – ертеңгі күнге сенім ұялатады. Лайым, ауданымыз дами берсін, – дейді Ақтөре Ибрагимұлы.

Өз кезегінде көше тұрғындары да ойын алаңын жөндеп берген азаматқа алғыстарын білдірді.

– Ойын алаңы жаңарып, адамдар отыратын орынның шатыры ауысып, әткеншектер де қойылып, бәріміз зор қуанышқа кенелдік. Бұған дейін де жақсы істердің жаршысы болып жүрген партия белсендісіне айтар алғысымыз шексіз. Жұмысы жемісті болсын, ел алғысын арқалай беруіне тілектеспіз, – дейді көше тұрғыны Гүлмира Төлебаева.

Айта кету керек, Сыр өңірінде жанашыр азаматтардың қолдауымен көптеген ізгілікті істер атқарылуда. Оған партия белсенділері мен жергілікті мәслихаттардағы «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттар белсене атсалысуда.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ