Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақ­тыланды.
«Ұлттық қор – балаларға» заң жобасы қаралады
640
оқылды

Жалпы отырыста депутаттарға түркі мемле­кеттері құрған алғашқы және негізгі бірлескен қаржы ин­сти­туты – Түркі инвестициялық қо­рын құру туралы келісімді рати­фикациялау туралы заң жобасын талқылау ұсынылады. Онда кәсіп­кер­лікке қол ұшын беру, шағын және орта бизнесті қаржыландыру, сондай-ақ жұмыс орындарының өсуі мен құрылуына жәрдем­десуге басымдық берілген.

Сонымен қатар депутаттар Қазақстан мен Қы­тай үкіметтері арасындағы екі ел азамат­тары­на қатысты ақпарат алмасу туралы келісім­ді ратификациялау туралы заң жобасын қарай­ды. Келісім көші-қон саласындағы ақпарат алмасу, қос азаматтыққа қарсы кү­рес жүргізу үшін ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдайлар жасайды.

Алдағы жалпы отырыста Ұлттық қордан бала­ларға төлем жасау  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралады. Бұл Мем­ле­кет басшысының «Ұлт­тық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу мақсатымен Парламент депутат­тарының бастамасы негізінде әзірленіп, 2023 жылғы 23 мамырда Мәжіліске енгізілді. Негізгі мақсат – балалардың 18 жасқа толғанға дейін нысаналы жинақтаушы шот­тарында ақшалай жинақ түрінде сақтап, тұрғын үй жағдайын жақ­сар­туға немесе білім алуға мүмкіндік беру. 

Сондай-ақ бюро отырысында VIII сай­лан­ған Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мә­жі­лісі жанындағы Қоғамдық палатаның құ­ра­мына жаңа мүшелерді қосу туралы мәселе қаралды.