Дария бойын жағалай қоныс­танған Сыр өңірі жұртшылығының ежелгі атакәсібі күрішпен қоса балық шаруашылығы саналады.
Су маржаны сиреп барады
1,150
оқылды

Дей­тұрғанмен, жергілікті халық соң­ғы кездері су маржанына сусап отыр. Әсіресе, балықшылар теңіз бен көлде балық қоры тапшы еке­нін айтады.

Өңірде балық өсіру тәлімбақтары жұмыс істейді. Кезең-кезеңімен ба­лық шаруашылығын дамыту жұмыс­тары тиісті орындар тарапынан жос­парға сай жүргізіліп жатқаны ай­­­­­­­­ты­­лады. Алайда халық аулайтын балық таппай сенделіп жүр. Әсіресе, айдынды Арал өңірінің жұртшылығы атакәсіптен қол үзіп қалғанына ашы­нып отыр. 

Былтыр дәл осы өңірге қарасты Бө­ген ауылы Қарашалаң су айды­нында балық шабақтарының жаппай қырылу оқиғасы тіркелгені ел есінде. Сол кезде Сағымбай каналында 1 тоннаға жуық балық қырылып қал­ған. Бұл келеңсіздікті тексерген су мамандары балықтардың жаппай қырылуы оттегі жетіспеушілігінен болғанын алға тартқан еді.

Жуырда ел арасында күріштік алқаптарда су тартылып, қайраңда қал­ған балықтардың жаппай қыры­латыны жайында ақпарат тарады. Шаруа қожалықтары күріш алқабында қалған балық шабақтарын жинап, су айдындарына жіберуі қажет. Алайда бұл талап орындалмай, есесіне жыл сайын мұндай келеңсіздік жиі көрініс тауып отыр. Соның салдарынан онда­ған тонна балық шабақтары оқшау­­ланған суларда қалып, текке қы­рылуда. Осыған тиісті шара көріліп, жауапты орындар тарапынан ба­лық шабақтарын құтқару жұмыстары жүйе­лі жүргізілсе деген талап-ті­лек­терін жеткізген еді.

Құзырлы орындар тарапынан да өңірде мұндай келеңсіздіктің орын алатынын жоққа шығармады. Соған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп жат­қанын алға тартты. 

– Жыл сайын Қызылорда облы­сының әкімдігімен балық шабақ­тарының жаппай қырылуының алдын алуға бағытталған жұмыс­тардың іс-шаралары арнайы әзірленіп, бекіті­леді. Мұндай жұмыстар биыл да жал­ғасын тауып отыр. Бұл іс-шара Қы­­зыл­орда қаласы мен аудан әкім­діктері, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Қазсушар» шаруа­шы­лық жүргізу құқығындағы кәсіп­орын­ның Қызылорда филиалы және Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мекемелерінің ұйымдастыруымен жүргізіледі. Оған қоса табиғатқа жан­ашыр ерікті азаматтар мен балық шаруашылығы саласындағы табиғат пайдаланушыларда шараға қатысып келеді. Өткен жылдың өзінде 8 млн данадан астам балық шабақтары құтқарылып, Сырдария өзені мен күріштік алқаптарға жақын орналас­қан балық шаруашылығына маңызы бар су айдындарына жіберілді», – деп түсіндірді Арал-Сырдария облыс­аралық бассейндік балық шаруашы­лығы инспекциясы басшысының орын­басары Жанқожа Сапаров.

Мәліметке сәйкес, Қызылорда облысында Кіші Арал теңізі мен Сыр­дария өзені, балық шаруашы­лығында маңызды рөл атқаратын 207 көл бар. Соның ішінде 180-нің үстінде көл табиғат пайдаланушыларға 5-10 жыл­ға берілген. Ал қалған бөлігі резервтік қорға алынған.

Жалпы Сыр өңірінің теңізі мен өзен, көлдерінде балықтың 22 түрі мекендейді деген ақпар бар. Соның 18 түрін ғана аулауға рұқсат беріліпті. Дейтұрғанмен, су айдындарындағы осындай көлемдегі балық қорының өзі көбеймей тұр. Бұл бірінші кезекте тіршілік нәрінің тапшылығына байланысты орын алып отырғаны жасырын емес. 

– Су айдындарындағы балық қо­рының тапшылығы су мөлшерінің аздығына байланысты болып тұр. Соның салдарынан оның табиғи жол­мен көбеюіне кедергі көп. Су ай­дындарындағы балық қорын қорғау бағытында тиісті жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Биылғы жылғы жоспарға сәйкес 7 млн данадан астам балық шабақтарын құтқару қажет. Соның негізінде Қызылорда қаласы мен бар­лық аудан аумағында тиісті жұмыс­тар жүргізіледі. Мәселен, ағымдағы жыл­дың тамыз айынан бастап қазан айы­ның соңына дейінгі уақыт ара­лығы күріштік алқаптарда қалған балық шабақтарын құтқару айлығы деп жарияланған. Осы уақыттар ара­лы­ғында жоғарыда аталған меке­мелердің қызметкерлері іс-шараға сәйкес тұ­рақ­ты жұмыстар жүргізеді, – дейді балық шаруа­шылығы инс­пекциясы.

Инспекцияның мәлімдеуінше, биылға арналған іс-жоспар бойынша тиісті мекемелерге тапсырмалар жүк­телген. Соның негізінде табиғат пай­даланушыларды балық шабақта­рын құтқару жұмыстарына жұмыл­дыру, құт­қарылған шабақтармен су айдын­дары мен учаскелеріне шабақтандыру жұмыстарын жүргізу, облыс аумағын­дағы су жүйелерінде қалған балық шабақтарын құтқару жұмыстарын ұйымдастыру көзделген. Сондай-ақ күріштік алқаптарда қалған балық шабақтарын құтқару шараларын ұйым­дастыру және құтқарылған ша­бақтарды резервтік қордағы балық шаруа­шылығына маңызы бар су ай­дындары мен учаскелеріне жіберу қарастырылған. Қазіргі таңда осындай жұмыс­тардың нәтижесінде 1 млн-ға жуық ба­лық шабағы құтқарылғанын мәлім­деді. Ал күріштік алқаптар мен су жүйе­лері бойынша қалған балық шабақтарын құтқару жұмыстары об­лыстың әр өңірінде жүргізілетінін алға тартып отыр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы